Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2019

Жаңғырған Жамбыл өңірі

1495 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһары көненің көзі, тарихтың өзі. Кезінде Әулиеата аталған Жамбыл облысының құрылғанына бүгінде 80 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында аймақта талай тарихи оқиғалар мен өзгерістер орын алып, ұлт тарихының елеулі кезеңіне айналды. Тәуелсіздік жылдары Әулиеата өңірі, Тараз шаһары қайта түлеп, еліміз бойынша өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Бүгінде Жамбыл облысы дамудың даңғыл жолына түсіп, тұрғындардың тұрмысын тіктеуде көптеген игі іс атқаруда. Мәселен, Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының және Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтың қайта күрделі жөндеуден өткізілуі, «Даңқ» залының ашылуы сияқты оқиғалар ел есінде. Жаңа ашылған «Ерлік» мемориалдық кешені, «Ғибрат», «Желтоқсан-86» орталықтары, «Білім» алаңы да өңір сәулетін арттыруға өзіндік үлесін қосуда. Бұдан бөлек, облыс орталығында және аудан орталықтарында да көптеген нысан ашылып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Сонымен қатар тұрғын үйлердің салынуы, көптеген әлеуметтік нысанның пайдалануға берілуі де өңірдің дамығанын көрсетеді. Енді Жамбыл облысының 80 жылдығына орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Тараз қаласында «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, соңғы жылдары Жамбыл облысында көптеген игі жоба қолға алынып, өз жемісін беруде. Бір сөзбен айтқанда, Жамбыл облысы бүгінде дамыған, жаңғырған аймаққа айналып отыр. Әулиеата аймағы тарихи тұлғалардан да кенде емес. Әр салада жетістікке жеткен қайраткер тұлғалар көптеп саналады. Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза есімдері ұлттың ұлылығын көрсетеді. Осындай қастерлі тұлғалар легі ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасын тауып келеді. Осы орайда Әулиеата өңірінен шыққан көрнекті қайраткерлер туған жерге деген ыстық лебізін жолдап, перзенттік пейілін білдірген болатын...

Жаңғырған Жамбыл өңірі

Асанәлі ӘШІМОВ,

КСРО халық әртісі:

– Қасиетті Әулиеата өңірінің 80 жылдық мерейтойы келе жатыр. Айтулы мерекемен жам­был­дық жерлестерімнің бә­рін де құттықтаймын! Жамбыл облысы әр уақытта да жақ­сы­лық пен жетістікке жетіп ке­ле­­ді. Береке жұғысты болған сол облыста туып-өскеніме мақ­та­намын. Той тойға ұласа берсін! Жетістік көп болсын! Жамбыл өңірі еліміздегі шырай­лы аймақтың бірі. Өзім сол жерде өмірге келгендіктен де оның әрбір жетістігіне қуанамын, келе­ше­гіне көп көңіл бөлемін. Әрдайым жетістігі көп болса екен деп тілеймін!

 

Өмірбек БАЙГЕЛДИ,

мем­лекет және қоғам қай­рат­­кері:

– Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Кезінде Әулиеата уезі болған аймақ кейіннен Жамбыл Жабаев атын алды. Мирзоян атымен де аталғанын білеміз. Жалпы ілгері замандағы Батыс Түрік қағанатының, қазақ мемлекетінің ұлы ордасының астанасы болған Тараз деген қала тарихтан бел­гі­лі. Мұның барлығы да сол елдің өскенінің, өркендегенінің бел­гі­сі. Сондықтан да халықпен бірге қуанышты қарсы аламыз. Жам­былдықтарға зор келешек тілей­міз. Енді халықтың өмірінде ешқан­дай да ауыртпашылықтар бол­ма­сын!

 

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері:

– Өзім дүниеге келген Жамбыл облысы менің өмірім­нің қайнар бұлағы, бастауы. Сон­дықтан да Отан қуат, отбасы шуақ болса, Әулиеата өңі­рі менің жанымның шуағы. Туған жер – алтын бесігімнің тарихы. Жамбыл облысының бүгінгі мерейі ел ертеңіне деген сенім, халықтың асыл мұраты. Бұл киелі де әулиелі өлке қазақ тарихындағы ұлы оқиғаларға куә болған мекен. Қазақ хандығы туының алғаш осы топырақта тігілуі, айтулы тарихи оқиғаның 550 жылдығының Жамбыл облысында аталып өтілуі де тегін емес. Бұл біздің өлкеміздің ерекше екенін тағы бір рет көрсеткен оқиға еді. Ауасы шипа, жусаны жұпар, жері анамдай, елі панамдай болған туған жерімнің 80 жылдық белесі құтты болсын!

 

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл. Бұл біздің өңіріміздің көркейгенін, өсіп-өнге­нін көрсетеді. Осындай ұлы күнге біз халықтың, ел деп еңбек еткен азаматтардың арқа­сында жетіп отырмыз. Өзім де Жамбыл жерінің тумасы болғаннан кейін, туған жерім­ді жиі еске аламын. Әрбір жетіс­тігіне қуанып келемін. Сон­дық­тан да туған жеріміз табысты болсын! Олимпиада жеңім­паздары көп болсын! Біз дүние­ге келген жерімізді ешқашан ұмыт­пауымыз керек. Қасиетті Әулиеата өңірінің алда талай жетістіктерге жететініне сенемін!

 

Жамбыл облысы