Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2019

Таразда су тарифі көтеріледі

445 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев облыс орталығын сумен қамтамасыз етіп отырған «Тараз су» кәсіпорнының жұмысымен танысты.  

Таразда су тарифі көтеріледі

Әкім кездесу барысында өзінің орынбасары Қайсар Сарытайға судың тарифін көтеруге, қаладағы егесіз су құбырларын қаланың теңгеріміне алуға және «Құмшағал» шағын ауданындағы су мұнарасының күрделі жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаражат қарастыруға тапсырмалар берді.Тұрғындармен кездесу барысында тұтынушыларды сумен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды.

Мекеменің артықшылығы да, кемшілігі де айтылды. Қазіргі кезде «Тараз су» мекемесінде 687 жұмысшы бар екен. Аталған кәсіпорын 92 110 жеке тұлға мен 4534 заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Алайда Тараз қаласында бүгінде 350 мыңнан астам тұрғын болса, оның 80000-нан астамы әлі таза ауыз сумен қамтылмаған.

Алайда, әкіммен кездесу барысында аталған мекеме «Тараз қаласының сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту» жобасы аясында ұңғымалар мен сорғы станцияларын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізген. Сондай-ақ мекемеге «GRUNDFOS» неміс компаниясының жаңа сорғылары, заманауи шығын өлшегіштер орнатылып, арнайы техника және жабдықтар сатып алынған.