Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

БҚО-да жастар сыйлығы табысталды

333 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының дәстүрлі жастар сыйлығы табысталды. «Жыл үздігі - 2019» сыйлығын биыл әр салада үздік нәтиже көрсеткен 12 қыз-жігіт иеленді. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен сыйқадеге қоса 100 мың теңгелік сертификат табыс етілді.

БҚО-да жастар сыйлығы табысталды

Облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораштың айтуынша, байқауға қатысуға 150-ден аса өтініш түскен. Арнайы комиссия мүшелеріне жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жастарды анықтау оңайға түспеген. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Нәжімеденұлы бастаған белгілі тұлғалар табыс еткен сыйлық иелері қатарында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, актёр Жасқайрат Сәбитұлы («Үздік жас өнерпаз»), «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы, ақын Бауыржан Ширмединұлы («Үздік жас журналист»), Жұбан Молдағалиев атындағы кітапхана кітапханашысы Фариза Айтымова («Үздік жас маман») және басқалары бар.

Дәл осы салтанатты шара алдында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өткен болатын. Онда Жастар жылы өңірдегі жастарды қолдау мақсатында атқарылған және алдағы «Еріктілер жылы» атқарылар жұмыстар жайы талқыланды.

- Облыста 132 мыңнан астам жас бар. Олар облыс тұрғындарының 20,3%-ын құрайды. Яғни облыстың әрбір бесінші тұрғыны жастар өкілі болып келеді. Өңірде 89 жастар қоғамдық бірлестігі және жастармен жұмыс істейтін 14 ресурстық орталық бар. Жалпы облыста жастар саясатына 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, бірқатар кешенді жұмыс атқарылды. Алда атқарылар жұмыстар аз емес, - дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораштың баяндауынша, 2019 жылы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың көмегімен 8 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылған. «Zhas project» жобасы бойынша 771 жоба ұсынылып, 217 жоба мақұлданып, 500 млн. теңге көлемінде гранттық қаржы берілген.

Орал студенттері альянсының көшбасшысы Муса Көнеевтің айтуынша, өңір еріктілердің белсенділігі бойынша еліміз бойынша үшіншіорында тұр екен. «Qazvolunteer.kz» еріктілер порталына БҚО-дан 23 мекеме, 432 ерікті тіркелген.

Батысқазақстандық жастар алдағы жылы талай жасампаз бастамаға мұрындық болмақ. «Жасыл ел» Батыс Қазақстан облыстық штабының жетекшісі Асылан Тапишев студенттік құрылыс жасақтары жұмыс форматын қайта жаңғырту мәселесін көтерсе, қаратөбелік Эльдар Амантаев Еріктілер жылында кәсіпкерлер мен жастардың күш-жігерін біріктіруді ұсынды. Нұрғали Жолдасқалиев ауыл жастарын қолдауға бағытталған «Жастар керуені» жобасы жайында әңгімелеп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдарға келетін жас мамандарға арнап жаңа үй салуды сұрады.

Өңірде «Zhas Project» жобасына биыл 697 жас қатысып, 54 жоба қала аумағында, 163 жоба ауылдық жерде іске асырылған. Сөйтіп, шалғай ауылдарда наубайхана, кондитерлік цех, шаштараз және басқа да нысандар ашылды.

- Жастар жылы көптеген жұмыс атқарылды. Бұл бағыттағы істеріміз алдағы жылы да жалғасады. Еріктілер жылының жұмысын қазірден бастап қолға алу қажет. Бүгінде облыс аумағында 60-тан астам еріктілер ұйымы мен 10 мыңға жуық ерікті белсенді жұмыс істеуде. Бұл өңірімізде еріктілер қозғалысының жақсы жолға қойылғанын көрсетеді. Енді әр аудандағы еріктілер ұйымдарын «Ақжайық волонтерлері» еріктілер корпусына біріктіріп, бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Сонда жұмыс нәтижелі болмақ, - дейді өңір басшысы Ғали Есқалиев.

 

Суретті түсірген Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ

 

Батыс Қазақстан