100 • 17 Желтоқсан, 2019

Халық қазынасын дұрыс пайдаланайық

471 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1939 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған Сәбит Мұқановтың «Халық қазынасын дұрыс пайдаланайық» атты мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Халық қазынасын дұрыс пайдаланайық

Сталиндік үшінші бесжылдық туралы В.М.Молотов жолдастың, БК(б)Р ХVІІІ съезіне ұсынған тезистерінде зор көңіл бөлінген мәселенің біреуі – мәдениет мәселесі. Ергер, 1937 жылы Союздық бюжеттен халықтың мәдениет мұқтажына 30,8 миллиард сом жұмсалса, үшінші бесжылдықтың әрбір жылында 53 миллиард сом жұмсалмақ. Үкіметтің бұл қаражаты мәденет орындарын, көркем өнерді, әдебиетті бұрынғыдан сан рет өсіруге жағдай жасамақ.

ҚК(б)Р Орталық Қомитеті мен Халық Комиссарлары Советінің жақын арада искусство мен әдебиетті өркендету туралы шығарған қаулысы Молотов жолдастың мәдениет жөніндегі тезистерін ұлт республикасының жағдайында іске асыруға ерекше жағдай жасайды. Өркендеуіне Октябрь революциясы жол ашқан қазақ ұлт мәдениеті үшінші бесжылдықта бұрынғыдан да күшті қарқынмен өседі.

Әрине, мәдениетің санымен қатар сапасы да өсу керек. Жаңадан құрылатын мәдениет орындарымен қатар, жасалған мәдениет орындары, шынығып, бойдағы кемшілікерінен арыла, мәдениеті өскен халықтың тілегін толық орындау керек. Сондықтан, біз, Қазақстанда ұлт операсын жасаудың творчестволық жөнінен бірнеше сөз айтпақпыз.

Қазақтың халық музыкасын, халықтың әдебиетін көпшілікке таныту жөнінде зор еңбек сіңірген мәдениет орнының біреуі – Алматы қаласындағы Қазақстанның мемлекеттік опера және балет театры. 1934 жылы, опера-балет театры сахна шымылдығын, бірінші рет, қазақтың халық поэмасы «Айман Шолпан», оған сәйкестенген халық әндерімен ашты. «Айман Шолпанның» алғашқы қойылуы қазақ музыкасының мейрамы сияқтанды. Операда айтылатын халық әндері үйде де, көшеде де, далада да үлкен-кішінің, әйел-ердің аузыннан түспеді. Опера театрының сахнасындағы артистерге барлық ел үнін қосқан сияқтанды. «Айман-Шолманнан» кейін кейін «Қыз Жібек», одан кейін, «Ер Тарғын» ойналды. Осылардың бәрінде халық әні, халық фольклоры кең көлемде қолданылды.

Қазақ елінің халықтық ән-күйін операда пайдалану туралы әртүрлі көзқарас бар. Біреулер, «опера болған соң, ән-күй түп-түгел жаңадан жазылу керек» деген пікірлерді айтады. Әрине, бұл дұрыс пікір емес. Егер біз опера жасауда халық әдебиетінен қашпасақ, халық музыкасынан да қашпаймыз. Әдебиет пен музыка егіз қозыдай, олар бір-бірімен көркем.

Мәселе, қазақтың халық музыкасын алу-алмауда емес, қалай алуда. Ән-күйі адам жанының белгілі бір жағдайында (қуаныш, күйініш т.б) шығуы талассыз болса, бір жағдайда шыққан ән күйді, ол жағдайға ұйқаспайтын жағдайда қолданса, әрине, құлаққа жат болып тұрады, көңілге қонбайды. Біздің композиторлар қазақтың халық әнін операға қоланғанда осы шарты кейде ескермейді. Мысалға «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүністің «Шайқалма» дейтін ариясын алайық. Ақжүніс Тананы қастықпен зынданға салдырып (операша) өз зұлымдығына өзі сүйсініп, ария айтқанда «Шайқалма» дейтін әнді қолданады. Шынында, халықтың айтуында «Шайқалма» әні жанның зұлымдық күйін көрсететін ән емес, шаттық, сайран күйін көрсететін ән. Ол әннің халықтық өлеңі былай:

«Мінгенім көш алдына тайқалмалы,

Жорғасы жануардың байқалмалы.

