Қоғам • 10 Желтоқсан, 2019

Тәу етер жалғыз киеміз

4147 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
Тәу етер жалғыз киеміз

Толғанысымыздың тақырыбы – Тәуелсіздік.

Отыз жылға жуық уақыт бойы айта-айта, жаза-жаза келіп, осы ұғымның аясын тарылтып, м­әнін қарапайымдатып та бара жа­т­­қан­дай көрінеміз кейде. Жер шарын­­дағы құрлықтың алтыдан бір бө­лігін алып жатқан Кеңестік Социа­лис­­тік Республикалар Одағы атты алып мемлекет ыдырағанда ел қа­тар­лы еге­мен­дік алған едік қой, аяқ астынан тәуелсіз мемлекет атан­ған едік қой деп топшылай сала­тындар да табылады әлі күнге. Сондықтан сөз басында аздаған ли­рикалық емес шегініс жасап алғанды артық көрмей отырған жа­йымыз бар. Мәселе ұғымдар жайында.

Адамзаттың өмір сүруінің сан түрлі салаларында тәуел­сіз­­діктің алуан-алуан анық­та­­ма­­сы бар. Өзіміз институтта оқы­ғ­ан жоғары математика­да ал­геб­­ралық тәуелсіздік өріс­тер­­дің кеңею тео­риясын біл­діре­ді, желілік тәуелсіздік желі­лік ке­ңістік элементтерінің жиын­­­ты­ғы толығуын таны­та­ды. Ай­на­­лып келгенде олар­дың да түп­кі мағынасы – кеңею, толығу. Қо­ғам­дық ғы­лымдар акаде­мия­сының аспи­ран­ту­ра­сын­да жүріп, философия ғылым­да­ры­ның кандидаты дәре­же­сін алуға диссертация жазу барысын­да тәуелсіздік ұғымының сонша­лық­ты сан қырлылығына қайта-қайта назар аударуға тура келген еді. Халықаралық құ­қық тұрғысынан қара­ған­да мем­ле­кет­тің тәуелсіздігі оны бас­қа мемле­кет­тердің тәуелсіз деп тануын ғана біл­діреді. Мәселенің саяси аста­­ры әлде­қайда терең. Саяси дер­бестік, ба­ғы­нышты бол­мау­шылық, еге­мендік деп айтылатын тәуелсіздік өз елің­нің мақсатын, міндетін, оларға қол жет­кі­зудің әдіс-тәсілдерін өзің айқын­да­уыңнан, өзіңнің мәсе­ле­леріңді өзің шеше алуыңнан таны­лады. Ал бұл айтуға ғана оңай. Ең дамыған деген ел­дер­­дің өзі осыған азаттық жолындағы со­ғыс­тар арқылы жеткені бар­ша­ға бел­гілі. Басқаларды былай қойғанда, қа­зіргі әлемнің ең қуатты мемлекеті Аме­рика Құра­ма Штаттарының өзі ке­зін­­де Ұлыбританияның отары бол­ғанын, 1775-1783 жыл­дар­да­ғы тә­уе­л­­­сіздік үшін соғыстың арқа­сын­да бос­тан­дық алғанын айту да жеткілікті шығар. Қанша жыл қырқысса да, сонша жыл соғысса да азаттық ала алмағандар аз ба? Аз емес. Ұзын саны бірнеше жүзден асып жығылатын ірілі-ұсақты ха­лықтардың өз алдына мемлекет құра алған­дары онша көп емес – Біріккен Ұлт­тар Ұйымына мүше мемлекеттер саны 193 қана. Саны жағынан біздің қазақ­ты сан орап кететін халықтардың арасында да әлі күнге бір жапырақ туын тігетін алақандай төбе таба алмай, жаны жаралы, қаны қаралы күйде жүр­гендері жетіп жатыр. Аты ғана тәуел­сіз, ал заты тәуелді, яғни өзінің сырт­қы саясатын да, ішкі саясатын да өзі бел­гі­лей алмай отырған елдер де табылады. Ағылшынның атақты қайраткері Бенджамин Дизраэлидің «Тәуел­сіз­дік ала сала отар болудан қала сал­май­сың» деген зіл­ді сөзі сондықтан айтыл­ған. Бостан­дық­тың бағасы солай. Солай болған­дықтан да біз осындай мерейлі күні­мізде абыз Әбіштің – ке­меңгер Кекіл­баевтың «Тәуел­сіз­дік – тәу етер жал­ғыз киең» деген сөзін тағы бір еске алмай тұра алмаймыз.

Бұл күннің мәні де, маңызы мен ма­ғынасы да айрықша. Азаттық үшін арпа­лыс­қан ата-бабаларымыздың арманы 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тә­уел­­сіздік күні ретінде арайланды. Сол күні әлем көгінде «Қа­зақ­с­тан Рес­пуб­ли­касы» ата­­ла­­ты­н жаңа тұрпатты мем­ле­кет­­тің туы көтерілді.

Тәуелсіздікті алу, әрине, оңай болған жоқ. Ал Тәуелсіздікті ор­нық­­ты­ру одан да үлкен күшке түсті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан күш-жігері, терең ақыл-парасаты, сындарлы да салмақты саясаты және қазақ­стан­дық­тар­дың бірлігі арқылы біз осы күнге жеттік.

Қазақ елінің Тұңғыш Прези­денті ре­тінде сайлаудан ке­йінгі ант беру рә­сі­­мін­де сөйле­ген сө­зін­де Нұрсұлтан Әбішұлы бұл күн­нің Қазақстан Рес­пуб­ли­­ка­сы тарихында ерекше орны бар екенін атап өткен еді. Елбасы: «Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі ене­тін күн. Тарихтың талай бұра­лаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көн­­ген халықпыз. Ежелден еркін­­дік­ті аңсап, азаттықты көк­сеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқай­лап жүріп, ашар­шы­лық­қа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмыт­қа­ны­мыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық» деген болатын.

