Сенат • Бүгін, 07:50

Жасыл энергетика саласындағы ықпалдастық артады

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралып, депутаттық сауалдар жолданды.

Жасыл энергетика саласындағы ықпалдастық артады

Тараптарды тұтастырған екі заң

Отырыс барысында сенаторлар «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасын­дағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, ма­құл­дады. Талқылау кезінде ата­­лып өткендей, бұл келісімді ра­ти­­­фи­каттау энергетикалық қауіп­сіз­дікті нығайтуға, тран­зиттік бағыт­тарды әртарап­тан­дыруға және төмен көмір­текті өнім экспорттау арқылы Қазақ­станның тұрақты экономикалық өсіміне ықпал етеді.

«Қаралған үшжақты келісім елдеріміз арасында жасыл энергетиканы дамыту жолындағы бірлескен жұмысты айқындайды. Оның тиімділігін арттыру мақсатында тараптар арнайы Басқарушы комитет пен Жұмыс топтарын құруды көздеп отыр. Жалпы, бұл заңды мақұлдау елімізде жаңартылатын энергия саласын дамытуға, осы бағытта өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Аталған заң арқылы тараптар «жасыл» электр энергиясын сенімді әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін техникалық және коммерциялық шарттарды айқындайды. Сондай-ақ келісім энергия тиімділігін арттыруға арналған жаңа технологияларды енгізуді қарастырады. Құжатта энергияны Еуропаға және өзге де өңірлерге экспорттауға арнал­ған инфрақұрылымды дамыту мәселесі де қамтылған.

Сонымен қатар депутаттар «ТМД-ға қатысушы мем­лекет­тердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Тараптар бұл заң нормалары аясында ақпа­­рат­­тық өзара іс-қимыл шең­­берін­де деректермен тұрақ­ты алмасуды қамтамасыз етуге, олар­дың дұрыстығына кепіл­­дік беруге және техника­лық ір­кілістер туралы жедел хабар­лауға міндеттенеді. Келі­сім радиациялық жағдайға мем­лекеттік мониторинг жүргізу жүйесінің деректеріне ғана қолданылады және атом энергия-сын пайдалану объектілеріндегі радиациялық мониторинг деректеріне қолданылмайды. 

Зерендідегі мұражай құрылысы тоқтап тұр

Палата отырысы соңында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Талғат Жүнісов Премьер-министр атына жолданған сауалында Зерендіде сал­ынатын тарихи-өлкетану му­зейі­нің құрылысына бюджет­тік қолдау көрсету мәселесіне тоқ­талды. Нысанды Ақмола облы­сын­дағы туристік кластер­дің заманауи визит-орталығы қызметін ат­қаратын креативті хабқа айналдыру көзделген. Алайда қазіргі таң­да жоба қаржыландыру тап­шы­­лы­ғына байланысты тоқтап тұр.

Жоба мәдени мұраны сақтау, жаңаша индустрияларды дамыту және туристерді қолдау мақ­сатында көпфункционалды кеңістік құруды көздейді. Бұл ретте ауданның «Бурабай» және «Шалқар» курорттық аймақтары арасында орналасуы нысанды туристерге тартымдылық нүктесі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Сенатор сонымен қатар жобаның жалпы құны 1 млрд 170 млн теңге болған кезде оны іске асыруға 200 млн теңге бөлінгенін, бұл ретте қаржыландыру тап­­шылығы 878 млн теңгені құрай­тынын атап өтті.

«Қазіргі уақытта қаржы­лан­дырудың болмауына байланыс­ты жобаны іске асыру іс жүзінде тоқтатылды. Жобаны қар­жы­­ландыру мақсатында 2025 жылы Ақмола облысының әкім­дігі Ұлттық экономика министр­лігіне бірнеше рет бюджеттік өтінім жолдады. Алай­да атал­ған өтінімдер бюджет қаража­ты­ның тапшылығына бай­ланыс­ты қолдау таппады. Ақмола облысының субвен­ционал­дығын, облыстық бюджет­тің шек­теулі мүмкіндігін ескере­тін болсақ, жоба әлеуетті ұзақмер­зімді құрылысқа айналатындай. Жоғарыда айтыл­ғандардың негізінде Зеренді ауылындағы визит-орталықпен біріктірілген тарихи-өлкетану мұражайы­ның құрылысын аяқтауға биыл Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлуге жәрдем көрсетуді сұраймыз», деді Т.Жүнісов. 

Фермерлерге қаржылық қолдау қажет

Сенатор Сұлтан Дүйсем­бинов ауылдағы шағын бизнес­ті қолдау мен қарыз алушы­лар­дың ең осал санаттарына атаулы көмек көрсету мақсатында кре­­дит­­тік серіктестіктер жүйе­сін ре­­фор­­малауды, сондай-ақ агро­өнер­кәсіп кешенін нарықтық қар­жыландыру тетіктерін енгізуді ұсынды. Бұл ретте шаруаларға көрсетілетін қаржылық қыз­мет­тер тізбесін заңнамалық тұр­ғыда кеңейту маңызды шара болмақ.