Алтайда Құлтумамен болдым жолас,

Салады осынау әні шайқалмалы».

Әннің шаттық, сайран әні екендігі өлеңнің сөзінен-ақ көрініп тұрған жоқ па?

Олай болса, халық әндерін операға қолданғанда, олардың шыққан тарихын, жағдайын зерттеп, өз шыққан жағдайына сәйкес жағдай қолану керек.

Қазақтың халықтың ән-күйі екі жүйелі: біреуі – шығарушысы ұмытылған, халық мүлкіне, фолкльорға айналған ән-күйлер, екіншісі – шығарушы авторы бар, шыққан тарихы себебі бар ән-күйлер. Бұларды да кезегі келген жерде операға пайдалануға болады. Бірақ екі шартпен: бірінші – шығарушы адамның аты аталсын, қалпынан өзгермесін; екінші – орынды жерінде қолданылсын.

Қазақтың атақты композиторы шығарған, авторы, тарихы мәлім, ән-күйлердің көбіне опера театры қиянат жасап жүргені,– көптің аузындағы сөз. Мысалға Ақан серінің «Құлагер» атты әнін алайық. Ақан сері (1843-1913ж) тарихта болған адам. Оның ақындық әншілік композиторлық таланты да тарихта мәлім. «Құлагер» әні шығуға себеп болған жағдайды оқығаны жұрт тегіс біледі. Осы әнге опера театры екі қиянат жасап жүр: бірінші – әннің ақындыкі екені айтылмайды, Брусловский «шығарған ария», Елемес «ариясы» боп саналады; екінші әннің аяғындағы «Беу, Бөрібай, әй, Керім-ай» дейтін қайырмасы «Беуқадиша-ай» боп өзгереді. Ақанның «Құлагеріндегі» «Бөрібай, Керім-ай» деген сөздердің тарихы, көркемдік, психологиялық мәні бар. Оларды бұзса әннің тарихи көркемдігі бұзылады.

Ыбырайдың «Гәккуі» Қыз Жібек «ариясы» болуы, Біржанның «Жанботасы» Жарастың «ариясы» болуы, Исаның «Желдірмесі» Жантық әні болуы, тағы сондай тарихи әндер жауапсыз қолданылуы Қазақстан мемлекет опера театрында дағдыға айналған жағдай. Әрние, бұдан, қазақ операсын жасаған композиторлар халық әнінің көлемінен шықпасын деген мағына тумайды, және опера жазу,я, халық әндерінен құрған операларда жаңа ән-күйлер қосу,я, халық әндерін өңдеу – композиторлардың міндетті істері. Біздің айтарымыз: тарихи қиянатқа жолама, жауапсыздыққа салынба, оңай олжаға шаппа деу.

Бірнеше сөз операның либреттолары туралы.

Қазақстан мемлекет опера театрының репертуарында әзір басым тема фольклор.

Фольклордан театрдың опера ғып көрсеткен әдебиет шығармалары – аттары халыққа әйгілі, атақты халық поэмалары: «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Айман Шолпан». Бұл үшеуіде халық әдебиетінің қымбат қазыналарының алдынғы қатардағысынан саналатындар.

Театрдың бұларды көрсетуі – көптің көңілінен шыққандық.

Қазақ опера театрында қойылып жүрген спектакльдің европалық опера театрында қойылып жүрген спектакльдерден біраз өзгешелігі – европа театрында ойналатын операларда композиторлар сөзді музыкаға бағындырып, керекті сөзді музыканың тілегіне қарай алады. Сондықтан, онда, негізгі рөл либреттода (сөзге) емес, музыкада.

Қазақ опера театрында негізгі рөл музыкада емес, сөзде, либреттода. Біздің опералардағы либреттолар, шын мағынасындағы либретто емес, олар кәдімгі, шын мағынасындағы пьесалар.

Әриние, пьесада поэманың құрылысын толық сақтауға болмайды. Поэма мен пьесаның құрылу заңы екі басқа. Егер поэманы поэмалық қалпынан өзгерпеймін десең, одан пьеса шығара алмайсың. Сондықтан бізідң либретто авторларынан талап ететініміз, халық поэмасының композициясын бұзбау емес, көркемдігін, негізін идеясын, негізгі образдың, кейіпкерлерін бұзбай – қалпында сақтау.

