Руханият • 11 Желтоқсан, 2019

Дәстүрлі музыка орталығында ақын-жыраулық өнердің асыл мұрасы жинақталған

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мультимедиялық  дәстүрлі музыка орталығында қазақ халқының ән, күй, ақын-жыраулық өнерін жасаушы және бүгінге жеткізуші өнер тұлғаларының аспап-мұралары орналасқан. Мультимедиялық  дәстүрлі музыка орталығы Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алматы қаласының 1000 жылдығына орай ашылған болатын.

Дәстүрлі музыка орталығында ақын-жыраулық өнердің асыл мұрасы жинақталған

Орталықтың бел ортасында орналасқан голограммадан төрт өңірдің белгілі өкілдерінің орындауында танымал ән-күйлер мен жырларды тыңдауға болады. Ал келесі мультимедиялық залда қазақ халқының сан ғасырлық өнері мен мәдениетіне саяхаттай отырып, әр өңірде сақталған музыкалық өнеріміз бен бай рухани-мәдениетіміздің терең тарихымен танысатын боласыз.

Дәстүрлі музыка орталығында сексенге жуық экспозиялар қойылған. Орталық экспозиясы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорында сақтаулы тұрған қазақтың танымал өнер тұлғаларының жәдігерлерінен жасақталды. Экспонаттар қазақтың белгілі өнер тұлғаларының жәдігерлерінен тұрады. Экспонаттар өңірлік төрт мектепке жіктеліп орналасқан:

Арқа әншілік, сал-серілік және күйшілік мектебінің аспап жәдігерлері.

Жетісу әншілік, жыраулық-жыршылық және күйшілік мектебінің аспап жәдігерлері.

Батыс әншілік, жыраулық-жыршылық және күйшілік мектебінің аспап жәдігерлері.

Оңтүстік және Сыр бойы әншілік, жыраулық-жыршылық және күйшілік мектебінің аспап жәдігерлері.

Орталықта Жетісудің жүйріктері Жамбыл мен Кененнің, Сырдың саңлақтары Нартай мен Мырзабектің (Қызыл жырау), Батыс ән-күй мектебінің көрнекті өкілдері Дина мен Махамбеттің, Арқа әншілік мектебінің тұлғалары Абай мен Біржан салдың домбыралары бар. Сонымен қатар, бұл орталықты Елбасы арнайы келіп ашып, домбырасын сыйлап, белгілі күйші Дина Нұрпейісованың мүсінін орталыққа сыйға тартқан болатын. Ұлттық жәдгерлерді насихаттау мақсатында студенттер мен мектеп оқушыларына, сондай-ақ қала түрғындары мен қонақтарына арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып тұрады. Мәліметтермен http://kazmuscenter.kz сайтынан танысуға болады.

 

АЛМАТЫ