Тәуелсіздік алған жылдары Алматыда небәрі 13 қазақ мектебі болған. Соның бірі һәм бірегейі – осы Шоқан Уәлиханов атындағы мамандандырылған №12 гимназия. Елдің егемендік алуына септескен талай тұлғалар осы ғасырға жуық тарихы бар білім ошағынан түлеп ұшқан.
Егемендігімізді жариялаған уақытта Алматыда қазақ тілінде білім алатын 15 мыңға тарта оқушы болыпты. Соның 2000-ға жуығы осы жерде оқыған. Тіпті әліппені орысша бастап, 2-3 сыныпта қазақ мектебіне ауысқандар көп. Тәлімгерлердің көптігіне қарамастан, ұстаздар талай ұлы тұлғаларды тәрбиелеп шыққан.
«Өздеріңіз білесіздер, тәуелсіздік алғаш алған жылдары елімізде қандай жағдай болды. Қазіргі жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді. Содан бері білім саласы өте қарқынды дамыды деп айтуға болады. Қазіргі таңда оқушыларымыз көптеген жетістікке жетіп жатыр», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының бас маманы Бибігүл Қабисалықызы.
45 жыл ұстаздық қызмет етіп келе жатқан Әсия Шортан егемендік алғаннан кейін білім беру саласы күрт өзгергенін айтады.
«Тәуелсіздігімізді жариялағалы бері тура 28 жыл өтті. Осы уақыт аралығында білім саласында түрлі реформалар орын алды. Білім беру әдістері де өзгертілді. Ұстаздар жыл сайын тәжірибелерін арттырып тұрса, білім ошақтары соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталып жатыр. Ал, алматылық оқушылар, пәндік олимпиадалар мен халықаралық байқауларда топ жарып жүр», – деді Әсия Шортан
Осы күні Алматыда 205 мектеп бар. Оның 68-і қазақ тілінде. Мемлекеттік тілде білім алып жатқан оқушылардың саны 128 мыңнан асады. Бұл –Тәуелсіз ел тарихының бір ғана парасы.
АЛМАТЫ