Бұл шартқа, жоғарыда аталған үш пьесаның ішінде толығырақ жауап беретіні «Қыз Жібек». «Қыз Жібек» пьесасында «Қыз Жібек» поэмасының негізгі мотиві, негізгі образдары, кейіпкерлері сақталған, қайта, поэмада көмескі Бекежан образы пьесада айқынырақ, ашығырақ көрінген.

«Ер Тарғын» поэмасы мен «Ер Тарғын» операсының арасында көп айырма бар. Пьесада Қартқожақ батырды: тасырқой, өзімшіл, баққұмар боп сипаталды. Поэмада ол сүйкімді батыр. Ақжүністі алып қашқан Тарғынды, Ақшаханның бұйрығымен қуған Қартқожақ қуып жетіп, Тарғын кезек бергенде жас батырды өлтіруге қимай, өзін атпай қорамсағын атады.

Сөзден жеңілген Тарғын Ақжүністі қолына тастап кетіп қалғанда, Қартқожақ ерлік көрсетіп, озбырлық қылмай, еркіне, сүйгеніне қосылуға босатады. Халық жасаған мұндай сүйкімді образды пьесада бұзу, теріс көрсету дұрыс емес, ол – халық шығармасына қиянат жасағандық.

Халық поэмасында Ақжүніс ең сүйкімді, ең ардақты образ. Поэмада ол, ең алдымен, өзі хан қызы бола тұра, басқа елден жалғыз келген Ер Тарғынды жалғызсынбай, хан, бай тұқымы емес демей, қара басын, батырлығын, кісілігін, жігіттігін бағалап, өз еркімен сүйеді; ордасын, сән-салтанатын тасап Тарғынға жеке басы еріп кетеді. Осындай қыз жаман бола ма?

Екінші – Ақжүніс Қартқожақты қайраты, ақылы, шешендігімен жеңіп, еркіне босанады. Ақжүністің айтқан сөздері – «Ер Тарғын» поэмасының тұздығы. Сондықтан ол сөздер халықтың аузынан түспейді, халық оны күні бүгінге дейін тамаша, тәтті көре жырлайды, ең жақсы әйелді халық осы күнге дейін «Ақжүністей аруым» деп мақтайды.

Осы сықылды: ақыл, қайрат, адамгершіліктің тамаша бейнесі боп жасалған Ақжүніс образын, театр: сайқал, опасыз, бұзық қылып көресетеді. Мұның аты не? – әрине, тариха, халыққа, халық әдебиетіне озбырлық жасау.

Бірақ «Ер Тарғын» операсына Ақжүніс пен Қартқожақ образдарын бұрмалағаннан басқа, Тарғынның өзі туралы, басқа батырлары туралы, хандар туралы театрдың беті дұрыс, бұлар ойдағыдай берілген, халық ұғымынан, поэма ізінен аулаққа кетпеген.

Ал «Айман Шолпан» операсы халық поэмасынан атымен қол үзген; поэманың арнасы, желісі бір басқа қалып, опера бетімен кеткен; поэмадағы халық образдарын теріс, қате көрсеткен.

«Айман Шолпан» опера театрында, екі вариантта көрсетілді. Алғашқы вариантында жалғыз Көтібар образын поэмадан басқаша, сықақ қып көрсеткені болмаса, өзге образдар (Арыстан, Әлібек, Теңге, Айман, Шолпан) негізінде дұрыс, сүйкімді еді. Кейін өзгертіп, қайта жазғанда, автор Мұхтар Әуезов жолдас бастапқы алған жолын тастап, қате, теріс жолға түсті. Поэмада сүйкімді көрінетін образдардың бәрі мысқылдың ысқырықтың құралына айналды. Мұндай халық поэмасын, халықтың сүйкімді образдарын сықақтау, мысқылдау жолына неге түскендігі, авторға болмаса, көлденең кісіге көмескі.

«Айман Шолпан» поэмасын халық неге жасады? Оның шығуына тарихи себеп не еді?

