Руханият • 09 Желтоқсан, 2019

Сайрайды бұлбұл...

808 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана кеші бүгін тіпті ерекше құлпырып кеткендей. Көше бойына қаздай тізіле бой түзген самаладай жарқыраған түнгі қала шамдары да шаһар көркіне көрік үстеп, айрықша сыршылдық сыйлап тұр. Арқаның аязына қарамастан, шоқ-шоқ гүлін қолтықтай «Астана Опера» театрына қарай ағылған жұрттың қарасында шек жоқ. Иә, бүгін айтулы күн, тарихи сәт. Опера сахнасының аңызға айналған тұлғасы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова 90 жылдық мерейтойын атап өтеді мұнда.

Сайрайды бұлбұл...

Қазақтың бұлбұлы атан­ған аңыз әншінің айтулы ке­шінде өнерді шын түсінетін талғампаз қауым бас қосты. Сәні мен салтанаты жарасқан опера театрының кең фойесі му­зыкаға іңкәр көңілдердің жарқын эмоциясымен тіпті жарқырап кеткендей. Әсіресе сарай төріне қойылған әншінің шығармашылық өмірінен сыр шертетін фотокөрме тұтас бір дә­уірдің тынысын паш етіп тұр. Өткен ғасырдың музы­ка­лық дәстүрі мен бүгінгі клас­сикалық қазақ ән өнерінің алтын көпіріне айналған аңыз әншінің қайталанбас өнері жастың да, жасамыстың да көңілін ерекше толқытып, тамаша кештің куәсі болуға асық­тыра берген. Салтанатты шараны Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құ­­лова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­­­­тық­тау хатымен ашып бер­ді.

«Құрметті Бибігүл Ахмет­қызы, сізді торқалы 90 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз қазақ өнерінің асқар шы­ңына көтеріліп, ұлттық мә­дениеттің дамуына зор ең­бек сіңірдіңіз. Өзіңіздің та­биғи дарыныңызбен, әсем дауысыңызбен еліміздің бұл­бұл әншісіне айналдыңыз. Өнердегі жолыңыз еліміздегі орындаушылық мектептің өр­кендеуіне жол ашып, кейінгі жас өнерпаздарға темір­қа­зық­­тай жол сілтеп келеді. Олар сізге қарап бой түзейді, сізге еліктейді. Халқымыз өзі­­ңізді үлкен өнер иесі ғана емес, танымал қайраткер тұл­ға ретінде де жақсы біледі жә­не құрметтейді. Қазақ мәде­ниетінің кең қанат жайып, көкжиегінің кеңеюіне сіздің қосқан үлесіңіз орасан зор деп білемін. Халықтың махаббаты мен қошеметіне бөленіп жүре беріңіз», делінген құттықтау хатта.

Мерейлі кештің шымыл­дығы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» опе­­расындағы «Тойбастар» кө­рінісімен түрілді. Театр әр­­­тістерінің орындауындағы та­маша хор-шашу зиялы му­зыка тойының шырайын аша түс­кендей. «Астана Опе­ра­ның» үлкен за­лына ине шан­шар орын қалдырмай лық толған тал­ғампаз тыңдарманның қо­шеметіне бөленген мерей­той иесі сахна төріне көте­рі­ліп, қайталанбас үнімен Қыз Жібектің «Гәккуін» құй­қы­лжытты. Бұлбұл әнші­нің орындауындағы Ғ.То­қай сө­­зіне жазылған татар­дың «Тафтиляу» мен Н.Лы­сен­коның «Наталка-Полтавка» опе­расындағы Наталканың ария­сын да көрермен зор ықы­ласпен қарсы алып, тік тұрып қошемет көрсетті.

Иә, ғаламат концертке жи­налған қалың көрермен үшін ғана емес, қазақтың бұл­­­бұлымен бір сахнада өнер көрсету жас өнерпаздар үшін де, тәжірибелі өнер май­­­­тал­мандары үшін де зор мәртебе екені сөзсіз. Мере­ке­лік кешті одан әрі ұстазын құт­тықтай келген опера өне­­рінің бір топ талантты шо­­ғы­­ры жалғап әкетті. Ме­рей­­­лі музыка кешінде Дина Хам­зина, Жаннат Бақтай, Ме­­дет Шотабаев, Азамат Жыл­­­­тыргөзов бастаған опера өне­­рінің шеберлерімен қатар, Ита­­лиядан арнайы келген ән­ші, Бибігүл Төлегенова атын­дағы байқаудың Гран-при иегері Козимо Оресте, сондай-ақ дарынды жас әртістер – На­зым Сағынтай, Гүлжанат Са­пақова, Мейір Байнеш, Гүл­дана Алдадосова және та­ғы да басқа әншілер тамаша өнерін тарту етті. Әсіресе ита­лиялық әнші Козимо Орес­тенің орын­дауындағы Абай­дың «Мен көрдім ұзын қайың құ­лаға­нын» әні талғампаз тың­­дар­ман­ды тәнті еткені сөзсіз. Клас­­сикалық музыка ке­шінің со­ңынан сөз алған ме­рей­той иесі халық алдына шы­ғып бас иіп, 60 жылдан аса қоше­ме­ті­мен еркелетіп келе жатқан бар­ша тыңдарманына алғысын жеткізді.

– Халқымның ыстық махаббаты мен шексіз қошеметін шығармашылығыма, өнеріме берілген үлкен баға деп білемін. Сондықтан мен талғампаз тың­дармандарымның алдында орасан зор жауапкершілікті сезінемін. Сахнаға әр шыққан сайын толқып тұрамын. Ен­деше бүгінгі концертті де сол аса мәртебелі тыңдарман­да­рымның алдындағы тағы бір тамаша есеп беруім деп қабыл аларсыздар. Бұл тек қана менің кешім емес, менімен бірге бір сахнада өнер көрсетіп, сырлас, сыйлас болған Роза Жаманова, Ермек Серкебаев бастаған бар­ша ән алыптарының рухына бағышталған тағылым кеші. Ардақты халқым, аяулы тыңдармандарым, менің сіздермен ғана өнерім үстем, мерейім биік. Барлығыңызға басымды иіп алғысымды біл­діремін. Құдай тағала біз­ге қайғы көрсетпесін, бей­біт өмі­ріміз бұзылмай, бар­лы­ғымыз аман болайық», деді Бибігүл Төлегенова.

Шымылдық жабылды. Жа­рық өшті. Бірақ құлақта қал­ған құйқылжыған бұлбұл үн жүрекке сіңіп, әлдеқашан кө­­ңіл түкпіріне орнығып ал­ған­дай. Соғылған шапалақ толас­тар емес...