Руханият • 08 Желтоқсан, 2019

Биыл Алматыдағы «Боралдай сақ қорғандары» кешеніне 46 мыңнан аса оқушы саяхаттады

910 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз тарихи қазына, рухани мұраға өте бай десек те, байырғы шаһар – Алматы өзінің табиғи климаттық жағдайының аса қолайлығына байланысты мыңдаған жыл бұрын да көшпелі халықтардың рухани және мәдени орталығы болғандығын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

Биыл Алматыдағы «Боралдай сақ қорғандары» кешеніне 46 мыңнан аса оқушы саяхаттады

Сақ дәуірінен біздің заманымызға дейін жеткен бірегей ескерткіш – Алматының солтүстік батысында, 430 гектар аумақта орналасқан «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі соның айқын көрінісі деп айтуға болады.

Бұл тарихи нысан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген. Киелі нысанды сақтау және кеңінен насихаттау мақсатында, біз «Сақ мәдениеті орталығын» салу бойынша жұмыстарды қолға алдық. Оның эскиздік жобасы және жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді. Орталықта ашық аспан астындағы музей, көпкешенді зал (концерттік және көрме техникасымен жабдықталған), конференция және мультимедиялық зал, кәдесый мен медиатека дүкені, археология музейі, заманауи құрылғылармен жабдықталған реставрациялық шеберхана және қаламыздың туристік тартымдылығын арттыратын тағы басқа да түрлі нысандар салу көзделген.

«Қазірдің өзінде археологиялық парк аумағында ерте сақ тайпасы үйлерінің макеті мен қолданған бұйымдарының көшірмелерін көруге болады. Жыл басынан бері тарихи нысанмен танысу және тамашалау экскурсиясына 46 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 14 мыңнан астам колледж студенті қатысты.

Қаламызда жыл сайын «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этникалық фестивалін өткізу игі дәстүрге айналған. Фестиваль ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүрлерді, түркі әлемінің спорт ойындарын насихаттауға және өскелең ұрпақтың ұлттық өнерге, тарих пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған», – дейді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев БАҚ өкілдеріне берген сұбатында.

Аталмыш фестивальгееліміздің өнерпаздарымен қоса, Венгрия, Моңғолия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Тыва, Дағыстан, Саха, Алтай, Қалмақиядан және т.б. түркі елдерінен келген өкілдер қатысады. Мұнда түркі елдерінің дәстүрлі ән мен күйін, салт-дәстүрін, жауынгерлік өнері мен ұлттық спортын тамашалап, ас мәзірінен дәм татқан көрермендер (олардың саны 30-40 мың адамға дейін жетеді) ерекше әсермен қайтады.

Сол сияқты, Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерінің бірегейі –Райымбек батыр кесенесі де киелі нысандар қатарында. Кесене келбетінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әкімдік тарапынан реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Алдағы уақытта Райымбек батыр кесенесінің туристік тартымдылығын арттыру үшін кесене аумағынан «Райымбек батыр музей-кешенін» (2 түнеу және намазхана салу) құру жоспарланған.

 

 

АЛМАТЫ