Қоғам • 12 Желтоқсан, 2019

Қайырымдылық жобаларына 6 млрд теңге бөлген қор

709 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Болат Өтемұратов қоры 2019 жылы өзінің қызметін кеңейтіп, қайырымдылық жобаларына бөлінген жалпы сома 6 миллиард теңгеден асқан. Аталған көрсеткіш өткен жылғыдан алты есе көп. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен Қордың Қамқоршылар кеңесінің қорытындылары бойынша баспасөз мәслихатында айтылды. Жыл қорытындыларын Қамқоршылар кеңесінің мүшелері Алмаз Шарман, Олжас Сүлейменов, Жәния Әубәкірова және Қордың директоры Марат Айтмағамбетов шығарды.

Қайырымдылық жобаларына 6 млрд теңге бөлген қор

2018 жылы Болат Өтемұратов қоры жобаларды әртараптандыру және өзінің қайырымдылық қыз­метін кеңейту стратегиясын қа­былдап, оны жыл барысында табысты іске асырған. Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмаз Шар­манның айтуынша, жалпы алғанда 2019 жылы Қор білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым, табиғи нәубеттер мен техногендік апаттардан зардап шегушілерге қолдау көрсету, мұқ­таж жандар үшін тұрғын үй құрылысы саласында тоғыз жоба бойынша жұмыс істеген. 

«Аутизм. Баршамызға бір әлем» атты «Асыл Мирас» аутизм орталықтары желісін құру бойынша Қордың негізгі жобасы 2015 жылдан бері іске асырылуда. Үздік әлемдік әдістемелер бойынша дайындалған мамандар аутистік спектр ауытқулары бар балаларға қажетті әлеу­меттік, коммуникативтік, өмір­лік машықтарды дамытуға кө­мектеседі. 2019 жылы «Асыл Ми­рас» орталықтарының саны сегізге дейін ұлғайды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Орал және Өскемендегі орта­лықтарға қосымша біз Шым­кент пен Петропавлда жаңа орталықтар аштық. «Асыл Ми­рас» бағдарламаларына бес жыл­дың ішінде барлығы 6 мыңға жуық бала, олардың ішінде 2,5 мыңнан астамы тек 2019 жылы қабылданды. «Асыл Мирас» аутизм орталықтарының барлық қызметтері тегін», деп атап өтті А.Шарман.    

Құрылтайшының шешімі бойынша 2019 жылы Қазақстан аймақтарында көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларына бас­пана салу бойынша «Баламекен» атты жобасы басталған. Қордың қаражатына Қызылорда қаласында 100 отбасына және Арыс қаласында 100 отбасына үйлер тұрғызылған. Үйлердің құрылысына бөлінген жалпы сома 1,3 млрд теңгені құраған. 

Сонымен қатар жиынға қа­тысушылар Бас ботаникалық бақты қайта құру жобасы белсенді іске асырылып жатқанын жеткізді. Қазіргі сәтке дейін бақтың ин­фра­­­құрылымын жаңғырту, оның аумағын абаттандыру,­ жа­ңа өсімдіктер отырғызу бо­йынша жұмыстар аяқталуға жақын. Қор директоры Марат Айтмағамбетовтің айтуынша, жобаның басты принциптері өсімдіктерге күтім жасау, сондай-ақ толық ашықтық болып табылады.

«Жоба әуел бастан әкімдіктің, әкімдік жанындағы қоғамдық кеңестің, БАҚ өкілдерінің қаты­суымен қоғамдық тыңдауда ке­лісілген болатын. Биыл біз азаматтардан тұратын екі волонтерлік топ құрдық. Бірінші топ қайта құру бойынша жұмыстардың орындалуын қоғамдық бақылауды жүзеге асырады, екіншісі алдағы көктемнің барысында өсімдіктер отырғызумен айналысатын болады», деді М.Айтмағамбетов.

Қазақстанның «Қызыл Ай» қоғамымен бірлесіп қор «Көмек картасы» жобасын іске асыруда. Оның шеңберінде жылдың барысында Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарында тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсетілген. Жалпы сомасы 54 миллион теңге ақшалай көмекті 400 отбасынан астам, олардың қатарында үйлері зақымдалған адамдар, жалғыз басты зейнеткерлер, мүгедектер, жалғыз басты аналар мен көп балалы тұрмысы төмен отбасылар алған. Сонымен бірге Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 2 мың адамға 60 миллион теңге көлемінде көмек берілген. Сонымен қатар «Burabike» спорттық-музыкалық фестивалі, Батырхан Шүкенов атындағы музыкалық конкурсы да аталған қордың ауқымды шараларының бірі.