Шарайна
Адвокат Анатолий Кучеренаның айтуынша, ОББ-ның бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің РФ-ның Федералдық миграциялық қызметіне берген және оның Ресейде уақытша тұру құқын алуына жағдай жасайтын құжаттарын қарау мерзімі аяқталды.
Федералдық миграциялық қызмет тәжірибесі бойынша мұндай материалдар жеті күнге дейін қаралады, одан кейін Сноуденнің Ресей аумағында емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік беретін арнайы анықтама беріледі. Біз өтінішті 16 шілде күні бердік, деп атап көрсеткен адвокат. Ал Федералдық миграциялық қызмет Э.Сноуден өтініш бергеннен кейін бес жұмыс күні өткенін, сондықтан шешім қабылдануға тиіс екендігін растап отыр. Ондай жағдайда Сноуденнің Шереметьево әуежайынан шығуына мүмкіндік туады.
Парламентшілер мінез көрсетті
Болгар парламентшілері сәрсенбіге қараған түнгі наразылық акциясынан кейін жұмысқа шықпай қойды. Оларды парламент басшысы Михаил Миков жұмысқа шығудан бас тартуға шақырған.
Сәрсенбіге қараған түні наразылық акциясына қатысушылар парламент ғимаратынан шығатын есікті жауып тастаған. Ол кезде ғимарат ішінде 100 адам болған. Тек таңертеңгілік қана баррикаданы бұзып, адамдарды ғимараттан шығарып алудың сәті түскен. Софияда наразылық акциялары осыдан бір ай бұрын, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысы лауазымына медиа-магнат Делян Пеевски тағайындалғаннан соң басталған болатын.
Мурсидің қайда екені беймәлім
Өткен дүйсенбі күні Египеттің тағынан құлатылған президенті Мұхаммед Мурсидің ұлы Усама Мурси әкесінің қайда екенінің әлі күнге дейін белгісіз күйде қалып отырғанын мәлімдеген.
Әлі күнге дейін менің әкемнің қай жерде екені белгісіз болып отыр. Біз оның қай жерде отырғанын және не үшін қамауға алынғанын білмейміз, деп атап көрсеткен Russia Today телеарнасына берген сұхбатында Усама Мурси. Сондай-ақ ол Египеттегі қазіргі ахуалға да түсінік берген. Оның айтуынша, 2011 жылдың көктемінде басталған Египеттегі төңкеріс өзінің алғашқы күнінен бастап бүгінге дейін бейбіт төңкеріс болып қалып отыр. Ал қазіргі биліктің ауысуына Хосни Мүбәрак режімін жақтаушылар кінәлі.
Оқушылар дәріден уланды
Анемияға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламада қарастырылған дәрілерді пайдалану салдарынан Үндістанда 900-ге жуық мектеп оқушысы уланып қалған. Бұл туралы РИА Новости агенттігі хабарлап отыр.
Белгілі болғанындай, балаларға фоли қышқылы бар таблеткалар қабылдау ұсынылған, оның соңы улануға апарып соқтырған. Дәрі қабылдаған оқушылар денсаулықтарының нашарлап, іштерінің ауыратындықтарына, лоқсып, құсқыларының келетіндігіне шағым жасаған. Барлық зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсетілуде. Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламаға барлығы 1,6 миллион бала қатысқан.
АҚШ Сирияға шабуыл жоспарлауда
Америка армиясы Сириядағы дау-жанжалға әскери араласудың жоспарын жасады. АҚШ Конгресі болса, сириялық оппозицияны қаруландыруға салынған тыйымның күшін жойды, бірақ Сирияға қару-жарақ жеткізуде қатаң есептілік талап етіп отыр.
Өз кезегінде америкалық әскерилер заң шығарушыларға Сирияға қашықтықтан шабуыл жасау жоспарының қыр-сырын баяндап берді. Ал ол ел үшін миллиардтаған долларға түспекші және операцияның табысты боларына ешқандай кепілдік жоқ. Конгрестегі сириялық оппозицияны жақтаушылар АҚШ-тан қару-жарақ жеткізу алдағы тамыз айында басталады деп үміттеніп отыр.
Отаға... бұрғыны пайдаланған
Молдавияның денсаулық сақтау министрі Андрей Усатый Кишиневтегі Валентин Игнатенко атындағы балалар ауруханасында құрылыс бұрғысын пайдаланып ота жасаған хирургті жазалауды талап етті.
Бормашинаны осылайша операцияға жасауға болады деп түсінген дилетант пайдаланған, аурухананың құрал-саймандарының ішінде ондай машина жоқ, деп мәлімдеген министр. Жағдайдың бұлайша өрбуіне таяуда БАҚ-тарда пайда болған аурухананың травматология бөлімінің дәрігерлері түсірген бейнекөрініс себепкер болып отыр. Онда медиктердің құрылыс бұрғысын, тістеуіктер мен балғаны пайдаланып, операция жасап жатқандары көрсетілген болатын.
Бір тәулікте 22 адам қаза тапты
Мексиканың Мичоакан штатында с оңғы тәулікте болған атыстар салдарынан кем дегенде наркокартельдің 20 содыры және 2 полиция қызметкері қаза тапқан.
Би-Би-Си-дің Мексикадағы тілшісі Уилл Гранттың айтуына қарағанда, тәулік ішінде осынша адамның қаза табуы тіпті Мичоакан өлшемі бойынша да өте көп. Тілшінің хабарлауынша, атыс автоматтармен қаруланған наркокартель содырлары полицейлердің жолын тоспақ болған кезде туындаған. Сөз орайында Мичоакан штаты аумағының басым бөлігінің «Тамплиер-рыцарлар» атты наркокартельдің бақылауында екенін айта кету қажет.
Наубайханадағы жарылыс
Пекинде наубайханалардың бірінде болған жарылыстан екі адам қаза тапқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, тағы 9 адам түрлі дене жарақаттарын алған көрінеді.
Зардап шеккендердің төртеуінің жағдайы өте ауыр. Жарылыс жергілікті уақыт бойынша 7 сағат 33 минутта орын алған. Өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтап, әрқайсысы 50 литр болатын сұйытылған газ құйылған 2 баллонды сыртқа шығарған. Құтқарушылардың айтуларынша, егер ол баллондар жарылғанда оның зардабы әлдеқайда ауқымды болмақ екен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.