Қоғам • 11 Желтоқсан, 2019

Махамбет университеті үздіктерін анықтады

842 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Жастар жылын қорытындылап, әр түрлі сала бойынша үздік студенттеріне «БҚМУ Жұлдызы» сыйлығын табыс етті.

Махамбет университеті үздіктерін анықтады

Шарада облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде өткізіліп жүрген білім мен ғылым додаларында, спорттық сайыстар мен шығармашылық бағытта университет намысын қорғап, биік белесті бағындырған студенттер 9 аталым бойынша марапатталды.

Сөйтіп, «Үздік студент» атағына Тұңғыш Президент атындағы атаулы шәкіртақы иегері, Алматы қаласы НАРХОЗ университетінде өткізілген «Экономикалық теория» пәнінен Республикалық студенттік пәндік олимпиаданың жеңімпазы, «Жас зерттеушілер – гүлденуші Қазақстанның болашағы» атты Халықаралық фестиваль аясында өткен «БҚО-ның әлеуметтік саласын қаржыландыру» атты ғылыми жобалар конкурсының 3 орын иегері Хадиша Қойланова ие болды.

Мәдениет және өнер факультетінің студенттік деканы, «Махамбет жастары» студенттік құрылыс жасағының командирі, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, ректордың «Құрмет Грамотасын» иеленген Нұрсұлтан Абайұлы «Жас көшбасшы» атанды.

ҚР «BILIM ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Үздік студент» байқауының жеңімпазы, талай республикалық, халықаралық сайыста топ жарып жүрген Райымбек Қайратұлы «Жас ғалым» сыйлығын иеленді.

Сондай-ақ Фристайлдан Мәскеу қаласында өткізілген Халықаралық ашық чемпионатында жүлделі 2 орын иегері атанған Айболат Құбашев «Жас талант» сыйлығын алса, самбодан бірнеше үркін республика чемпионы Ерасыл Бақыт «Үздік спортшы» атағын иеленді. Физика-математика факультетінің ІІІ курс студенті Айымбек Сарымсақов - «Үздік пікірсайысшы» атанса, Мәдениет және өнер факультетінің Мәдени тынығы жұмысы мамандығының МТЖ-41 тобы – «Үздік топ» атағын бір ауыздан иеленді. Бұл марапат топ кураторы Гүлжазира Жұмағалиеваға табысталды. Сонымен бірге «Жастар жылы» аясында университет ішінде салауатты өмір салтын арттыруға бағытталған «Достық кубогы» - ең үздік жоба атанды.

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев Жастар жылы университет деңгейінде жағымды жаңалықпен қорытындылап отырғанын жеткізді.

- Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмас» деген қанатты сөзі Елбасы үндеуінде айтылған «Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын» деген сөзімен үндесіп жатыр. Жастар жылының қорытындылануымен тұспа-тұс келген тағы бір ерекше жаңалық – студент шәкіртақысы өсетін болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өсетінін мәлімдеп, жастарды бір қуантты. Президент тапсырмасына сәйкес ғылым жолында ізденісін бастаған жас ғалымдар, яғни магистранттар мен докторанттардың да шәкіртақысы 25 пайызға өсетін болды. Бұл студент жастар үшін ғана емес, білім-ғылым жолында талпыныс жасаған жас ғалымдарға деген әлеуметтік қолдаудың жарқын үлгісі деп білеміз, - дейді Нұрлан Серғалиев.

 

Батыс Қазақстан