Қызылорда қаласында көпір құрылысына бөлінген қыруар қаржыны мақсатсыз пайдаланған дерек анықталды. Аталмыш темір жолдың 2 жақ бетін жалғау үшін салынған өткелдің жобалық құны 1,5 млрд. теңге болатын. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.
Көпір құрылысы толық аяқталмағанына қарамастан, 2011 жылы пайдалануға беріліп кеткен. Осындай келеңсіздіктің салдарынан мемлекетке 76,5 млн. теңге шығын келді. Оны арнайы тексеру барысында қаржы полициясы өкілдері анықтады. Сондықтан құрылыс жұмыстарын жүргізген «Бушра» түрік компаниясының басшылары Метин мен Ердоған қамауға алынған. Қаржы полициясының қызметкерлері ірі көлемдегі қаржыны жымқырған Қазалы ауданындағы гимназияның бас есепшінің де қылмыстық әрекетін әшкереледі.
«Қазалы ауданындағы №226 гимназияның бас есепшісі мен оның сыбайласына қатысты қылмыстық іс сотта қаралды. Олар 2010 жылдың қаңтары мен 2012 жылдың қазан айы аралығында 7,7 млн. теңгені жеке мақсаттарына жұмсаған. Сот үкімімен бас есепшіге 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, ал оның сыбайласы 5 жылға шартты түрде сотталды», - дейді Қызылорда облыстық қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Аида Жаңабергенова.
Данияр Түймебай.