«Кредиттік серіктестіктер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз етеді, екінші деңгейдегі банктермен салыстырғанда қарыз алушы­ларға неғұрлым икемді талап­тар қояды. Фермер­лер­дің банк ресурс-тарына қол­жетімділігі шектеулі бол­ған жағдайда олардың маңыз­дылығы сақталып отыр. Алайда жинақталған жүйелі проблемалар қолданыстағы модельді кешенді бағалауды қажет етеді», деп атап өтті сенатор Премьер-министрге жолданған сауалында.

Сондай-ақ өз сөзінде ол серіктестіктердің басқа қаржы институттарымен салыстырған­да тиімсіз жағдайда екенін баса айтты. Қарыз алушылар жарғылық капи­талға қаражат салуға және ортақ жауапкершілік арқалауға мәжбүр, сонымен бірге серіктестіктердің жеке ресурс базасы жоқ әрі Аграрлық несие корпорациясының қаржы­ландыруына тәуелді.

«Қолданыстағы модельді өзгерт­пей сақтау бюджет шығыс­тары тиімділігінің төмендеуіне, агро­сектордың мемлекеттік қол­дауға тәуелділігінің артуына және қаржылық тәртіпті нығайтуға деген ынтаның болмауына әкеп соғуы мүмкін. Несие серік­тестіктерін баламасыз жою фер­мер­лерді қаржыландыруды нашар­лату қаупін тудырады, ауыл­дық аймақтардағы әлеу­меттік эко­но­микалық шие­леніс­тің ар­туына әкеледі», деді С.Дүйсембинов.

Сенатор кредиттік серік­тес­тіктерді жүйелі түрде транс­формациялауға көшуді ұсынды, оның ішінде заңнаманы жетіл­діріп, олар көрсететін қар­жылық қызметтер тізбе­сін кеңейтуді, қаржылық жағынан әлсіз бірлестіктерді шоғырландыру мен ірілендіруді, сондай-ақ мемлекеттік ресурстарды бөлу тәсілдерін қайта қарай отырып, агроөнеркәсіптік кешенді қар­жыландыру нарығын құры­лымдауды атап өтті. 

Инклюзивті спортты дамытудың жаңа бағыттары

Айнұр Арғынбекова Премьер-министрге жолдаған депу­таттық сауалында Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында инклюзивті спорт­ты дамытуға арналған жаңа бастамаларды ұсынды. Нақты айтқанда, депутат өңірлік орта­лық­тардың жұмысына бірыңғай регламент әзірлеу, оларды тең қолжетімділік қағи­даттары не­гізінде қаржыландыру тетік­терін айқындау және кадрлық әлеует пен саланың нормативтік базасын күшейту керек екенін атап өтті.

«Елімізде мүгедектігі бар 743 мыңға жуық адам тұрады. Дегенмен осы санаттағы азамат­тардың бір бөлігі ғана спортпен тұрақты түрде айналысады. Талдау көрсеткендей, кедергі бо­лып отырған кешенді мә­се­лелер бар. Спорт инф­рақұры­лым­дарына қолжетім­ділік шек­теулі күйде қалып келеді, ол нысан­дардың бір бөлігінде мүгедек­тігі бар адам­дарға толық­қанды пай­дала­нуға мүм­кіндік жоқ. Кадр­мен қам­­тамасыз ету де нашар: бе­йім­­делу мақ­сатын­дағы дене шы­­нық­­тыру және спорт­тық ме­ди­ци­на саласындағы мамандар­ды даяр­­лау­да бірыңғай жүйе жа­сал­маған», деп атап өтті А.Арғынбекова.

Сенатор сонымен қатар спорттық медицина саласында сараланған тәсілдерді енгізу, клиникалық хаттамаларды, білім бағдарламаларын және халықаралық сертификаттауды әзірлеу қажеттігін атап көрсетті.

Отырыста, сондай-ақ сенатор Ғалиасқар Сарыбаев коммерциялық емес ұйым нысанында жұмыс істейтін ұлттық зерттеу университеттерінің автономиясын кеңейту мәселесіне назар аударды. Депутат қазіргі үлгі олардың инвестиция тартуы-на және әзірлемелерді коммерцияландыруына шектеу қойып отырғанын айтып, Nazarbayev University тәжірибесін кеңінен енгізу керектігін тілге тиек етті.

Ал депутат Ернұр Әйткенов агроөнеркәсіп кешені мен экспорттың негізі саналатын фитосанитарлық қауіпсіздікті нығайтуға арналған нақты шаралар топтамасын ұсынды.

Соңғы жаңалықтар

Ертіс өзенінде сең қозғалды

Табиғат • Бүгін, 09:45

Айдың арғы беті...

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:10

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:58