Руханият • 08 Желтоқсан, 2019

«Желтоқсаншы» жеткіншек еске алынды

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылжар қаласында волейболдан Нұржан Қалиәскеровты еске алуға арналған кезекті жарыс өтті. Желтоқсан күндерінде алған жарақаттан қайтыс болған жеткіншекті еске алып, рухына құрмет көрсетілетін жарысты 1996 жылдан бері Н.Қалиәскеров атындағы «Желтоқсан» қоры өткізіп келеді.

«Желтоқсаншы» жеткіншек еске алынды

Бұл қорды құрып, жарысты ұйымдастыратын өзіміздің әріптесіміз, патриот ағамыз Өмір Есқали. Осы күні ол «Желтоқсан» оқиғасына қатысқан барлық азаматтарды, Нұржан Қалиәскеровтың туыстарын, облысқа белгілі қоғам және спорт қайраткерлерінің басын қосады.

Жиынға қатысушылардың бірі Бағдат Мұқанова: «Мен де ҚазМУ-дің тарих факультетінде оқып жүргенде сол оқиғаға қатысқан адаммын. Желтоқсаншыны еске алып, құрмет көрсетіліп жатқанына ризашылығымды білдіремін», деді.

Нұржан Қалиәскеров 1986 жылы Алматыдағы сәулет-құрылыс институтында оқып жүріп, Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Сол жерде ауыр дене жарақатын алып, соның салдарынан сырқатқа ұшырап, бірнеше жылдан кейін қайтыс болған. Артында бір ұлы қалды. 

Кешегі волейбол турниріне облыстың барлық аймақтарынан 13 команда қатысты. Жеңімпаз командаға облыстық ІІБ сыйлығы табыс етілді. «Желтоқсан қорының» атынан Ө.Есқали оқиғаға қатысушыларға сый-сияпаттар тарту етті. Соның ішінде өздеріне жазасын өтеуге келгенде «декабрист» деп желтоқсаншы Қ.Күзембаевқа дәрігерлік көмек көрсетпеген «адам жанының» арашасын жазалап, көмек көрсетуге міндеттеген сол кездегі колония бастығының орынбасары Еркебұлан Бектұровтың иығына шапан жапты. Бұл азаматтың адамгершілігі мен патриоттығы ересен екендігі көрініп тұр. «Сол ісім үшін маған көз алартқандар аз болған жоқ. Соның ішінде өзіміздің қазақтар да болды» дейді ол.

Сөйтіп, Желтоқсан құрбандары еліміздің терістігінде осылай еске алынды. Жарыстың соңынан олардың рухтарына құран бағышталып, ас берілді.     

ҚЫЗЫЛЖАР