Үкімет • 12 Желтоқсан, 2019

Алматыда зорлық-зомбылық экстремизмді алдын алу мәселелері талқыланды

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2019 жылғы 10-11 желтоқсанда Алматыда зорлық-зомбылық экстремизмді алдын-алу бойынша алғашқы «Берік қалалардың желісі» атты аймақтық семинар өтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматыда зорлық-зомбылық экстремизмді алдын алу мәселелері талқыланды

Семинар Қазақстандағы АҚШ Миссиясы және АҚШ Мемлекеттік департаментінің Терроризммен күрес бюросымен бірлесе ұйымдастырылды.

Іс-шараға Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибелі мамандары, сондай-ақ аймақтағы ғылыми орталықтар мен халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты. Қазақстандық делегацияның құрамында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Станислав Василенко, Ақтау қаласының Әкімі Ғ.Ниязов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері болды.

С.Василенко өзінің сөзінде зорлық-зомбылық экстремизм мен терроризмді алдын алу және онымен күресу бойынша Қазақстан тарапыныңатқарыпжатқан шараларытуралы қысқаша айтып өтті. Жақында Ирактан 14 баланың қайтарылғаны туралы баяндап, үстіміздегі жылдың басында Сириядан 600-ден астам қазақстандықтарды қайтаруға қолдау көрсеткені үшін АҚШ тарапына ризашылығын білдірді.

Алматы қаласындағы АҚШ Бас консулы Эрик Майер, өз кезегінде, террористер қатарында күрескендер мен олардың отбасы мүшелерінің мемлекетке оралуы мен оларды қоғамға қайта қосу жолындағы Қазақстанның жетекші рөлі үшін алғысын білдірді. Э.Майер қатысушыларға зорлық-зомбылық экстремизмнің бүкіл әлемге төніп тұрған қатер екендігін, оған қарсы тұруда жергілікті тұрғындар шешуші рөл атқаратынын атап өтті. 

Қатысушылар «Берік қалалардың желісі» платформасының құрылуы және оның даму тарихымен танысты. Соғыс аймақтарынан қайтарылған азаматтарды оңалту және қоғамға қайта қосуда муниципалды органдардың азаматтық қоғаммен және жергілікті қауымдастықтармен өзара әрекеттесу рөлі қарастырылды. Сонымен қатар іс-шара барысында осал топтарды анықтау, қауіптерді бағалау тетіктері, іс-шаралар жоспарын әзірлеу және басқа мәселелер талқыланды. 

Сарапшылар деңгейінде «Берік қалалардың желісі» шеңберінде халықаралық қауымдастықпен тәжірибежәне ақпаратпен алмасу жергілікті деңгейде зорлық-зомбылық экстремизмге тиімді түрде қарсы тұруға, сонымен қатар оны алдын алуға бағытталған арнайы бағдарламалар әзірлеуге мүмкіндіктер береді. Семинар нәтижелері Сирия мен Ирактан қайтарылған Қазақстан Республикасының азаматтарын оңалту және қоғамға қайта қосу шараларын жүзеге асырған кезде ескерілетін болады.