Біріншіден, осы арқылы отбасы бюджетін толықтырудың орайы келсе, екіншіден, қомақты табыс табатын еңбеккердің жұмыс істеуге деген ынтасы мен қабілеті де арта түседі. Осы орайда өндірісі өркен жайған өңірде тарих қойнауына кетіп бара жатқан биылғы 2019 жылы 2000-нан астам кәсіпорында істейтін 33 мыңнан асып түсетін жұмыскердің еңбекақысы жоғарылағаны – жағымды жайт.
Бүгінгі күні барша қазақстандықтардың қос мерекенің қарсаңында тұрғаны мәлім. Мұның біріншісі – есік аттап үлгерген Тәуелсіздік күні болса, екіншісі – одан кейін жалғасып келетін жаңа жыл мерекесі. Осы мерейлі даталардың құрметіне орай Ақтөбе аймағында өнеркәсіп салаларында істейтін қарапайым жұмысшылардың бәріне сыйақы беру тәртіптері белгіленді. Оның орташа мөлшері – сексен мың теңге төңірегінде. Ал, сыйақы қорының жалпы сомасы – бес миллиард теңгені құрайды.