Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2019

Алматыда үздік детектив шығарма иелері марапатталды

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Байқауды «Заң» медиа корпорациясы өзінің 25 жылдық мерейтой  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырған.  

Алматыда үздік детектив шығарма иелері марапатталды

Алматыда 3 миллион теңгелік жүлде қоры тағайындалған детективтік шығармалар байқауы өз мәресіне жетті. Алматы қалалық сотының 50 жылдық және «Заң» медиа корпорациясының 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл байқауға қазақ тілінде 43, ал орыс тілінде 16 еңбек түскен.

Республикалық бірегей шығармашылық жобаға «Юридическая газета» мен «Заң» газетінің оқырмандары, сондай-ақ судьялар, зейнеткерлікке шыққан құқық қорғау органдарының ардагерлері, детектив жанрының шеберлері, журналисттер, білімгерлер мен зейнеткерлер қатысты. Шара барысында байқауды ұйымдастыруға ат салысқан сот өкілдері мен «Заң» газетінің редакторлары марапаттау құрметіне ие болды.

«Алматы қалалық сотының судьялары жайында және осы қалалық сотта аралған шулы істер жайында жазған үміткерлер арасынан бас жүлде тағайындаймыз деп шештік. Енді, осы жолы қазақшаның өзіне 40-тан астам шығарма, ал орысшасына 20-дан астам шығарма келіп түсті. Ішінде әрине, детектив жанрына келмейтіндері де бар. Дәл осы жанрға бел шеше кірісіп, өндіре жазып жүрген адамдар да бар екен», деді «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева.

Байқаудың негізгі мақсаты – қазақ әдебиетінің кенжелеп қалған жанрына жан бітіру. Осы мақсатта ұйымдастырылған сайыс талабы бойынша авторлардың заң мен әділеттіліктің салтанат құруын бейнелейтін ойдан шығарылған көркем әдеби оқиғалары мен Алматы қаласы сотының мұрағаттық істерінен нақты оқиғаларды өз сюжеттеріне арқау еткен шынайы шығармалар сынға түсті. Байқау нәтижиесі бойынша 500 мың теңгелік 1-орынды Әлібек Оразов және Жарас Кемелжан есімді авторлар иеленді. 300 мың теңгелік сыйақысы бар 2-орын Сансызбай Молдажан және Лаура Дүйсенбаеваға бұйырды. 3-орынды иеленушілерге 100 000 теңгелік ақшалай сыйлық табысталып, бас жүлделік Кемел Тоқаев атындағы арнайы сыйлық Аяла Зейінқызына тағайындалды.

Айта кетелік, байқауды дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастыру қолға алынбақ. «Детектив» оқырманға қызықты жанрлардың бірі болып табылады. Алайда, осыған қарамастан бұл жанр қазіргі таңда кенжелеп қалғаны жасырын емес. Байқауды ұйымдастырудағы мақсат та осы олқылықтың орнын толтыруға арналған. Сол мақсатта «Заң» медиа-корпорациясы қолға алған бастамаға Алматы қалалық соты қолдау көрсетіп, детектив шығармалар байқауын жыл сайынғы дәстүрге айналдырсақ деген жоспарымыз бар», деді Алматы қалалық сотының судьясы Біржан Кәріпжанов.

1