Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

Тартымдылық тереңдей түспек

217 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде бес жыл бұрын 2016-2020 жылдарға арналған өңірлерді дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Бүгінде осы межелі кезең де мәреге таяп келеді. Аталған уақыт аралығында не істеліп, не тындырылды деген заңды сауал туындайды.

Тартымдылық тереңдей түспек

Бағдарламаның басты мақ­саты – өңір экономикасын дамы­туға жаңа серпін беру және өмір сапасын жақсарту болғанын атап көрсеткен жөн. Ауқымы кең істі бірыңғай бюджеттік қара­жат­тар есебінен шешу еш мүм­кін емес. Бұл бағытта өңірлерге инвес­тициялық қаражат көздерін тар­тудың барлық жолдарын қарас­тыру бірінші кезекке қойылған-ды. Осы орайда Ақтөбе облысында айтарлықтай жұмыс атқарылды. 2016 жылдан бастап өңір экономикасын дамытуға 1,3 трил­лион теңге инвестиция тартылды. Ин­вестициялардың 85 пайыздан астамы – инвесторлардың мен­шікті қаражаты. Осы аралықта бюджетте  15 пайыз ғана инвестиция тартылды. Яғни, қуырдақтың көкесі түйе сойғанда көрінсе, инвестицияның көкесі шетелдік болса, бағасы арта түспек.

Аймаққа тартылған инвес­тициялардың жалпы көлемінің 30 пайыздан астамы шетелдік қаражат болғанын айта кетелік. Дегенмен мұны мүмкіндік шегі деу де қиын-ақ. Қазір облыста осы үлесті одан әрі көтеру жөнінде кешенді шаралар көзделіп отыр. Ақтөбе өңірінің әлеуметтік-эко­номикалық әлеуеті мен инвес­тициялық тартымдылығы оған негіз қалай алады. Инвестиция көлемін одан әрі өсіру жөніндегі жаңадан жасақталған аймақтық жобаға сәйкес, жыл соңына дейін қосымша 800 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылмақ.

Бүгінде аймақтың инвести­ция­лық тартымдылығын одан әрі тереңдету жөніндегі мәселелер жер­гілікті атқарушы органдар же­текшілерінің ұдайы назарында. Әрине, орайын таба бастаған іс бір сәтте алқынып, демігіп қалуы да әбден мүмкін. Бейнелеп айтқанда, бүгінде әлемде инвестициялар үшін тынымсыз тартыс жүріп жатыр десе де болады. Осы күресте жығылып қалмау үшін өңірде инвестициялық бастамаларды қолдаудың нақты тетіктері мен жолдары белгіленді.

Соның ішінде Ақтөбеде 2013 жыл­дан бері тұрақты түрде өт­кізіле бастаған халықаралық ин­вестициялық форумдардың ық­палы аз емес. Соның нәти­жесінде хром оксидін өндіретін цехтан жел электр стансасына дейінгі отызға жуық жоба жүзеге аса бастады. Соңғы аталған инвестициялық-инновациялық жобаның жалпы  құны 100 миллион АҚШ доллары тұрады. Осы арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 423 миллиард теңге көлемінде инвестициялық қаражат қосыл­ды. Сонымен бірге 3 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.

Инновация өздігінен алақан­ға түсе қоймайды. Қырдан қаш­қан қызыл түлкі дерсің оны. Мұны қа­лай тартып игеруге болады. Бұл үшін кәсіпорындардың инвес­тициялық белсенділігін көтере білудің маңызы жоғары. Өткен жылы өңірде тау-кен мен металлургия өнеркәсібінің бірқатар кәсіпорындарын цифрландыру жұмыстары жүргізілді, бұл іс биыл тағы да жалғасын тапты. Әйтсе де аталған мәселеде барлық күш пен мүмкіндік ақтөбелік ин­весторлардың қолында тұрма­ғанын да ашық айтқан жөн.

Мысалы, елімізде инвесторларды кедендік салықтардан босату жөніндегі жоба кешеуілде­месе бір ізге түскен үрдіс одан әрі ши­­рай түспек. Осындай тілекті  жо­ба құнының отыз пайызына де­йін мемлекеттік грант беру мә­се­­лесіне қатысты айтуға да болад­ы. Бұл қатарда шикізат пен материал­дарды сырттан әкелген инвес­торларды бес жылға дейін қо­сымша құн және жер мен мүлік салық­тарынан босату жөніндегі шаралар өз кезегін күтіп тұр.

Елімізде инвестициялық ахуал­ды жақсартуға септігі тиетін кешен­ді іс-шаралар толық шеші­мін тапқан кезде ақтөбелік инвес­тор­лардың арқасы да кеңи түспек. Бұл жөнінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин:

– Өңірде «Кедергісіз бизнес» жобасы жүзеге асырыла бастады. Оның алға жылжуы үшін инвес­торларға арналған фронт-офис ашылды. Мұның бәрі облыста қолайлы инвестициялық кли­­матты қалыптастыруға бағыт­­талған. Аталған істің алғаш­қы нәтижелері де атап айтуға тұрар­лық. Мәселен, соңғы уақытта Түр­кия, Қытай, Оңтүстік Корея, Гер­мания және Нидерланд секілді эко­номикасы жақсы дамыған көп­теген елдердің капиталдарын пай­далануға мүм­кіндік алып отыр­мыз. Қазір өңір­де аталған мем­ле­кет­тердің 900-ден астам компа­ния­лары жұмыс жүргізуде, – деді.

Бүгінде инвестицияларды пайдалану арқылы облыс шикізаттық тәуелділіктен арылып, керісінше өңдеу өнеркәсібі буындарын дамыту бойынша өңірлер арасында алдыңғы орынға көтерілді. Бұған өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 10,8 пайыздан 13,7 пайызға дейін өскені дәлел. Сондай-ақ еңбек өнімділігі 43 пайызға артқаны да айқын айғақ. Әрине бұған қарап Ақтөбе облысында эконо­миканы көтеруге шетелдік қара­жаттарды тарту мен экономиканы әртараптандыру жұмысы толық шешімін тапты деп айта алмас едік. Бұл ретте өңірдің экономикалық әлеуетін одан әрі өсіру, отандық және шетелдік инвесторларды тарту ауқымын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және салықтық базаны одан әрі кеңейту секілді жауапты да күрделі міндеттер тұр. Осыған байланысты өңірдегі салалық басқармалар мен «Қазақ Инвест» ҰК өкілдігі және «Ақтөбе» ӘКК АҚ экономиканың әртүрлі секторында инвестициялар тарту ісінің сан түрлі тәсілдерін қарастыра біл­гендері жөн. Ал әзірге бұл істе олардың тарапынан айта қа­лар­лықтай қарқынды іс-қимыл бай­қала бермейді.

Дүниежүзілік банктің сарап­тамалық қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысы бизнес жүргізу же­ңілдігі бойынша ел өңірлері ара­сында алдыңғы орындардың бірін­де, яғни үшінші орында тұр.

 

АҚТӨБЕ