Тұңғыш рет өз Президентін сайла­ған­нан кейін Қазақстан әлем алдында өз Тәуелсіздігін жариялады. Бұл – қазақ деген халықтың сан ғасырға жал­ғас­қан асыл арманы еді. 300 жылдан астам бодандықта болған халықтың байыр­қа­лы бостандыққа, егемен елдікке, азат рухқа деген арпалысының нақты жемісі. Тәуелсіздіктің әр күні біз үшін мағыналы және маңызды.

Тәуелсіздік – халықтың таң­­­да­уы. Тә­уел­сіздік – біздің ұлт­­тық идеямыз!

Қазақстан Республикасын құрудың басты қағидаттарын орнықтыру жолын­да­ғы жасампаз істің бәрі алтын әріппен жазылады.

Бүгінгі бақытты ұрпақ тәуел­сіз мемлекетте, бейбітшілік пен келі­сімде, өзара сенімде өмір сүріп жатыр. Өз тағды­ры­мызды өзіміз айқындап алдық. Енді жар­қын болашағымызды өз қолы­мыз­бен жасаудамыз.

Күн тәртібіне Тәуелсіздікті ұс­тап тұру, сақтау және дамы­ту шықты. Бұл бізді бұрын­ғыд­ан да бір болуға, мық­­ты болуға, жігерлі болуға шақы­ра­ды. Елбасы ретінде Нұр­сұл­тан Назарбаев Тәуел­сіз­­ді­гі­мізді тең­селт­пей, Егемен­дігімізді еңкейт­пей, Азат­ты­­ғы­­мыз­ды аласартпай 30 жыл ел бас­­қарды.

Біздің біртұтас халқымыз бар. Бізді қасиетті жеріміздегі ортақ құндылықтар бірік­тіреді: бей­бітшілік, игілік, өркен­деу, әділ­дік және баршаға ортақ тең мүмкін­діктер. Мұның бәрі – Тұң­ғыш Президент Н.Ә. Назар­баев­тың басшы­лы­ғы­мен тәуел­сіздік жылдары қол жеткіз­ген баға жетпес құнды­лық­та­ры­мыз.

Біздің ұлы тарихи жолымыз бар. Біз бүгінде қуатты, егемен, еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Сақтайтын, ардақтайтын дүниеміз бар. Тәуелсіздік деген ең қым­бат құндылығымыз бар. Сондықтан біз қашанда алға, баян­ды болашаққа нық сенім­мен қараймыз.

Тәуелсіздік бізге ұлттық, ай­мақ­­тық және жаһандық өлшем­де шексіз жауап­кершілік жүгін артты. Біз тағдыр таң­да­уын қабыл алдық. Берекелі бірлігіміз бен еселі еңбегіміз арқылы тарих сына­ғынан сүрінбей өтіп келеміз.

Тәуелсіздіктің мызғымас тұ­ғы­­ры бекі­тілді. Мәңгілік Ел болуға бет бұр­дық. Тә­уел­­сіздік күні – баршамыз үшін, күл­­лі қа­зақ­стан­дықтар үшін ұлы ме­ре­­ке.

Тәуелсіз Қазақстанның дү­ние­­ге келуі­­нің ұлы шежіресі бір­қа­тар тарихи кезеңнен тұ­рады: 1990 жылдың сәуірі – Рес­­публика Президенті лауазымын тағайындау, 1990 жылдың қазаны – Қазақстанның мемле­кет­тік егемендігі туралы Дек­ла­рация, 1991 жылдың тамы­зы – Семей ядролық сынақ поли­гонының жабылуы және Рес­пуб­ликалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жыл­дың жел­тоқ­саны – алғашқы бү­кіл­­ха­лық­тық президенттік сайлау, біз­­дің мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсан – «Қазақстанның мемле­кеттік тәуелсіздігі туралы» Кон­ституциялық Заңды қабыл­дау, 1993 жылдың 15 қарашасы – өзі­­міз­дің ұлттық валютаны және қар­жы жүйесін енгізу.

1991 жылдың 17 желтоқ­са­нында Алматыдағы Орта­­лық алаңда Қазақстан Рес­пуб­­ли­ка­сы­­ның мемлекеттік тәуел­сіз­дігі жариялануына және 1986 жыл­ғы Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған ми­тинг болды. Қазақстан Рес­пуб­­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сонда сөйлеген сөзінде: «Тәуел­сіз­діктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болу­дың жолына шындап тү­суі­міз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жері­міз­дің байлығы осы даланың түп­кіл­ікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, ар­зан ұранға ермейік, ұшпа се­­­зім­ге ерік бермейік дегім ке­ле­ді. Әсі­­­ресе жастар салқын­қан­дыл­ықтан, үл­кен­ді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқы­ның жұл­дызы жоғары болатынына, туған еліміз­де дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сене­мін», деді.

Халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге ерекше жігер, үл­кен құлшыныспен кі­ріс­ті.

Елдің ішкі және сыртқы саясатын, өзі­міз бұрын өмір сүрген қоғамнан түбі­рі­нен өзгеше жаңа, демократиялық қоғам құру прин­ц­­­иптерін дербес айқындады.

Иә, қысқа мерзім ішінде Кеңес империясынан мұра болып қал­ған көптеген өткір де өзекті мәсе­ле­нің түйіні тар­қа­­тылды. Саяси, экономикалық және әл­еу­­мет­тік-мәдени салаларға қажетті рефор­­малар жүргізілді.

1991 жылдың 29 тамызында Қазақ­с­тан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Осылайша қазақ елі атом бомбасынан түбегейлі бас тартып, әлемге бейбітсүйгіш ел екенін жариялады.

Бүгінде тап сол бір шешуші сәтте Нұрсұлтан Әбішұлының әрі тапқыр, әрі ұтқыр шешім қабылдай білгенін әлем мойындап отыр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ті­ке­­лей бас­тамасымен Тәуелсіз Мем­­ле­кет­тер Дос­тас­тығы құрыл­ды.

