Қоғам • 09 Желтоқсан, 2019

«Олимптің» омақасуы – Заңсыз ойын ұйымдастырған букмекерлік кеңсенің жұмысы тоқтатылды

292 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандағы «Олимп» букмекерлік кеңсесі жұмысын тоқтатты. Аталған ұйым интернет арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Бұл факті ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті мен прокуратура органдарының бірлесіп, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастауға түрткі болды. Анықталғандай, компания көлеңкелі бизнестен түскен ақшаны ел аумағынан тыс жерлерге аударып отырған.

«Олимптің» омақасуы  – Заңсыз ойын ұйымдастырған букмекерлік кеңсенің жұмысы тоқтатылды

Көлеңкелі бизнесті қыздырған

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, бук­мекерлік кеңсе Қазақстан заңнамасының нормаларын бұзып, ғаламтордың кө­ме­гімен қызметін жасырын жүргізген көрінеді. Сәйкесінше, бұдан мемлекет қазынасына салық түспеген екен.

«ҰҚК Алматы қаласы бойынша депар­таменті прокуратура органдарымен бір­лесіп, «Олимп» букмекерлік кеңсесі әкімшілігінің заңсыз ойын бизне­сін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуге бастамашы болды. Тергеу деректері бойынша, компания Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама нормаларын бұза отырып, белгілі бір табыс табумен интернет-ресурс арқылы лицензияланбаған әрекетті жүзеге асырған. Тиісінше, осы салаға салық салынбаған. Қазақстан шегі­нен тыс ақшалай қаражатты заң­сыз шығару арналары анықталып, оқшау­ланды. Қаржы қылмыстары саласына жататын өзге де әрекеттер тіркелуде», делінген ҰҚК таратқан ресми ақпаратта.

 Букмекерлік кеңселерге тосқауыл қойылды

Фемида өкілдері «Олимп» БК сауда белгісімен кәсібін өрге домалатқан басқа да букмекерлік ұйымдардың қызметіне тосқауыл қойыпты.

«2019 жылғы 29 қарашада Алматы қаласының Мамандандырылған аудан­аралық әкімшілік соты «Олимп» БК сауда белгісімен «Only bet» ЖШС және «Alpha bet» ЖШС берілген лицензия қолданысын 6 ай мерзімге тоқтат-
ты.

Қазіргі уақытта «Олимп» БК заңсыз әрекетінің, сондай-ақ салық заңнамасын бұзудың нақты ауқымын анықтау бойынша тергеу іс-шаралары жүргізілуде», деп нақтылады ҰҚК.

Ізі суымай, «Олимп» басшылығы ресми сайтта мәлімдеме жасап үлгерді. Букмекерлік компанияның әкімшілігі лицензияны тоқтатуға қатысты соттың шешіміне келіспейтінін айтып, жақын арада шағымданатындарын алға тартты.

 Тартыстың соңы немен аяқталады?

Осы ретте бәс тігетін ұйымдар мен заң органдары арасындағы тартыстың өрбігеніне біраз болғанын айта кеткен орынды. Осыдан екі ай бұрын букмекерлік кеңсе басшылары «Құмар ойындар туралы» Заңға енгізілген түзетулермен келіспейтіндерін айтып, осыған байланысты өз ойларын білдіріп еді.

«2018 жылы бәс тігетін компаниялар шамамен 16,5 млрд теңге салық төледі. 2019 жылы бұл көрсеткіш шамамен 20 млрд теңгеге жетеді. Бір мезетте букмекерлік кеңсенің 5000-ға жуық қызметкері жұмыссыз қалады. Қиын әлеуметтік-экономикалық жағдайда бұл жұмыссыздықтың өсуіне әкеледі», деген болатын Алматыдағы «Тенниси» букмекерлік кеңсе директорының орынбасары Сергей Казаков.

Статистиканы сөйлетсек, былтыр заңсыз ойын бизнесіне қатысты 337 қылмыстық іс тіркелді. Бұл кезеңде заңды белшесінен басқан 6 ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. 20 жасырын және 74 электронды казино жойылды, 1 105 ойын автоматы мен терминал, 28 ойын үстелі (покер үстелі, рулетка), 1 132 процессор, 879 монитор, 511 теледидар, 88 кассалық аппарат, сол секілді 29 бейне тіркегіш тәркіленді. Қазақстанда заңсыз ойын мекемесін ашқаны, ұстағаны немесе олар үшін үй-жайды берумен қатар ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Құмар ойынның құрығына түскен жанды райынан қайтару оңай шаруа емес. Бұл жөнінде «Egemen Qazaqstan» басылымында сан мәрте қаузалды. Алайда, «Ауруын жасырған өледі» демекші, аталған саланы заңды тұрғыда реттеу күн тәртібіндегі мәселе. Өйткені, бір кеңсенің жұмысына тосқауыл қойылғанымен құмартқан адам екіншісіне бас сұғатыны күмәнсіз. Бұл әсіресе интернеттегі бәс тігетін ұйымдарға қатысты. Сол себепті букмекерлік кәсіп қоғамға ашық болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, шетелдік сайттарда бәс тігетін отандастарымыздың саны арта түседі деген де уәж бар.