Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2019

Оралда «Business Power-2019» бизнес форумы өтті

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында өткен «Business Power-2019» бизнес форумына Қазақстанның батыс өңірінде орналасқан төрт облыстан 700-ге жуық адам қатысқан. «Бұл еліміздегі аймақтық ең ірі форум» дейді шараны ұйымдастырушы «Business Power» компаниясының құрылтайшысы Айнаш Бижанова.

Оралда «Business Power-2019» бизнес форумы өтті

Суретті түсірген Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ

Форумға елімізге танымал тұлғалар – кәсіпкер Марғұлан Сейсембай, Қазақстанда Яндекс.Такси жүйесіндегі ірі таксопарктің негізін қалаған Тимур Құдайбергенов, «Domino home & horeca» дүкендер желісінің негізін салушы, «Жарқын кәсіпкер» кәсіпкерлер клубы басқармасының төрағасы Жалғас Дәулетов, «Синергия-Қазақстан» университетінің президенті Бауыржан Қасымбергебаев, осы университеттің даму департаменті директоры Дана Садықова және басқалары сөз сөйлеп, өз тәжірибелерін ортаға салды. Спикерлердің арасында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев те болды.

- Бизнес форум жаңа форматта ұйымдастырылып отыр. Бұл тың стартап жобаларды қолға алуға ынталандырады. Мұнда сөйлейтін спикерлер де өз еңбегімен жетістікке жеткен мықты мамандар. Олар өз тәжірибесімен бөліседі. Бұл форум жастарды ынталандырып, әр адамның ой түйіп, жаңа ісін бастауына түрткі болса дейміз. Батыс Қазақстан облысы мұнайгаз саласына арқа сүйейді. Бірақ шағын және орта бизнесте тек жастар емес, жасы үлкендерге де стартап жобалар жасауға болар еді. Ендеше кәсіпкерлік қабілеті бар жерлестер өз кәсібін бастап, белсенділік танытуы тиіс, - деді өз сөзінде Мұхтар Манкеев.

- Бұл форум негізінен жастарға арналған деп ойлаймын. Себебі, жас адамға өзі жасап жатқан ісінің дұрыстығына сенім жетіспейді. Жастар сырттан қолдау күтеді. Осы бір өтпелі кезеңде адамды қолдап, дұрыс бағыт-бағдар беріп жіберсе, ол кісінің нәтижеге жету мүмкіндігі көбірек болады деп ойлаймын. Форумда әр салада белгілі бір жетістікке жеткен спикерлер өздерінің өмірден алған сабақтарымен бөлісті. Бұл қатысушы жастарға шабыт беріп, дұрыс бағытпен жүруіне жол сілтеді деп есептеймін, - дейді форумға қатысушы Ақылбек Есеналин.

 

Батыс Қазақстан

Соңғы жаңалықтар