1991 жылы желтоқсанда Алматыда ТМД-ны құру туралы Келісім хаттамасына қол қойылды. Бұл келісім ТМД құрамына кіретін барлық мемле­кет­­тің тарихында «Алматы де­кла­ра­циясы» де­ген атпен қал­ды.

Тәуелсіздіктің алғашқы күнде­рі­нен бастап республиканың сая­си бас­шы­лығы азаматтардың құқықтарын сақ­тау­ды қамтама­сыз етуге айрықша назар аудар­ды.

Елімізде Президент қызме­тін­ің ен­гіз­іл­уі қоғамдық-сая­си өмірде терең р­е­фор­малар жүр­гізуге мүмкіндік берді. «Бас­­шы­мыз – біреу, қалға­ны­мыз тіреу» деген қазақы қағидаттың пайда­сы зор болды.

Қазақстанда 1996 жылдың 30 қаң­та­рынан бастап екі пала­та­лы парламент жұмыс жасап келеді.

Ел азаматтары экономикалық еркін­дік­тің арқасында меншік иелеріне айнал­ды.

1993 жылы 15 қарашада Ұлт­тық валюта – теңге айна­лым­­ға шықты. Сол сәт­тен бастап ха­лық­тың жаңа тиімді тұр­мысын қа­лыптастыру жолындағы күр­­де­лі ре­формалар өте сәтті жүзеге асы­­рыл­ды.

Мұндай орасан өзгеріс оңай­шы­лықпен келген жоқ.

Жетпіс жылдан астам қалып­тас­қан сананы, дүниетанымды өз­герту де оңай­ға соқпады.

Жекешелендіру ісі эконо­ми­ка­лық қайта құру жолындағы ал­ғаш­қы батыл қадам болды. Сырт­қы сауданы одан әрі ырық­та­н­ды­руға және елді дүниежүзі­лік шаруашылық жүйесіне енгі­зуге ба­ғыт­тал­ған сыртқы эконо­ми­ка­лық қызмет ре­формасы табысты жүргізілді.

Со­ның арқасында Тәуелсіздік жыл­­­дары елімізге 300 милли­а­р­д доллар кө­­­лемінде тікелей ин­­вес­­­тиция тартылды. Резерв­тік ак­­тив 86 миллиард дол­лар дең­­­г­е­йіне жетті. Бұл мүмкін бо­­л­а­­­­тын экономикалық сын-қатер мен сыр­тқы келеңсіз құбы­лыс­тар­ды тө­мен­де­ту­дің нақты кепілі.

Елімізде кедейшілік деңгейі 10 есе төмен­деді. 12,5 мың ки­ло­­метр авто­ма­гис­траль мен 2,5 мың кило­метр темір жол са­­­лын­­­ды.

Экономиканың салалық құры­лым­дарын әртараптандыру үрдісі жүріп жатыр. Соңғы 10 жылда еліміздің индус­трия­лық-инно­ва­циялық даму бағдар­ла­масы бойынша 1250 жаңа кәсіпорын құ­­ры­лып, 300 мың жұмыс ор­ны ашылды. Қазақстан экс­пор­­­тының ауқымы 100 елді қам­­­тиды. Үшінші бесжылдық шең­­­­бе­рінде бәсекеге қабілетті бірне­­ше технологиялық сала қалып­­­тасады.

Біздің мақтанышымыз және мем­­ле­­кет­­тігіміздің символы са­на­ла­тын Нұр-Сұл­тан қала­сы ха­­лық­аралық бас­­та­­ма­лар мен ин­­ве­с­тициялық бел­сен­­ді­лік орта­­­лығына айналды.

Қазақ мемлекеті өркендеуде өзінің өріс­ті жолын тапты. Әлем­дік өркениетке өз үлесін қоса баст­ады.

Қуатты саяси, экономикалық, әлеу­мет­тік және демократиялық қайта құру­лар өз жемісін берді.

Біз саяси тұрақтылықты сақ­тап қана қоймай, сонымен бір­ге оны нығайта түсуге және өзі­міз­­дің қазақстандық ұлт­аралық келі­сім үлгісін жасауға қол жет­кіздік.

Қазақстан ұлтаралық және кон­­­фес­сия­аралық келісімге қол жет­­­кі­зудің тиім­ді жолын қа­лып­­­тас­тырды. Біздің еліміз эт­но­с­аралық жанжалдарды қазір де, бо­л­а­шақта да болдырмауға болатынын бүкіл әлемге сенімді түр­де дәлелдеді.

Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сын­да­ғы ұлт саяса­ты­ның бағ­дар­ла­масы сая­си тұрақ­ты­лықтың кепілі болып қала бермек.

Барлық қазақстандықтардың тең­дігін қамтамасыз ету үшін әді­лет­тік қағидасы мен ұлтаралық та­ту­­лық үрдісін қалыптастыру ма­­ңыз­ды.

Әрбір азамат Қазақстан ме­нің Ота­ным, менің елім деген ұғ­ым­­ның маңа­йы­на топтасуы ке­­рек.

 Болашақта еліміз әлемдегі бә­се­­­кеге барынша қабілетті 30 мем­­ле­­кеттің қа­тарынан орын алаты­ны­на барлық қазақ­с­тан­дықтар кү­­мән­­сіз сенеді.

Осындай секіріс жасау үшін бар­­лық қоғамдық ресурстарды топ­­тас­­­тыру мен жұмылдыруға ту­ра ке­леді.

Қазақстан ТМД мемлекеттері ара­сында бірінші болып ұзақ мер­зім­ге арналған стратегиялық да­му жоспарын таңдап алған ел­­д­ің бірі болды.

Мемлекеттің қауіпсіздігін қам­­­­­­та­­ма­сыз ету үшін ең алдымен көр­­­шілес елдермен екі ара­­­­дағы шекараны дәйектілікпен бе­­­кіт­­­­ті. Біртұтас Қазақстан Рес­пуб­­­­­ли­­касының мемлекеттік ше­ка­­­­­ра­­­­сы белгіленді.

