БІРДЕ...
Атақты суретші Рерихтың шеберханасында бір сыншы суретшінің «туындысына» қарап тұрып:
– Қандай ғажап дүние! Өзіндік өрнек, өзгеше құбылыс қой мынау! – деп таңданыс білдіргенде Рерих:
– Е, ол ана сурет салып жатып қаламымды әлсін-әлсін тазартып тұратын орын ғой... – деген екен.
***
Кеңестер одағының халық артисі Махмуд Эсамбаев 1991 жылдың наурыз айында телебағдарлама жүргізуші Сергей Дитячевке бүкілодақтық сыйлықтың дипломын тапсырып:
– Жоғарғы атағың құтты болсын! – деп құттықтағанда Сергей Дитячев:
– Е, бұл атақты осымен үшінші рет алуым... Осы бүкілодақтық үш атақты бір ғана «Ресейдің еңбек сіңірген артисі» деген атаққа айырбастап алмасқа болмас па екен... Айырма болса мен төлеуге әзірмін... – деген екен.
***
Оноре де Бальзак графологиямен айналысқанды, яғни адамның жазуына қарап мінез-құлқын, болашағын ажыратуды жақсы көрген екен. Бір бикеш Бальзакқа оқушының дәптерін көрсетеді де, жазуына қарап оқушының болашағы туралы айтып беруін өтінеді.
– Сіз бұл баланың шешесісіз бе?
– Жоқ.
– Онда мен бар шындықты айта алады екенмін: бұл бала – жеңілтек, жалқау әрі топас. Оның қолынан еш жақсылық келмейді.
Бикеш ішек-сілесі қатып күледі.
– Бальзак мырза, сіз қалайша өзіңіздің жазуыңызды танымай қалдыңыз? Бұл сіздің мектепте оқып жүргендегі дәптеріңіз ғой...
Сол күннен бастап Бальзак графологиямен айналасуын доғарыпты.
***
Брежнев кабинетіне кірген Сусловқа:
– Жолдас Суслов, сіз менің « Тың» атты кітабымды оқыдыңыз ба? – дейді.
Сасып қалған Суслов:
– Оқығанда қандай, Леонид Ильич, екі қайтара оқып шыққанмын, – деп кетуге асығады.
– Кіруіңізден кетуіңіз жылдам болды ғой? – дейді Брежнев.
– « Тыңыңыз» ғажап кітап, үшінші рет оқып шықсам ба деп тұрғаным, – деп шыға жөнеледі.
Сонда Леонид Ильич ойланып: «Ойпыр-ай-ә, бәрі ғажап кітап дейді... қой, оны мен де оқып тастайыншы...» – деп «Тыңды» қолына алыпты.