Австралия мамандары су астымен жүзушілер үшін акуланың шабуылынан қорғайтын ерекше гидрокәстөмнің екі түрін ойлап тапты. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Бірінші кәстөм ақ және аспан көк, сосын ақ және көк түстерге боялған. Себебі, акуланың көру қабілеті нашар болғандықтан, мұндай түске боялған кәстөмдер су астындағы көрініспен астасып кетіп, жыртқыштың шабуылдау қаупін төмендетсе керек. Оның үстіне, акулалар тек қара мен ақ түстерді ғана ажырата біледі.
Гидрокәстөмдердің екінші түрінде ақ пен қара жолақтар бейнеленген. Мұндай кәстөм киген адамды акула улы балықпен шатастырып, көбіне оған шабуылдауға тәуекел етпейтін көрінеді.
Кәстөмді жасап шығаруға екі жыл уақыт жұмсалған. Бұл уақыт аралығында ғалымдар оншақты тәжірибе жүргізіп, киімді манекендерге кигізіп су астында тексеріп көрген. Сынақтан өткізу барысында ешбір манекен шабуылға ұшырамаған, дегенмен, тауарды өндірушілер костюмның қауіпсіздігіне толық кепілдік беруден бас тартады.
Гидрокәстөм сатылымға шығып та үлгерді. АҚШ-та оның бағасы шамамен 400 долларды құрап отыр.
Айдар Өрісбаев.