Елімізде индустриялық-инно­ва­ция­лық даму бағдарламасы қар­қынды түрде жүзеге асырылып жатыр.

Табысты жүргізілген сыртқы саясат­тағы жетістіктердің арқа­сын­да Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ се­­кіл­ді беделді халықаралық ұй­ым­­­­дардың салмақты мүше­сі­­­н­е айналды.

2010 жылы Қазақстан Еуро­па­дағы Қауіпсіздік және ынты­мақ­­тастық ұйы­мы­на табысты тө­р­­ағ­алық жасады. Ұй­ым­ның он жылға жуық уақыттан бері ша­­­қы­­рылмай жүрген саммитін өт­кі­зіп берді.

56 мемлекеттің басшы­сы ел­ор­да­­мызда бас қосып, Астана док­т­­ри­на­сын бірауыздан қа­был­­д­­ады. Мұндай тарихи ма­ңызы зор оқиға қазақ дипло­ма­­тия­­сының сыртқы саясаттағы табыс­ты еңбе­гінің нәтижесі.

Бұл тұрғыда Қазақ елінің Бі­рік­­кен Ұлттар Ұйымына мүше­лігі айрықша маңызды еді. Ұй­ым­­ға мүше болғалы Қа­­зақстан әлем­дік деңгейдегі оннан астам сындарлы ұсыныс жасады. Оның қа­тарында ядролық қарусыз әлем, Арал мәселесі тағы басқа ең өзекті мә­се­лелер бар. Сонымен қатар Мем­ле­кет басшысының «Әлем. XXI ғасыр» ма­ни­фесі БҰҰ басшылығына жіберілді.

2018 жылы 19 қаңтарда Қа­зақ­­­стан Президенті Нұрсұл­тан На­зар­баев­тың төраға­лы­ғы­мен Біріккен Ұл­т­тар Ұйымы Қа­уіп­­­сіздік Кеңесінің «Жап­пай қы­рып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты оты­­рысы өтті. Осы жиында сөз сөй­­леген Елбасы баян­­да­масын қазақ тілінде жасады.

Әлемге тарыдай шашыраған қа­зақ халқының басын бір ша­ңы­рақ астына тоқайластырып, бір ар­на­ға тоғыстыруда Нұр­сұл­тан Назарбаевтың орны ерекше.

Қазақ елі Тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап, шеттегі қандастарды тарихи отанына ша­қы­рып, құшағын айқара ашты.

Дүние жүзі қазақтарының құ­рыл­­тайларында шетте жүр­ген 5 миллион қа­зақтың тағ­ды­ры жай­лы сөз болды. Қарашаңы­рақ­қа оралған бір мил­лион­­­нан астам қандастың ел қа­тар­­лы өмір сүруіне қатысты мә­­се­­ле­лер талқыға түсті. Осы құ­­­рыл­­тай негізінде Дүние жүзі қа­зақ­­­­тарының қауымдастығы, «Отан­­дас­тар» қоры сияқты іргелі ұйымдар құ­ры­лып, алыс-жақын­да­ғы ағайынның игілігі үшін қызмет етіп келеді.

Қазақстан – президенттік бас­қару жүйесіндегі мемлекет. Ел өмі­рінде қос палаталы пар­ла­мент­тің де алар орны ерекше. Кейінгі кезде Парламент пала­та­ларының Үкімет қызметіне ба­қылау жасаушылық рөлі ана­ғұрлым артып келеді. Құқық­тық мемлекетті орнықтыра түсу бағытында орасан жұмыс атқа­рыл­ды.

2003 жылы 23-24 қыр­кү­й­ек ара­лығында Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбас­шы­­ла­ры­ның алғашқы съезі тіке­лей Нұрсұлтан Назар­баев­тың бас­т­­ам­­асымен Астана қа­ла­­сын­да өтті. Оның жұ­мы­сы­на ис­лам, хрис­тиандық, иудаизм, син­тоизм, индуизм және буд­дизм­­нің мейлінше беделді өкіл­де­­рі қа­тысты.

Әдетте бір-бірінің мешіті, пұт­ха­насы, шіркеуіне бас сұқпайтын дін көш­бас­шы­лары Астанадағы бейбітшілік және келісім сара­йын­да бетпе-бет отырып, әлем­­дік діни ахуалды талқылады. Әлем­дік және дәстүрлі діндер съезі халық­аралық диалог алаңына ай­нал­ды.

2003 жылғы 16 наурыздағы Жол­­да­­уын­да Нұрсұлтан Назар­ба­ев еліміз­дің ең басты қазынасы – мәдени мұра­ла­рымыз­­ды түген­деу мақсатында «Мәдени мұ­ра» бағдарламасын жасауды тапсырды. Бұл 14 жылдан кейін өмірге келген «Ру­хани жаңғыру» бағ­дар­ла­масының алғы­шар­ты бола­тын.

Бүгінде бастауын «Мәде­ни мұра» бағ­дар­ламасынан алған көптеген игі іс Ел­басының «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық ма­қа­ла­­л­а­­рының желісімен жүзеге асып жа­тыр.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінің тізгі­нін ұстаған 30 жылда қазақты қанат­­тандырған, рухын оятқан, жасам­паз­дыққа жігер­лен­дір­ген осы қос бағ­дарлама деуімізге әбден болады. Өйт­ке­ні қазақ халқы қашанда рухани құн­ды­­­лық­ты бәрінен жоғары бағала­ған ха­лық. Елбасы рухани жаңғы­ру­сыз же­тістік атау­лы жартыкеш шара болып қа­ла­ты­нын тап басты.

Астана және Алматы қала­ла­рын­да қатар өткен Азияның айтулы додасы елі­міз­дің тарихында айтарлықтай рөлі бар оқиғалар. VII Қысқы Азиадаға әлем­нің 27 елі­нен мыңнан астам спорт­шы қа­тысты.

Қа­зақ хандығының 550 жыл­­­ды­ғы кең көлемде атап өт­іл­­­ді.

