Жетісу жерінің астықты алқабы болып саналатын Күреңбел өңірінде биыл да аймақтағы алтын орақ алдымен басталды. Осынау жауапты кезеңге Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков арнайы барып, Кербұлақ ауданының әкімі Бағдат Әлиев бастаған дихандармен жүздесті.
Егін басында маржандай тізілген жеті комбайн даланың сары алтынын төгіп-шашпай оруда. Бес күннің ішінде алты жүз гектарға жуық астық орылды. Мұхамет Нұрелов төрағалық ететін «Қарашоқы» өндірістік кооперативінде ауданның алпыс азаматы жыл он екі ай жұмыспен қамтамасыз етілсе, егін ору науқаны барысында жұмысшылар саны жүзге жуықтайды. Негізінен бидайдың «Одесская-120» тұқымын өндіруге бағытталған кооперативтің 8 мың гектар аудармалы жері бар. Биыл 3,5 мың гектар жерге егін егілсе, 3 мың гектарлық алқап тынықтырылуда. Асыл тұқымды бидаймен қатар, 1,5 гектарға арпа егілді. Кооператив төрағасы биылғы ауа райының қолайлы болғандығын айтып, бүгінгі таңда әр гектардан жиырма центнер өнім алып жатқандығын жеткізді. Жауын-шашын болмаса, егін алқабын тамыздың онына дейін орып алу жоспарлануда.
«Жалпы, биылғы ауа райы ауыл шаруашылығы саласы үшін қолайлы болды. Сондықтан алдыңғы жылмен салыстырғанда мол өнім аламыз деген сенімдеміз. Облыс бойынша 470 мың гектар жерге дәнді дақыл егілді. Жақында ғана барлық аудандардың қатысуымен азықтық баланс жасалды. Биыл 1,1 млн. тонна төңірегінде астық болады деп күтіп отырмыз. Бұл межеге жету үшін қазіргі кезде барлық жағдай бар. Аудандарда егін оруға қатысатын техника жүз пайыз жөндеуден өтіп, жұмыс істеуде. Астық сақтайтын қоймалар дезинфекцияланып, таразылар да сақадай-сай. Бүгінгі күні 40 мың гектар жердің астығы орылды. Биылғы өнім орташа есеппен әр гектардан 23,5 центнер болады деген болжам бар. Алматы облысының ішкі сұранысын қамтамасыз ету үшін 400 мың тонна бидай жеткілікті болғанымен, жергілікті дақылдың ерекшелігіне байланысты, қосымша жүз мың тоннадай бидай солтүстіктің қатты дәнді тұқымынан алынады», деді Тынышбай Досымбекұлы.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.