Көтібар тарихта болған адам. Ол Исатай, Махамбеттің тұтқасын және солар басқарған халық көтерілісіне белсене хатысқан батыр. Көтібардың баласы Есет те Патша үкіметіне, ханға қарсы болып, атақты Бекет батыр екеуі ХІХ ғасырдың 5 жылдары Арыстан ханды өлтіріп, ақырында абақтыға түсіп, көп азап шеккен. Сондықтан Көтібар да оның інісі, Арыстан да, баласы Есет те ел ұғымында ардақты адамдар.

ХІХ ғасырдың орта кезінде қазақ байларының, хандарының көмегімен, Патша үкіметі қазақ халқын өз әкімшілігіне қаратты. Бұрын өз хандары мен байларлы талаған қазақ еңбекшілерін Ресей помещик-капиталистері қоса талады. Патша үкіметі халыққа қорған болған халықтың адал ұлдарын, әсіресе отан қорғағыш батырларын қысымшылықта ұстады, еңсесін көтертпеді, олар халықты көтеріліс жасар деп қорықты.

Патша үкіметі батырдың орны байды көтерді, байдың байлығын өсіруге, еңбекші халықты қинау жолын кеңірек ашты. Патша үкіметіне арқаланып кеудесіне нан піскен байлар халықты, халық батырын қорлап, кемсітіп ұстады. «Айман Шолпан» поэмасын халық байларының осындай мейманасы тасығандығын көрсету үшін, оған халықтың қарсылығын көрсету үшін шығарды. Поэмаға негіз болған оқиға: Шөмекей дейтін рудың аз руы, елдің жиналуы, осы жиында да тігілген бас үйге Маман бай мен Көтібардың таласы, Маманның мазағына шыдамаған Көтібардың Маманды кейін жауып алуы.

Сырт, үстірт қараған адамға Маман мен Көтібардың тасасы – ру таласы сияқты, бірақ поэманы сығалап оқыған кісі одан тап таласын көреді. Үйге таласқанда Маман бай, Көтібар батырды поэмада былай деп кемсітеді:

«Маман айтты: дәулеті бар немедей,

Жүр еді осы шекті кезі келмей,

Үй таңдап біздің елден не қылады

Су артқан қара табан құрма кедей?

 

Елінде мендей жұмақ биі бар ма?

Кедейдің айуан малдан күйі бар ма?

Үйіне ақ тамбаған қу кедейдің

Алтынды бақтырулы үйі бар ма?

 

Қыстауым, жас жайлауым Шабыра-ды,

Сан жылқым Шабырға жайылады.

Астында қамыс үйдің жатқан кедей,

Үй таңдап біздің елден не қылады?»

Міне, бұдан айқын тап тартысының сарыны бола ма? Бұл рудың руды кемсітуі емес, байдың кедейді кемсітуі емес пе?

Маман мен Көтібар қатар тұрғанда, тілегі Көтібар жақтағы халық, әйел мәселесіне келгенде әділдігін және ұмытпайды: Айманға ақылдылық, бірін-бірі шапқалы даярланған екі елді бүліншіліктен құтқарады.

Осындай асыл поэманы, оның бағалы образдарын Мұхтар теріс көрсетіп, маңызын кетіріп, негізгі арнасын тас-талқан қылып бұзып, жүз жылдай халық сүйіп келген қымбатты образдар: Көтібар, Арыстан, Айманды сықақ бейнелі типтерге айналдырып жібереді.

Бұл қателігі үшін Мұхтарға екі себеппен қатты айтуға болады: бірінші – Мұхтар сауатты, әдебиет заңын, әсіресе, драмматургия заңын жақсы білетін адам; екіншісі – Мұхтардың бұл пьесасы тарихи жаңа саяси зор мәні бар бір документтен кейін жазылды, ол – Орталық комиттеттің тілі – «Правда» газетінің 1936 жылы «Батырлар» деген пьеса туралы мақаласы. «Правда» – «Батырлар» пьесасын сынағанда, сахнадан алдырып тастағанда, «тарихты, халық әдебиетін, халық сүйген образдарды теріс бұрды» деген саяси айыптармен алдырды. Осы сигналды Мұхтардың ескерерлік жолы бар-ақ еді. Мұхтар бұл документті көре-тұра ескермеді. «Батырлар» пьесасындағы залалды пікірді сол күйінде қайталайды.

Алдағы күнде мұндай кемшіліктерді жойып, халық музыкасын, халық әдебиетін дұрыс пайдаланайық.

Сәбит МҰҚАНОВ