Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2019

Түркістан: Тапсырманы орындамағандар қызметімен қоштасады

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқының саны 2 миллионнан асатын Түркістан облысында 86,6 мың көп балалы отбасы бар. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету барысында белгіленген нысаналы индикаторының бірі – күнкөріс деңгейінен төмен тұратын халықтың үлесі 16,5% болып белгіленген. Биыл облыс бойынша АӘК көрсету мақсатында жалпы 70,8 млрд.теңге бөлінген, оның ішінде республикалық бюджеттің үлесі -  65,7 млрд теңге. Атаулы әлеуметтік көмек 100 мыңнан астам отбасындағы 632,8 мың адамға тағайындалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.

Түркістан: Тапсырманы орындамағандар қызметімен қоштасады

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева осындай деректерді келтірді. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі соңғы мәліметтер мен орын алған кемшіліктер талқыланған жиында қайта есептеулердің уақтылы жүргізілмеуі, құжаттардың дер кезінде өңделмеуі, бюджет қаржыларының дұрыс жоспарланбауы және алдын-ала бір жылдық АӘК төленуі олқылықтарға себеп болғаны айтылды.

Осыған байланысты, аудан, қала әкімдері жылдың соңына дейін қаржының мақсатты және заң шеңберінде төленуін жете бақылауға алып, АӘК алушыларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуы қажет. Атаулы әлеуметтік көмекті көрсету – халық арасында ұдайы талқыланып, сынға іліккен мәселе болғанын айтқан облыс әкімі тапсырманы осы жолы орындаудан тайқығандар қызметімен қоштасатынын қатаң ескертті. «Бұл өте маңызды мәселе. Жүйелілігі жоқ жұмыстың шикілігі шығады. Оған жол берген жауаптылардың кінәсін нақты фактімен дәлелдеп, жазалайтын боламыз. Қазір тың идеясы мен ақылы бар мамандарды аңдыған заман. Заманауи технологияны игерген, идеялы тұлғаларды жұмысқа тартыңдар», деді аймақ басшысы жиналыс барысында.

Басқарма басшылығы әлеуметтік шиеленістерге жол берген, міндетті шараларды жүргізбеген жұмыспен қамту орталықтары басшыларының қызметтен босатылуын, тиісті жауапты мамандардың орындаушылық тәртібін қарауды ұсынды. Ауыл әкімдерінің, жұмыспен қамту орталықтары мен бөлімдері мамандарының біліктілігін анықтау мақсатында желтоқсан-қаңтар айларында тестілеу жұмыстары жүргізілмек.