Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2019

Алматы хайуанаттар бағында Алькор есімді ақ аю 30-ға толды

755 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы хайуанаттар бағы жан-жануарлар мекені ғана емес, балаларға табиғатты аялауға, жануарлар әлемін тануға мүмкіндік беретін танымдық орталық деуге негіз бар.

Алматы хайуанаттар бағында Алькор есімді ақ аю 30-ға толды

Жан-жануарларды үй және жабайы жануарлар деп қарастыратын болсақ, Алматы зообағында жануарлардың екі түріне де қамқорлық жасалады. Мұнда жануарлар әлемін тануға, осы зообақты тұрақты мекендеушілерді зерттейтін ғалымдар еңбек етеді. Олардың күнделікті тіршілігі мамандардың жіті бақылауында.

Алькор немесе Коля есімді ақ аю - осы хайуанаттар бағының байырғы мекендеушісі. Бүгінгі күні 30 жасқа толған ақ аю зообаққа келушілердің де қызығушылығын туғызып отыр. Аюдың жасы адам жасына шаққанда жүзді көрсетеді. Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, табиғат аясында ақ аюлар 20 жасқа дейін, ұрғашылары 25-30 жасқа дейін өмір сүреді. 1990 жылы Алматы зообағына әкелінген Алькор 1989 жылы Калининградтағы хайуанаттары бағында туған. Алькордың ұрғашы Кристинадан Умка есімді қонжық туылған. Умка қазір Чехия зообағында. Алькор ет, балық жегенді ұнатады. Балық майы, көкөніс пен жеміс-жидек те оның тұрақты азығы.

Бүгінде Алькор замануи вольерде тіршілік етуде. Алькор үшін әйнекпен қапталған, бассейні бар, көгалданған, тұрақты су ағып тұратын жағдай Меценат Сергей Спицын тарапынан жасалған болатын.

 

АЛМАТЫ