Жалпы аумағы 16 гектар жерді алатын көпсалалы ауруханада диагностикалық кеңес көрсетуден бастап нейрохирургия, урология, жарақат, қатерлі ісік аурулары сынды медициналық көмек көрсететін бөлімдер жұмыс істейтін болады. Заманауи медициналық құрал - жабдықтармен толық қамтылатын жобаны 2022 жылы аяқтау көзделіп отыр. Аурухананың капсуласын салуға Түркістанға жұмыс сапарымен келген Премьер–Министр Асқар Мамин, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысты.
Сондай-ақ министр Е.Біртанов Кентау қаласындағы орталық аурухананың жұмысымен танысып, дәрігерлермен жиналыс өткізді. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев өңірдегі медицина мекемелерінің бүгінгі жағдайынан қысқаша мәлімет берді. Ал Кентаудағы көпсалалы аурухана қазіргі таңда 170 мыңға жуық халыққа қызмет көрсетуде. 316 төсек-орынға есептелген. Мамандандырылған және жалпы тәжірибелік дәрігерлер құрамы бар. Аурухана ұжымымен кездесу барысында мекеменің 100 пайыз цифрландыру жүйесімен қамтамасыз етілгені атап көрсетілді. Биылдан бастап инсульт бөлімшесі толыққанды жұмыс істеуде. Компьютерлік томографиямен қамтылған. Жақын орналасқан Созақ және Отырар аудандарының тұрғындары да осы бөлімнен медициналық көмек алуда. Лабораториялық диагностика толық автоматты жүйеге көшкен. Министр жиын соңында аурухана қызметіне оң бағасын берді.