Бұл елдік рухты көтеріп, өткен тари­хым­ыз­ға деген мақта­ныш сезімін оятты.

Осы мерейтой негізінде елі­міз бо­йынша қыруар істер атқа­ры­лып, көптеген тарихи жәдігер түген­делді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қа­уіп­сіздік кеңесін басқару Қа­зақ­стан тәрізді жас мемле­кет­­тің әлем алдындағы абыро­йын асқақтатты. 2017 жылы Ке­ңес­ке тұрақ­ты емес мүше бо­лып тіркелген Қазақ­стан өз тари­хында алғаш рет БҰҰ-ның Қа­уіп­­сіздік кеңесін басқаруға мүм­кін­дік алды. Бұл міндетті абыроймен атқарды.

«Біздің еліміздің бүкіл­әлем­дік ЭКСПО-2017 көрмесін Ас­та­­на­да өткі­зу жөніндегі күрес­те айқын ба­сым­дық­­пен жеңіс­ке жет­уі Қазақстанның эко­­­но­­ми­калық қуатын жаһан­дық та­ну­­дың көрінісі». Бұл – Нұр­сұлтан Назар­баев­тың өз сөзі. Елбасы 2017 жыл­дың ең басты оқиғасына айналған ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сінің бар келбетін осындай бір сөй­леммен толық ашып берді.

Өтіп бара жатқан 2019 жыл біздің өмірімізде өте маңызды, өзекті жыл ретінде есте қалады.

2019 жылы 19 наурыз күні Қа­­зақстан Республикасында би­­­лік Конс­ти­туция­ға сәйкес түр­­де ауыс­ты. Бұл 30 жыл жал­­ғасқан сарабдал саясаттың тү­й­ін­ді тұсы, тұрлаулы сәті болатын. Ол сабақтастық, тұрақтылық пен да­му жағдайында билік транзиті жа­салды.

Бүкілхалықтық сайлау өтті, ел Пре­зи­ден­ті болып Қасым-Жо­март Кемелұлы Тоқаев сай­лан­ды. Мемлекет бас­шысы сай­лауалды бағдарламасында, ел халқына Жолдауында Қазақс­тан­ның таяу жылдардағы даму бағыттарын бел­гі­леп, міндеттерді ше­шу­дің жолдарын көрсетіп бер­ді.

Макроэкономикалық даму дина­ми­касындағы оң тенденция сақта­луда.

Бұйырса, биыл ішкі жалпы өнім­нің өсуі 4,3 пайыз болады. Инфляция деңгейі де 5,3 пайыз деңге­йін­де сақталады деп күтілуде. Ха­лықтың нақты та­бысы 6,7 па­йызға өсті, ал ин­вес­ти­ция­ның өсуі 9,7 пайызды құ­ра­ды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырым­да­­масының мақсаты мен міндет­­те­­рін айқындап берді.

Қоғамдық диалог форма­ла­рының қағи­даттары іске қо­сыл­ды. Ұлт­тық қоғам­дық сенім кеңесі құрылды. Соның шең­бе­рінде еліміздегі саяси және әлеу­мет­тік-экономикалық жаң­ғыр­­т­­у­лардың кешенді шаралары айқындалуда.

Биылғы жарияланған Жас­тар жылы бұл тараптағы бас­­т­ам­алар мен жобаларды жүзе­ге асыруға жол ашты. Пре­зи­дент­­тік кадрлар резервін қалып­тас­тыру­да­мыз.

Ата Заңымызда атап көрсе­тіл­ген әлеуметтік бағдарланған мемл­екет талаптары күнделікті өмірден көрініс та­уып жатыр.

Көп балалы аналарды әлеу­мет­­тік жағынан қолдау, табысы төмен отбасылардың несие жүк­тем­есі­н азайту бағытында бұрын-соңды болмаған шаралар жасалды.

Мұғалімдердің еңбекақысын біртін­деп өсіру кестесі белгіленді. Ұстаз мәр­те­­бесі туралы Заң қа­был­­­д­анғалы жатыр.

Елдегі тұрғын үй бағ­дар­ла­ма­сы елеу­лі түрде кеңейтілді.

Еліміздің сыртқы саясатының барлық параметрі бойынша сапа­лық жаңару жұмыстары жүр­гі­зіл­ді. Өркениет үлгісі саналатын Еу­ро­па елдерінде жаңадан 6 елшілік ашыл­ды.

Арыс қаласындағы апатты бү­кіл­ха­лық­тық қайғы ретінде қа­был­дап, қиын шақта бірліктің үл­гі­­сін көрсеттік. Қала қысқа мер­зім ішінде қалпына келтірілді.

Ұлы Абайдың «Қайғы келсе, қар­сы тұр, құлай берме» деген сөзін ұстанып, бір-бірімізді қол­т­ы­қтан демедік, жылы сөзбен жебедік. Бір сөзбен айтқанда, ұлт болып ұйысудың үлгісін көр­се­те білдік.

Аз ғана уақыттан кейін біз 2020 жыл­дың табалдырығын ат­тай­мыз.

Бізді Мемлекет басшысының Қа­зақс­тан халқына Жолдауы бо­йын­ша Жалпыұлттық жоспар шара­ларын жүзе­ге асырудың қат-қа­бат шаруалары күтіп тұр.

Волонтерлер жылы шеңбе­рін­де біз­дің қоғамдағы осы бір ма­ңызды тірлікке толыққанды сер­пін беру жүзеге асырылады.

Әлеуметтік-экономикалық жүйе­ле­р­­дің жаңа компоненттері – меди­циналық сақтандыру, жоғары оқу орындарын акционер­лен­діру енгізіледі.

Ұстаз мәртебесі туралы Заң қабыл­данады.

Ел экономикасы дамудың жа­ңа саты­сына көтерілуі тиіс. Бұл ең­бек өнім­ді­лі­гін 1,7 пайызға өсі­ру­мен тікелей байланысты.

