Руханият • 11 Желтоқсан, 2019

Оқушылар «Желтоқсан» қаһарманы Ләззат Асанованың анасымен кездесті

2677 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ләззат Асанова 1986 жылдың қайғыға толы, ызғарлы желтоқсаны қазақ елінің тарихында өшпес із қалдырды. Отанын сүйген жалынды жастардың ерлігі еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді.

Оқушылар «Желтоқсан» қаһарманы Ләззат Асанованың анасымен кездесті

Желтоқсаншылардың бірі – Ләззат Асанова ереуілді алаңнан оралмаған қайсар қыздардың бірі. Егемендік үшін құрбан болған жастарымыздың батыл қадамы бүгінде жастар арасында кеңінен насихатталып жүр. Тәуелсіздік күні қарсаңында қаланың барлық мектептерінде төл мерекеге арналған ашық сабақтар өтуде. Бұл шаралар, сонымен бір мезгілде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатыр.    

Алматыдағы №152 гимназия оқушылары бүгін тәуелсіздік үшін бақилық болған Ләззат Асанованың анасына құрмет көрсетіп, 1986 жылдың желтоқсанында Отан үшін жан тапсырған барлық азаматтарды еске алды.  

Алматының Чайковский атындағы музыкалық училищесінде қобызшы мамандығы бойынша дәріс алған Ләззат Асанова небары 16 жаста еді. Бірақ ел басына күн туғанда бойжеткен коммунистік режимнің отаршылдық саясатына қарсы батыл шығып, Қазақстанның егемендігі үшін құрбан болған. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында оқушылармен кездесуге келген оның анасы Алтынай сол бір қайғылы күнді күрсініп еске алады.

«1986 жылды еске алу өте ауыр. Қазір қатты толқып тұрмын. Ол күнді айтпасам да, халық біледі. Қазір халықтың көзі ашық. Бәрін түсінді. Мен халқыма, жастарға сенемін. Енді ондай нәубет қазақ еліне келмесін. Қазақ еліне өз елінің, өз жерінің қызығын көруге Алла нәсіп етсін», – деді Л. Асанованың анасы Алтынай Қауметқызы.  

2008 жылдың қарашасында Жаркент қаласында «Желтоқсан» көтерілісінің құрбаны Ләззат Асановаға ескерткіш ашылған болатын. Тәуелсіздік жолында бақилық болған ұл-қыздардың ерлігі  бүгінгі және келер ұрпаққа қашан да аманат болмақ.

«Тәуелсіздік күні Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының қайсарлығының, ерлігінің арқасында келген. Осы Тәуелсіздік  – болашақ ұрпаққа аманат. Мен бүгінгі жастарға сенемін», - деді Л. Асанованың анасы Алтынай Қауметқызы. 

Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Бостандық үшін күрескен қайсар қыз Ләззат Асанованың жауынгерлігі бүгінде жастар арасында  кеңінен насихатталып жүр. Еліміздің білім ошақтарында әр желтоқсан сайын егемендік үшін құрбан болған азаматтарды еске алу шаралары тұрақты түрде өтіп тұрады.

«Рухты жастарымызды отансүйгіштікке, елін сүюге тәрбиелеу осы бүгінгі күнгі іс-шаралардың негізгі мақсаты болып табылады. Осы ретте «Желтоқсан» қозғалысының, Тәуелсіздік жолында азаттық күрестің батыры Ләззат Асанованың анасын шақырылып отыр», – деді Алматы қаласы № 152 мектеп-гимназия директоры Римма Әбдікәрімова.

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Егемендік үшін жанын аямаған азаматтар ел есінде мәңгі қалмақ. 

 

 

АЛМАТЫ