Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәлімет бойынша, ауыл әкімі лауазымына ұсынылған 155 үміткер сайлауға қатыспайтын болды. Өйткені, кейбірінің табысы мен мүлкі жөніндегі ақпараттан шикілік шықты. Бұл туралы «1 Еуразия» телеарнасы хабарлады.
Аумақтық сайлау комиссияларының шешіміне сәйкес, 91 үміткер талап деңгейінен табыла алмаса, 61 азамат өз еркімен сайлауға қатыспайтыны жөнінде өтініш жазған екен. Қалған 3 үміткердің тізімнен не себепті алынғаны белгісіз. Тіркеуден сәтті өткен 7 мың 18 адам бүгін үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. «Ауыл әкімі болғысы келген жекелеген үміткерлердің құжатынан шикілік шықты. Сондықтан олар сайлауға қатыса алмайды. Ал тіркеуден өткен талапкерлердің үгіт-насихатын жүргізетін адамдар саны бестен аспауы тиіс», - дейді Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Венера Жексембекова.
Данияр Түймебай.