Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2019

Алматы облысында субсидия алмаған шаруа 3 жылдан бері әділдік іздеп жүр

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы облысындағы тілшілер қосынына Панфилов ауданындағы «Шүкейіт ата» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхтар Ақынов тағы шағымданды.

Алматы облысында субсидия алмаған шаруа 3 жылдан бері әділдік іздеп жүр

Шаруа бұған дейін де асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін субсидияға қол жеткізбегенін айтып келген еді. Ол туралы газетке толық жазған болатынбыз. Осы 2016 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан өтемақы дауы жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдағаннан кейін облыс әкімі Амандық Баталовтың құлағына жетіпті.

- Облыс әкімінің қабылдауына 3 жылға жуық жазылып, сұранып жүріп, кіре алмадым. Жақында Президенттің атына ашық хат жазғасын, қабылдады. Баталов мырзаға болған жағдайды айттым. Әкім орынбасары Серікжан Бескемпіров пен Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мақсұт Жапаровқа мәселенің қайдан шыққанын анықтап, кінәлі адамды тауып, субсидия төлеудің жолын қарастыруды тапсырды. Әкім қабылдауынан кейін тағы бір күн Талдықорғанда қалып, істің соңын күттім. Бірақ тапсырма алған шенділер жақын күндері нәтижесін хабарлайтынын айтып, шығарып салды. Өкінішке қарай, әлі нақты жауап жоқ. Жыл болса аяқталды, демек биыл да субсидия төленбейтіні анық. Шенділер жауап бермей отыр. Амалым таусылғасын «Egemen Qazaqstan» газетіне шағымдануға тағы мәжбүр болдым, - дейді «Шүкейіт ата» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхтар Ақынов.

Оқырманға түсінікті болу үшін оқиғаға тағы да аз-кем тоқтала кетсек: жеке шаруа 2015 жылы «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламасына құжат өткізіп, 6 млн теңге несие алады. Бұл қаржыға 230 бас асыл тұқымды қой мен қошқар сатып әкеледі.

- 2015 жылы  «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 6 млн теңге несие алдым. Бағдарлама шарты бойынша төленетін 14 проценттің 10 процентін мемлекет субсидиялауы керек. Ол 6 млн теңгеге Оңтүстік Қазақстан облысынан 230 бас «Ордабасы» атты асыл тұқымды қой сатып алдым. 2016 жылы қазан айында алған несиемнің сыйақысымен негізгі борыш берешегі, яғни 1 млн 200 мың теңгені банкке құйдым. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы несиені бағдарлама бойынша субсидиялауы тиіс болатын. Бірақ маған 2016 жылы қайтарылуы тиіс субсидия, жалпы  600 мың теңге төленбеді, - дейді Мұхтар Ақынов.

2016 жылдың есебіне еніп тұрған шаруаны жылдың соңында субсидия төлеуді жүзеге асыратын облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары «Әзірге қаржы жоқ. Кейінгі тізімге қосамыз» деген құрғақ уәдемен шығарып салады. Осылай басталған субсидия сергелдеңі әлі жалғасып отырған көрінеді. Өткен 3 жыл ішінде шаруа банкке 5 млн теңгеден астам ақша төлеп, несиесін өтеген екен. Ал мемлекет қайтаруы тиіс субсидия сомасы 1 млн 800 мың теңге шамасында.

Тоқетері, шаруа бұл мәселе бойынша тиісті органдармен соттасқан да екен, әділдік таппапты. Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған хатынан кейін облыс әкімінің қабылдауына қол жеткізгеніне қуанған ол әділет орнап, еңбегі ақталатынына сенімді. Алайда шаруаны бұл мәселені облыстың ауыл шаруашылығына жауапты шенеуніктердің қалай шешетіні әзірге белгісіз қалып отырғаны да алаңдатады.