Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2019

Алматыда «Құрбан болған тұлғалар» атты көрме ашылды

568 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейінде қазақ халқының Үш бәйтерегі, сталиндік зобалаңның құрбандары, артына өшпес рухани мұра қалдырған қазақтың ақиық ақыны, қоғам қайраткері – Ілияс Жансүгіров, жалынды ақын, жазушы, дарынды драматург Сәкен Сейфуллин мен жазба әңгіменің хас шебері, танымал жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына орай «Құрбан болған тұлғалар» атты көрмесі ашылды.

Алматыда «Құрбан болған тұлғалар» атты көрме ашылды

Тарихи деректерге сүйенсек,1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам Кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар зиялы қауым өкілдері ұшыраған. Бар өмірін қазақ халқының руханиятына арнаған тұлғалардың 125 жылдығына арналған іс-шаралар ел көлемінде кешенді қолға алынуда. Осыған орай Орталық музейде ұйымдастырылып отырған көрменің негізгі мақсаты – 30-40 жылдары құрбан болған зиялы қауымның азаматтық тұлғасымен таныстыру, өзге де дара тұстарын өскелең ұрпаққа насихаттау болып табылады  

Көрмеге Орталық музей қорындағы  Ілияс Жансүгіровтың, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің жеке кешендеріндері, сонымен қатар замандастары–Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың  мұрағаттан алынған материалдары қойылды.

Сондай-ақ келушілер назарына сол жылдардағы зиялы қауымның жұмыс кабинетінің көрінісі мен С.Сейфуллиннің жеке мөрі, алтын сағаты, портсигары, сакваяжы және  заттары ұсынылды. Келушілер назарына ұсынылып отырған бұл көрме танымал арыстардың Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағаты және «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітапханасымен бірлесіп  ұйымдастырылды.