Инвестиция көлемі ішкі жалпы өнім­нің 30 пайыз деңгейінде болуы тиіс.

Үкі­меттің алдына 2022 жыл­­­ға қа­рай шикі­­заттық емес экс­­­порт өсімін 1,5 есе, 2025 жы­лы 2 есе өсіру міндеті қо­йыл­ды.

Алдағы жыл бірнеше ірі тарихи дата белгісімен өтеді.

Әл-Фарабидің 1150 жыл­ды­ғы, Абай Құ­нанбай­­ұлы­ның 175 жылдығы, Ұлы Отан со­ғы­сы Жеңісінің 75 жылдығы, Ұлық ұлыс (Алтын Орда) – Жошы Ұлы­сының 750 жылдығы, Қа­зақ авто­но­миясының құ­рыл­­ға­нына 100 жыл секілді шара­лар­­дың Жал­пы­­ұлттық кешенді шара­ла­­ры бе­кі­тілді.

Осы ретте «Мәдени мұра», «Ха­лық тарих толқынында», «Ру­хани жаңғыру» ұлттық бағ­дар­ла­ма­ла­рын жүзеге асырудағы баға жетпес тәжіри­бе­ле­рді атал­ған тарихи даталарды атап өтуде тиімді пайдалану қажет. Осы­нау рухани, әлеуметтік мәні зор шараларды өткізуге қазақ­стан­дық­тар­дың бәрі белсенді түрде атсалысады деп сенеміз.

Екі жылдан кейін біз ел Тә­уелсіз­ді­­гінің 30 жылдығын атап өтетін бола­мыз.

Осыған байланысты өткен жо­лы­мыз­ға терең үңіліп, бар­лы­ғын бағамдауға және алдағы дамуымыздың негізгі бағыт­тары мен жаңа міндеттерін анық­тау­ға мүмкіндік туады.

Сол себептен жаһандық жал­пы­әлем­дік трендтер мен қоғам­дық-саяси даму­дың ішкі аспек­тілерін ескере отырып, ұлт­­тық дамуымыздың тиімді қағи­дат­­­тарын әзірлеу ісін жалғастыру қажет деген ойдамыз.

Бұл бәрінен бұрын қоғам өмірін­дегі даму басымдықтарын айқын­дау ісіне тіреледі.

Тәуелсіздіктің елең-алаң ша­ғын­­да сая­­си реформалардан бұ­рын экономикалық ре­фор­малар­ды жүргізуге баса назар ауда­рыл­­ды.

Осы арқылы тұтас алғанда мем­­ле­­кет­­тің өміршеңдігі сақ­тал­ды.

Ел дамуының қазіргі ке­зең­інде эко­но­­микалық, әлеу­мет­тік-мәдени, өңір­лік, сырт­қы саясат салаларындағы жетіс­тік­­те­рі­міз­дің қарқынын саралау міндеті ал­ға шықты.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев: «Біз Тә­уел­сіздіктің жалғыз тірегі – бірлік екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Бізге қазақтың бірлігі, жалпы елі­міз­дің бірлігі қажет. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері жұмақ, елі бақытты Отанымыз, Қазақстанымыз» деген болатын.

Тәуелсіздік мемлекеттілік, тер­­ри­­то­­рия, тіл, шекара, дәс­түр, та­рих, қа­уіп­сіздік деген ұғым­­­дармен терең аста­сып жа­­тыр.

Бұл ұғымдар конституциялық нормалар деңгейінде бекітілген, толық­қанды мемлекеттік басқа­ру мен реттеу тетіктерімен қамта­ма­сыз етілген.

Бұл ұлтқұраушы фактор, шынайы ел Тәуелсіздігінің іргетасы іспеттес нәрсе.

Біз қоғамымыздың ең жо­ға­ры құн­ды­лық­тарының мыз­ғы­мас­тығына кепілдік беретін үрдістердің мазмұнына жаңа көз­қа­распен қарай бастадық.

Бірін­шіден, Елбасымыздың интел­лек­­туалдық күш-жігерінің арқасында «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала», «Мәдени мұра» тәрізді ұлы ұғымдар айналысқа енді.

Өркениеттік маңызы бар Жал­пы­мә­дени құндылықтар – Тәуел­сіздік, мем­ле­кет­тілік, жер, тіл мен діл, отбасы және салт-дәстүр – біздің заңнама­мыз­­­­ға да енгізіліп, нақты көрініс та­буы тиіс.

Екіншіден, тарихымызды өрке­ниет­тік жолмен таразылайтын болсақ, біз бесмыңжылдық та­­рихи кезеңнен өткенімізді кө­ре­міз.

Бұл не деген сөз? Бұл біздің халқы­мыз­ға не береді?

Бұл қазақ халқы тарихының тым әріден бастау алатындығының – мемле­кет­­тіліктің атам заманнан бүгінге дейін үзіл­мей келе жатқандығының жарқын бел­гі­сі емес пе? К­өнеден келе жатқан сақ, ғұн, сар­мат, массагет, Түркі қаға­на­ты, Ұлық Ұлыс, Қазақ хан­дығы ұлы тарихымыздың айқын дәлелі.

Қай ғасыр, қай заман, қай кезең болса да халқымыз өзінің адам­зат көшінен қал­мау, бірге қатар өмір сүру қағи­да­ты­нан еш танған жоқ. Бейбіт болмысына бекем болды.

Кез кел­ген ­халықтың­ маңдайына мұн­дай миссия мен тағдыр бұйыра бер­мей­ді.

Сондықтан осы заманғы Қа­зақ­стан территориясында өмір сүрген халықтың, ру, тайпалар­дың қасиетті де қастерлі этно­логиялық тарихына саяси тарихымызды қосу арқылы тарихи акцентті батыл және белсенді түрде өзгерту қажет.

