Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2019

Батыс Қазақстан облысында газ кешені іске қосылды

410 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Чинарев мұнайгаз конденсат кен орнында табиғи газды ауыр көмірсутегінен тазартып, техникалық пропан, тауарлы құрғақ газ, пропан-бутан қоспасы және қалыпты газ конденсатын алуға болатын жаңа кешен жұмысын бастады. «Жайықмұнай» компаниясының соңғы үлгідегі №3 газды кешенді дайындау қондырғысын іске қосу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев арнайы барды.

Батыс Қазақстан облысында газ кешені іске қосылды

Суретті түсірген Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ

Бұл кеніштегі №3 газды кешенді дайындау қондырғысын жетілдірудің үшінші кезеңі. Жаңа, заманауи озық технологияның күшімен бұл қондырғы жылына 2,7 млрд. текшеметр газ өндіре алады. Жетілдіру жобасына 218 млрд. теңгеден артық қаражат жұмсалған.  

– Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Соның арқасында біздің «Nostrum» компаниясы ел экономикасына тұрақты түрде инвестиция салып келеміз. №3 газды кешенді дайындау қондырғысын жетілдірудің үш кезеңнен тұратын жобасы газ шикізатын өңдеу көлемін екі еседен артық көбейтеді. Яғни, өнім өндіру жылына 4,2 млрд. текшеметрге дейін жетпек. Сөйтіп, компания толық күшінде жұмыс істеген жағдайда тәулігіне мұнайдың 100 мың баррелден артық эквивалентіндей өнім шығарады, - дейді кеніштегі технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізуші Nostrum Oil & Gas PLC компаниясының бас атқарушы директоры Кай-Уве Кессель.

Шетелдік инвестицияның отандық экономика әлеуетін көтеруге қосқан оң үлесін өңір басшысы Ғали Есқалиев те атап өтті.

№3 газды кешенді дайындау қондырғысының біздің аймақ үшін мыңызы зор. Өйткені «Жайықмұнай» компаниясы – өңірдегі ең ірі салық төлеушілердің бірі. Бұл жоба өндірістік қуатына толық көшкен кезде салық түсімі, мұнай қоры, жергілікті және мемлекеттік бюджет екі есеге артады. Бұл дегеніңіз өңір мен мемлекет үшін үлкен қолдау. Қазір компания мұнай қорына, мемлекеттік бюджетіне жылына 10-12 млрд. теңге қосып отыр. Бұл жерде 200-ге жуық жұмыс орны ашылды. Кешен құрылысында жергілікті компаниялардың жұмыс істеуі де маңызды болды. Жаңа қондырғы еліміздің ең үлкен мейрамы – Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылуы да тегін емес. Қазақстанның заманауи дамуы, әлемдік бәсекелестікке ұмтылуы да осы тәуелсіздіктің нәтижесі! – деді өз сөзінде облыс әкімі Ғали Есқалиев.

1

«Жайықмұнай» ЖШС – мұнай және газ кен орындарын барлап, өндірумен және мұнай-газ конденсатын сатумен айналысатын компания. «Жайықмұнай» Чинарев кен орнында 1997 жылдан бері тұрақты өнім өндіріп, жүйелі дамып келеді. 22 жыл ішінде кеніш аумағында бұрғылау қондырғылары, жабық құбыр жүйесі, шикізатты жинау, мұнайды дайындау кешендері, №1/2 газды кешенді дайындау қондырғылары іске қосылды. Сұйытылған көмірсутегі газының қоймалары, қысымды бірқалыпты сақтау жүйесі, Белес ауылындағы терминалға дейін магистралды мұнай құбыры салынды. Тауарлы газды магистралды жүйеге дейін жеткізетін құбыр жұмыс істеп тұр.

 

Батыс Қазақстан