Алматыдағы қызметі ерекше емдеу мекемесінің бірі – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасы «Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны». Аты айтып тұрғандай, емхана жасы ұлғайған жандарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға, сонымен қатар аумақтық тіркелген тұрғындарға медициналық көмек көрсететін қалалық кеңестік-диагностикалық орталығы болып есептеледі.
Ақ самайлы ардагерлердің бүгінде азайып бара жатқаны рас. Сондықтан ауқымды және кешендік іс-шаралар жүргізуді талап ететін емдеу орталығы да замана көшінен қалмау үшін көп тірлік атқаруда. Қазіргі таңда бұл емхананы медицина ғылымдарының докторы Қалдыбай Мадибраимов басқарады. Ол кісінің геронтология саласындағы науқастардың денсаулығын тексеру мен емдеудің заманауи технологияларының бастамашысы екенін айта кетсек артық болмас.
Медицина дамып жатқан заманда емхана қызметі сапалы деңгейге көтеріліп, заманауи технологиялар осынау мекемеден табылуы тиіс қой. Осы мәселені бірінші кезекке қойып отырған Қалдыбай Мақатайұлы ардагерлердің көпшілігі қазір өз бетінше жүріп-тұра алмайтындығын, оларға үлкен күтім керек екендігін айтады. Сондықтан дәрігерлер науқастардың үйлеріне жиі барып, денсаулығын бақылап, емдеп отырады.
Қазіргі кезде емхана қызметпен қамтып отырған тұрғындар саны – 33173 болса, соғыс ардагерлері мен оған теңестірілген ардагерлер саны – 12457 екен. Оған қоса соғыс ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға медициналық қызмет көрсету қаланың жеті ауданы бойынша іске асырылады.
Мұнда жыл сайын қан айналымы, ішек обыры, қант диабеті, глаукома ауруларына қатысты алдын ала профилактикалық тексерулер, маммографиялык зерттеулер жүргізіліп жатады.
2000 жылы 30 төсекті күндізгі стационар бөлімшесі ашылған болатын. Осы күндізгі стационар ыңғайлы жиһаздармен, тұрмыстық техникамен, емдейтін физиотерапевтикалық аппараттармен жабдықталған.
Сол сияқты, аталмыш емханада жүкті әйелдерді есепке алу жолға қойылған. Алдын-алу жұмыстарын белсенді жүргізу арқылы жақсы көрсеткіштерге жеттік, оның ішінде жүкті әйелдерді темір және йодтапшылығынан емдеуге және оның алдын алу тегін жүргізіледі, – дейді бас дәрігердің емдеу ісіне жауапты орынбасары Гүлнар Шахманова.
Жыл сайын емханада С.Ж.Асфендияров атындағы Қаз ҰМУ кафедраларын тартумен «Ашық есік күні», «Қарт тұлғалар күні» деген іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар, Ардагерлер қоғамының өкілдерімен дөңгелек үстел өткізіледі.
– Ауруларды емдейтін күндізгі стационардың, үй жағдайында көмек көрсететін стационардың, күндіз келіп емделетін жартылай стационардың көмегін мүмкіндігінше кеңейту керектігі сезілуде. Жасы ұлғайған науқастарды консервативті терапиямен емдеу керек. Осыған байланысты Ұлы Отан соғысы ардагерлері емханасының аумағында соғыс ардагерлері мен еңбек және оған теңестірілген тұлғалар үшін стационарды алмастыратын күндізгі стационар ашылса дейміз, күніне бір рет түскі ас беретін, жақсы физиотерапевтік бөлімшесімен, сумен емдеуге, медициналық және сауықтыру шараларын өткізуге арналған санаторийлік стационар болса немесе «Ардагер» кешендік санаторийі сияқты стационар бөлінсе дейміз, – дейді емхана жетекшілері.
Міне, осылай Алматыдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасы өз емделушілерінің денсаулығын қорғауда қолдан келген көмекті жасап, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуде. Өйткені, қарт адамдарды кешендік қорғау мемлекет саясатының басымдылығына ие болып келеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.