Үшіншіден, Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына Жол­да­уында болашақта қазақ тілі­не ұлт­аралық қатынас тілі мәр­­те­­бе­­сін беру мүмкіндігін жасай­тын жағ­дай қалыптастыру қажет­тігін айтты. «Бірақ мұндай дәре­жеге жету үшін бәріміз даң­ға­за жасамай, жұмыла жұмыс жүр­гізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен сая­саттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», деп қадап көрсетті.

Латын жазуына көшер сәт­ті дұрыс пайдаланып, қазақ ті­лі­нің қолдану аяс­ын кеңейту, оның қоғам өміріндегі түр­лі са­лад­а міндетті түрде қолдану шең­­бе­рін анық­тау туралы мәсе­ле де ма­ңызды болып отыр.

Кезінде ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілі­мен сөйлескен, өз ті­лімен жаз­ған жұрттың ұлттығы – ешуақытта адамы құрымай жоғал­май­ды» деген болатын.

Қазақта «Тексіздік – тілсіз­дік­тен бас­та­лады» деген сөз бар, сол сөз – анық сөз.

Тәуелсіздік мерекесі тұсын­да тарихтан та­ғылым алу мәсе­ле­­сі­не тоқталған артық болмас деп ойлаймын. Бірінші кезекте қоғамдық санадағы өткен­ге қарайлау, барлық кінә мен кінаратты өткен заманға аудару әрекетінен арылатын уақыт жеткенін қадап айтқым келеді.

ХХ ғасыр – қазақ үшін қасі­рет­ті ғасыр болды.

1921-1930 жылдардағы аш­тық­та қазақтың тең жартысынан айрыл­дық.

Бұл – сөз жоқ, ұлттың үлкен қасі­ре­ті. Орны толмас қасірет. 2021 жылы қалың қазақты жал­ма­ған Ашар­шы­лық­қа 100 жыл болады.

Танымал журналист-публицист Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол» деген мақа­ла­сын­да сол ашаршылық кезінде бір ұлы мен бір қызын жетектеп, жанын шүберекке түйіп келе жатқан ана мен ұрпақ тағдырын сөз етеді. Үшеуі де ажал тыр­на­ғы­на іліккелі тұрғанда ет жүрегі езіл­ген әйел шырылдаған қызын қалдырып, «ендігі кезек менікі» деп жүріп, жалғыз ұлын аман алып қалады. Сол бала кейін халқымыздың аяулы азаматы атанды, аштықтан аман қалған Мекемтас Мырзахметов – көр­нек­ті ғалым, әйгілі абайтанушы.

Жалғыз баласын анасы қа­лай қор­ға­­­са, Тә­уел­сіздікті біз де со­лай қор­­ға­уы­­­мыз керек! Тар за­ман­дағы ана­­лар әре­кеті осын­­­дай болған. Ал мы­нау бар за­­манда баласын туған бет­те күресінге тас­­тайтындар туралы не деуге бо­ла­ды?

Тәуел­сіздік деген – ұлт үшін, ұр­­пақ үшін тарихи Жауапкер­ші­­лік! Қазақ елі­­нің жаңа буы­ны Тәуелсіздікті ас­қан жан­­­кештілікпен, жанын да, қа­нын да аямай қорғауы керек!

Осы ретте өткен ғасырдан алатын тағылым қандай? Бізге Алаш арыс­та­рының үзілген жо­лын жалғастыру маңызды.

Алаш идеясы – бұл қазақ мем­лекеттілігін жаңғырту идея­сы. АҚШ үшін Тәуелсіздік Декла­рация­сы қандай маңызға ие болса, қазақ қоғамы үшін Алаш ұра­ны да сондай.

Ақын Мағжан Жұмабаев айт­қан­дай, олар Азаттықтың алтын айына қол созған ұрпақ еді.

Қазір заман – басқа, заң – бас­қа. Тірегіміз – Тәуелсіздік. Жү­ре­гіміз де Тәуелсіздік деп соғу­ы тиіс.

Біз ХХІ ғасырға мүлдем бөлек болмыспен кірдік.

Сондықтан өткенге Са­ла­­уат ай­туы­­мыз қажет. Бо­ла­­ры – болды. Өте­тін нәрсе – өт­ті. Барлық жақсылық-жаман­­ды­ғы­мен өткен кезеңдерді тарих кітабы­ның бедерлі бетінде қалдырып, енді тек алға қарауы­мыз керек. Өршілдікпен алға жыл­­жуы­мыз керек.

Артқа қараған тозады, алға қара­ған озады.

Бұл үшін ең алдымен Сана азат­ты­ғы қажет.

Біздің бүгінгі буын санасы азат болғанда ғана таудай істерді тәуекелмен атқара алады.

Сол себептен қазіргі әрбір отандас өткен шаққа қарайлай бермей, бү­гінгі күннің өзекті мәселелерімен айна­лыс­қаны абзал.

Ұлты­мыздың жақсы қасиет­те­рі жет­кі­­лікті.

Тарихымыз – терең. Жеріміз – бай. Еліміз – бай. Дәстүріміз – керемет.

Қабілет-қарымымыз еш­кім­­нен кем емес. Енді не керек?

Дүние­дегі барлық мемле­кет­тің даму жолы­нан белгілі:

Халықтық қалпыңды, мә­де­ние­­­тің­ді, тіліңді, діліңді сақ­тау қа­жет пе – даму керек;

Экономиканы өркендету керек пе – даму керек;

Лайықты өмір сүру керек пе – даму керек!

«Тәуелсіздік жолында қан да тө­гілген, жас та төгілген, тер де төгіл­ген. Бірақ Ар тө­гіл­меуі керек. Ар-намыс қана Тә­уел­сіз­дік­ке тірек бола алады. Ол біздің тілегімізді емес, біз оның тіле­гін тілеуіміз қажет» деген ке­мел сөз қай-қайсымыздың да қаперімізде болғаны керек.

ХХІ ғасырда әлемдегі алға озып кеткен 30 елдің қатарына қосылу үшін қол жеткізген жетістіктерімізге қарап отырып қалсақ, әрекетсіздігімізге опынатын боламыз.

