Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2019

Астың дәмін келтірген

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетаулық аспаздар Өзбекстанда тұңғыш рет ұйымдас­тырылған бірінші халықаралық «Тәтті Өзбекстан» аспаздар сайысынан олжалы оралды.

Астың дәмін келтірген

Дәмі тіл үйірген тағам дайын­дау үшін де шынайы шеберлік қажет. Сайысқа қатысушылардың айтуларына қарағанда, топ жару оңай болмаса керек. Әлемнің отыз мемлекетінен 250-ден ас­там айтулы аспаздар жиналған. Бірінің дәмінен бірінікі тәтті. Бе­зендірілуі де әсем. Ең кірпияз, талапшыл талғам иесінің өзін тәнті еткендей. Алдымен, өзбек халқының ежелден мақтаулы асханасымен танысыпты. Сан ғасырлық тәжірибесі бар өзбек аспаздары шығыс халқының әлемге әйгілі тағам түрлерін да­йындаудың өздері әбден мең­герген қыр-сырын ашқан. Уақыт­тары жеткенше үйреткен, дәм татырған. Сол арқылы өздерінің қан­шалықты қонақжай халық екендіктерін көрсеткен.

Бәйге атаулының бәрінде мерейіңнің үстем болуы алды­мен өзіңе байланысты. Қаты­сушыларға небәрі отыз минут уақыт берілген екен. Осы уа­қыттың ішінде таңғы ас, түскі ас дайындап үлгеруің керек. Көкшетаулық аспаздар ұлттық тағам түрлерін дайындаумен ұтыпты. Ірімшік, құрт, сүрленген қазы-қарта, жал-жая.

– Біз дайындаған дәмді татқан­дар маңайымыздан айналсоқтап кете алмай қалды, – дейді облыс орталығындағы №1 колледждің шебері Ирина Ибрагимова, – ұнат­қандары сондай, сатасыңдар ма деп қолқалады. Әсіресе түтінг­е аз ғана ұсталып, бабымен кепті­рілген сүр еттің иісі қазылар ал­қа­сын ғана емес, былайғы жұрт­ты да шақырып тұрды.

Аспаздардың айтуына қара­ғанда, туризмді дамытуға дәмі тіл үйіретін тағам да дәнекер бола алар еді. Әрине әлемдегі әрлі, нәрлі тағамнан талғап дәм татып жүргендерді таңырқату оңай емес. Бұл орайда олар үшін қа­зақтың бар дәмі бағалы. Оны осы жолы біздің аспаздар аңғарып қайтқан. Ендігісі қара­пайым қазан қайнатқанға қарап қалмай, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық тағам дайындау өнерін соны бір биікке шығару.

Айтпақшы, Көкшетаудан бар­ған төрт аспаз Қазақстан ас­паз­дары ұлттық ассоциа­ция­сы­ның президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинскаяға алғыстарын айтуда. Жеке кәсіпкер байқауға қаты­сушылардың бар шығынын көтерген. Сол көмегінің арқа­сында төрткүл дүниеден жинал­ған ас қадірін білетін қауым қа­зақ халқының дәмін татып, жо­ғары бағасын беріпті. Көкше­таулық аспаздар үш аталым бо­йынша күміс медальдармен мара­патталған. Ең бастысы, ендігі ара­да бізден басқа жұрт та қазы-қарта, жал-жаяның қадірін біле жү­реді.