26 Шілде, 2013

Қызылордада азық-түлік бағасын тұрақтандыруға жұмыс жасалуда

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда жәрмеңке

Қызылорда облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты бірқатар жұмыстар қолға алынды. Ол бойынша күнделікті мониторинг жүргізіліп тұрады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімдігінде өткізілген тұрақты кеңесте маусым айындағы азық-түлік тауарларының бағасы жыл басындағы көрсеткішпен (республика бойынша 101,7 пайыз) салыстырғанда 101,6 пайыз құраған. Бұл тұста «Қазагромаркетинг» АҚ жүргізген сараптамалық талдауға жүгінсек, биылғы маусым айының басында кейбір азық-түлік тауарларының бағалары өткен аймен салыстырғанда 30-80 теңге аралығында төмендеген. Олардың қатарында құс еті, жұмыртқа, өсімдік майы, қияр, помидор және тағы басқалар бар. Жалпы айтқанда, бұл аймақтағы 19 азық-түлік тауарының бағасы республикадағы көрсеткіштен төмен.

Сауда нүктелеріндегі тауарлардың бағасына мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.Оның қорытындысы жергілікті жердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланады. Ал жыл басынан бері осы өңірде 5 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, құны 11,5 млн. теңге болатын тауарлар сатылған. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы бағыттағы жұмысты қараша айына дейін жалғастыруды жауапты сала басшыларына міндеттеп, жергілікті тауар өндірушілердің өнімін өткізу мәселесі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын ұдайы назарда ұстау қажеттігін атап өтті.

Әмірхан Алмағанбетов,

«Егемен Қазақстан».