Біз бүгінгі әңгімемізді дәл осы тізілімге қатысты өрбіткенді жөн көрдік. Өйткені қазіргі кезде осы тізілімде көрсетілген рәсімдерге қатысты ел-жұрт арасында әрқилы ой-пікірлер өрістеп жүр. Сондықтан да кейінгі кезде ҚМДБ тарапынан бұл тұрғыда айтылған бірқатар ойлы ұсыныс-тілектер ескеріліп, соның нәтижесінде кейбір діни құжаттарға бірқатар өзгерістер енгізілген. Айталық алдағы уақытта осы өзгерістерге сәйкес кешегі күні арақты суша сіміріп, кейін сақал қойып аяқ астынан молда бола қалғандарға әрі көптің бірі қатарында жүрген қарапайым молдаларға неке қиюға рұқсат етілмейді.
Неке қию – тек діни рәсім ғана емес, сонымен бірге халқымыздың ежелгі өмір сүру салтына тән жоралғы екені мәлім. Бүгінгі отбасын құрған жастар мен өзге жастағы ерлі зайыптылар арасында заңды некеге қоса, дәстүрлі ислам дінінің табиғатына сәйкес некелерін мешіттерде қидыратындар да аз кездеспейді. Мұның жұп болуға қадам жасағандардың өздерінің ар-ожданы алдындағы жасаған шешімдері деуге әбден болады. Әрі мұндай неке бұзылмай берік болып келгені де кешегі күннің шындығы. Алайда кейінгі кезде мешітте некесі қиылғандардың арасында түрлі отбасылық кикілжіңдер мен ажырасу көріністері тіркеліп отырғаны ойландырмай қоймайды. Мұның басты себебі неде? Бұған кім кінәлі? Газет тілшісінің өтінішіне орай аталған сауалдың түп төркіні жөнінде Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан өз жауабын төмендегіше тұжырымдады.
Басқармада қабылданған құжаттарға сәйкес діни рәсімдер шеңберінде неке қиюдың өз тәртіптері мен ережелері бар. Ел-жұрт ішіндегі бірқатар қарапайым молдалар осы тәртіптердің сақталуына мән бере бермейді. Тіпті олардың арасында басқармада бекітілген мұндай негіздер бар екенін біле бермейтіндер де кездеседі. Соның салдары некесі мешітте қиылғандардың арасында түсінбеушіліктердің пайда болуына әкеліп соқтырады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін келешекте қатардағы молдаларға неке қию қызметімен айналысуға тиым салынады. Әрі құжаттарда қарастырылған өзгерістерге сәйкес бұдан былай аталған рәсімді тек мешіт имамдары ғана атқармақ.
Дін қызметкерлері жүргізетін діни рәсімдер туралы айтқанда ұмыт қалдыруға болмайтын тағы бір жәйт бар деп білеміз. Бұл үлкенді-кішілі ас беру жиындары мен садақалар кезінде төрде отырған молдалар түре келіп, басы да аяғы да жоқ, мәні мен мазмұны бұлдыр, көпшілікке тигізетін тәлімі мен тағылым төмен ұзыншұбақ уағыз айтуға кірісіп кететіндігі. Бұл уағыздар етек жеңі жинақы, көкейге қонымды болса бір жөн. Мүлдем бұлай емес екендігі Аллаға да, әмбеге де аян болса керек. Ұзаққа созылып кететін уағыздар дұға-дастарханында отырғандарды әбден мезі қылып жалықтырып жіберетініне де куә бола аламыз. Содан соң әр жерде, әр мүйісте күбір-күбір сөз, жыбыр-жыбыр қозғалыс басталып кетіп жүр. Уағыз да құран сөзі бір тармағы десек, оның қадыр-қасиетін бұлайша кетіруге бола ма екен?
Құдайға шүкір, дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі сыңды құжатта көрсетілген өзгерістерге сәйкес алдағы уақытта дүмше дерліктей молдаларға оңды-солды, ақты-көкті сылдыр судай уағыз айтуға да тиым салыныпты. Яғни алдағы кезде олар уағызды тек бас имамның рұқсатымен ғана айта алады. Діни рәсімдердің жоғарыда айтылғандай жаңа тәртіптерін барша жамағат қолдап, қуаттап отырған сыңайлы. Реті мен жөні де осы екеніне ешкім талас туғыза алмаса керек.