Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2019

Қарағандыда Antikor Ortalygy мекемесі ашылды

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында облыс тұрғындарына мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін Antikor Ortalygy мекемесі ашылды.

Қарағандыда Antikor Ortalygy мекемесі ашылды

Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен өңір басшысы Жеңіс Қасымбек қатысты.

Аталған орталықтың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы аясында еліміз бойынша іске асырылған төртінші жоба екенін айта кеткен ләзім.

Алик Шпекбаев мұндай орталықтардың елдегі сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

– Мемлекеттік қызметтерді алғысы келетін азаматтар үшін жақсы жағдай жасалған. Бұл халық пен мемлекеттік қызметкерлер арасында ашық, әділ диалог орнатуға көмектеседі. Соңғы үш жылда Қазақстанда тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуі байқалады. Бұл цифрландыру, фронт-кеңселердің ашылуы және алдын алу шараларының арқасында жүзеге асады. Осының барлығы адамдардың санасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жеккөрушілік сезімін қалыптастыруға ықпалын тигізеді, – деді ол.

Жаңа орталық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті ғимаратының алдында орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында ресепшн, операциялық және күту залдары, кеңесшілерге арналған бөлмелер бар. Екінші қабатта баспасөз орталығы, қызметкерлердің жұмыс бөлмелері орналасқан және мұнда «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалау кеңсесі жұмыс істейді.

Сондай-ақ, бұл жерде азаматтарға заң кеңесі қызметі тегін көрсетіледі және тұрғындар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшыларының қабылдауына жазыла алады.

Antikor Ortalygy кеңсесі заманауи техника түрлерімен жабдықталған. Мұнда  мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де барлық қолайлы жағдай қарастырылған.

Жаңа нысанның ішін аралап, оның жұмысымен танысқаннан кейін  Алик Шпекбаев сол жерде азаматтарды қабылдап, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түріп, сұрақтарына толыққанды жауап берді.

 

Қарағанды облысы