Ендігі мәселенің бәрі Ұлт­тың са­па­­­сына қатысты болмақ. Ұлт­­­­тың са­палы көрсеткіші ең әуелі – ең­бек­­­қор­лығымен өл­ше­­­­не­ді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев қадау-қадау айтқандай, «ең­бек­сіз еш­­те­ңе болмайды». Осыны те­рең ұғынуымыз керек.

Екін­ші кезекте – Ұлттың орын­­даушылық қасиетіне көп нәр­­се байланысты. Бізде сөз­уар­лық көп, құр мақтан, даң­ғой­лық пен даңғаза көп.

Қызыл сөздің қырманын күн­де қуы­­рып, күбісін күнде сапыра бергеннен ешкім игілікті әкеп бер­мейді.

Оның орнына нақты іспен айналысқан жөн.

Осы орайда әлеуметтік желі­де­гі нешетүрлі желсөз, желікпе пікір­лерге кететін орасан күш-жігер­ді күнделікті тірлік арнасына бұру қажеттігін ұсынар едім.

Өмірге қажетті жоспарлау, оны қа­лып­­тастыру және орындау тәрізді өмір­­лік мәні бар тір­лік­пен айналысқан әлеу­мет өз игі­лігін өзі қалыптастырар еді. Мұ­­ның бірден-бір тиімді жолы – Аза­маттық қоғамды қалып­тас­­тыру, ақы­рында – тәуел­сіз ел­дің тәуел­сіз азаматтарын қа­лыптастыру,­ биліктен аға­йын іздеген қа­заққа билікпен про­­токолдық (құдалық сияқты), дип­­ло­матия­лық қатынасқа көшу.

Сонымен бірге бізге орын­дау­­шы­лық қасиетті орнық­ты­­ру діттеген меже, көздеген мақ­­сатқа жетудің тиім­ді де төте жо­лы болар еді.

Тағы да Ахмет Байтұр­сын­ұл­ын­ың сөзімен айтатын болсақ – «Ұлт жұмысы үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек».

Бостандық халықты бо­дан­­­дықтан да қатты сынай­ды деген даналық сөз бар. Ол сөз­дің даналығы парадоксқа құ­рыл­ғанында. Былайша қарағанда құлаққа кірмейтін қисынсыздық сияқты. Ал дұрысында бодан­дық­та болғанда айтқанға көніп, айдауға жүрсең жетіп жатыр. Сен үшін басқалар ойланады, сен үшін басқалар шешеді, бас қатырмайсың. Бодандығыңа қор­ланып, бостандық берме­ген­дерді сыртынан сыбап қойып, құлақкесті күйде жүре бере­сің. Ал бостандықта ше? Бос­тан­­дықта ойланатын да өзің, орын­­дайтын да өзің, бәріне өзің жауаптысың. Бұл ойды жаһан­дану­дың жұлқыған желі күшейіп бара жатқан мынандай заманда айрықша атап айтқымыз, қадап көрсеткіміз келеді. Дүние тағы да дүбірлеп тұр. Әлем биполярлы сипатқа қайтадан ауысып барады – дүниедегі саяси күштер екі полюске бөлінуге бейімделіп тұрғандай. Санкциялар соғысы жүріп жатыр. Адамзаттың бір­кел­кі­ленуі, ұлттық белгілердің бірте-бірте шайылуы күшейіп барады. Мұның бәрі біздей жас мем­лекетке, тәуелсіздігінен бір­не­ше ғасыр бойына ажырап қалған біздей халыққа үлкен сынақ. Жаһандану жағдайында ұлт­­тық қадір-қасиеттерімізді қас­­терлеп сақтау өте маңызды. Қа­­зірдің өзінде халықтық қал­пы­­мызға сызат түсе баста­ға­нын ендігі жерде жасырып-жаба берудің жөні жоқ. Та­лай адамның, соның ішінде жас­тардың еңбектен бой таса­лай­тын болғаны, ауырдың үстімен, жеңіл­дің астымен жүріп, арзан жолмен қымбат қазына табу­ға тырысатындар көбейгені, ма­сы­лдық пиғылдың дендей баста­ғаны, мемлекеттен алу үшін ал­дымен сол мемлекетке беру ке­рек­тігін ұмытатындар қата­ры ұл­ғайғаны жан ауыртады. Елбасымыз да, Президентіміз де бұл жағдайға орынды алаң­дау­шы­лық білдіруде. Осы орайда атқа­рар ісіміз жеткілікті.

Азғантай уақыттан кейін біз ХХІ ғасырдың үшінші онжыл­ды­ғына қадам басамыз.

Күрделі проблемалар қашан да болған. Біз соның бәрін біртіндеп шешіп келеміз.

Алда туындаған мәселелерді де толық шешеміз.

Барды бағалап, жоқты сара­лап, өз мүддесіне жету үшін, ең алды­мен елдің мүддесін қа­пы­сыз қам­дайтын естияр азамат бола бі­ле­йік.

Еліміздің даму формуласы осыдан 28 жыл бұрын қа­был­­дан­ған. Елбасы Н.Ә.На­зар­баевтың сөзімен айтсақ, «Бостандықты бағалаудан, азаттықты ардақ­тау­дан, тәуелсіздікке тәу етуден артық ешбір бақыт жоқ. Тә­­уел­­сіздік – тәуекел еткеннің ға­на тағдырына бұйыратын ба­­қыт!». Осы айтылған нәрсенің бә­рін «Тәуелсіздік», «Бірлік», «На­мыс» деген тұжырымдармен түйін­­деу­ге болады.

Ұлт болып ұйысып ұмтыл­ма­сақ, жұрт болып жұмылмасақ есеміз кетеді. Рухымыз биік, жо­лымыз нұрлы, мемлекетіміз мәң­гі болсын!

Тәу етер жалғыз кие­міз­ді – Тә­­уел­­­­сіздігімізді баға­лай бі­ле­йік, кө­зі­міздің қара­шығын­дай қорғай бі­лейік, әлеумет!

5

 

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы