Мақсат – көпшілікті қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен нығаюындағы маңызды ақпараттармен таныстыру. Көрмеге 300-ден астам экспонат қойылған.
Көрмеге кіріп келген кезде тура Алтын Орда империясына тап болғандай күй кешесіз. Атмосфера ерекше. XIII-XIV ғасырдағы алғашқы адамдардың пайдаланған құралдары мен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысуға болады мұнда. Ерекшелігі сол ¬- Алматы облысы, Шеңгелді ауылы маңындағы қабірден табылған артефактілер және Шағатай әулеті шенділері киген жібек матадан тоқылған киімдері келушілерге алғаш рет көрсетілді.
«Көрмеге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің археологиялық топтарда Алтын Орда кезеңінен бастап Қазақ хандығы кезеңіне дейінгі Қазақстан аумағында орналасқан тарихи ескерткіштерден, археологиялық ескерткіштерден табылған артефактілерді қойып отырмыз», - деді ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің археология бөлімінің ғылыми қызметкері Нәбира Төрежанова.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде еліміздің бай мәдени мұрасын дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, киелі нысандардың қазақстандықтар мен шетелдік туристерді тарту орталығына айналуына басымдық берген еді. Бүгінгі шара – соның айқын дәлелі. Піл сүйегінен жасалған шахмат, ежелгі сарбаздардың киімі мен қару-жарағы, өзге мемлекеттердің 25 монета сарайының өнімі. Бәрі де көздің жауын алады.
«Одан басқа қыпшақ жауынгерлерінің жерлеу орындарының санаулы өзі, соны бірі Солтүстік Қазақстанда. Көрмеге сонымен қатар Ораталық Қазақстаннан, Тараздан табылған ерекше экпонаттар қойылды», - деді ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің археология бөлімінің ғылыми қызметкері Нәбира Төрежанова.
Көрмедегі басты ерекшелік - 6 бөлімнен тұратын Каталон картасы. Бұл дүниежүзінде жасалған алғашқы әлемдік карта. Мұның тұпнұсқасы Францияның мемлекеттік музейінде сақталған. Ал мұнда тұрғаны Қазақстандағы жалғыз көшірмесі.
Көрмені жергілікті ғалымдар, археологтар, ұстаздар мен мектеп оқушылары аралап көрді. Бәрінің де көңілінен шықты. Себебі, мұндай өткен ғасыр тарихынан сыр шертер көріністен ерекше әсер алмау мүмкін емес. Арнайы жасақталған көрме келер жылдың соңына дейін жалғасады.