Қоғам • 11 Желтоқсан, 2019

Жамбыл облысының Сарысу ауданында ит-құс көбейіп барады

555 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл облысы, Сарысу ауданының қыстаудағы шаруаларын қасқырлардың көбейіп кетуі алаңдатып отыр. Бір шаруаның өзінен жыл басынан бері ірілі-ұсақты 11 мал шығын болған екен. Бұл әрине мал шаруашылығымен айналысып отырған малшыларға оңай болмайтыны анық. Дегенмен, жергілікті әкімдік шаруаларға көмек қолын созып, ит-құспен күресуде пәрменділік танытуда.

Жамбыл облысының Сарысу ауданында ит-құс көбейіп барады

«Алдыңғы демалыста, яғни, 30 қараша күні Жайылма, Игілік, Жаңаталап ауылдық округтеріне қарасты 25 шаруашылық, осы демалыс күні Жайылма, Досбол ауылдық округтеріне қарасты 22 шаруашылық, барлығы 47 шаруашылықтың қыстаулары араланып, зерделенді. Ауылдардағы 47 шаруашылықта 1979 мүйізді ірі қара, 16211 уақ мал, 1037 жылқы, 730 түйе қысқа түскен. Малдың қоңы жақсы. Кей жерлерде жантақ пен изен қалың. Шаруашылықтар қысқа қажетті мал азығымен қамтылған. Шаруаларды алаңдатып отырған мәселе – ит-құстың көбейіп кетуі. Бір шаруадан жылдың басынан бері ірілі-ұсақты 11 мал шығын болған», дейді Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек.

Әкімнің айтуынша, күн суытқалы бері тай-тулақты қойып, ту биелер де ит-құсқа жем болып жатыр екен. Осы орайда Қанатбек Мәдібек заң талаптарына сай тиімді жоспар құру қажеттігін, себебі бұл малдан бұрын адамға қауіпті болуы мүмкін екенін айтады. Жалпы, бүгінде аудан бойынша 168 шаруа малымен елді мекендерден тыс жерлерде отыр екен.

 

Жамбыл облысы