Күрес • 10 Желтоқсан, 2019

Қазақ күресінде қапы қалмады

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда «Конфедерация кубогы-2019» турнирінің финалы өтіп жатыр. Бокс, күрес, дзю-до, таэквондо, каратэ және қазақ күресі сияқты күш қолданылатын спорт түрлерінен командалар арасында өтетін бұл республикалық турнирдің даңқы жыл өткен сайын артып келеді.

Қазақ күресінде қапы қалмады

Жылдың ең маңызды спорттық шарасының бірі болып танылатын ол биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Оны Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті Тимур Құлыбаев ұйымдастырып, жүлде қорын - 165 млн теңге шамасында тағайындаған.

Бүгінге дейін аталған спорт түрлерінің бірнешеуі бойынша финалдық жарыстар аяқталып, жеңімпаздар белгілі болды. Соның ішінде Түркістан облысының командасы бокста жеңімпаз болса, Шымкент қаласының балуандары грек-рим күресінде үздік шықты. Алматы қаласының командасы каратэ мен таэквондода ешкімді шақ келтірмеді.  

Ал кеше, финалға шыққан Солтүстік Қазақстанның «Қызылжар арландары» командасы қазақ күресінде жұрттың бәрін жеңіп, чемпион атанды. Біздің өңірдің балуандары Қарағандының «ЗАК КАР», Алматы қаласының «Qazaq kuresi» және «АОСК» (Армия орталық спорт клубы) спорт клубтарымен бақ сынады.

Облыс намысын қорғаған солтүстікқазақстандықтар жартылай кезеңде Қарағанды облысының «ЗАК КАР» спорт клубымен кездесіп, 4:3 есебімен жеңіске жетті. Финалға шығу жолдамасын ол «АОСК» спорт клубымен сарапқа салып, жеңіске жетті.

Жерлестеріміз финалда алматылық «Qazaq kuresi» клубымен кездесіп, 1 және 2 орынды сарапқа салды. Қарсыластарымыз алдағы әлем чемпионатына қатысуына байланысты екі салмақта балуан шығара алмады. Соның нәтижесінде кездесулер 4:0 есебімен аяқталды.

Сөйтіп «Қызылжар арландары» қазақ күресі бойынша тұңғыш рет республика чемпионы атанып, 10 млн. теңгелік жүлдені қанжығаларына байлады.