Руханият • 16 Желтоқсан, 2019

Қаршадай қыздың қайсарлығы...

2570 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың бірі Бағдат Мұқанова қазір Қызылжар қаласында тұрады. Облыстық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінде істейтін оның әңгімесін біз қысқаша жазып алған едік.

Қаршадай қыздың қайсарлығы...

- Мен Петропавлдағы орыс мектебін жақсы бітіріп, ҚазМУ-дің тарих факультетінің  «КОКП тарихы» бөліміне 1984 жылы түскен едім.  Желтоқсан оқиғасы кезінде үшінші курста оқып жүргенбіз. Біздің оқуымыз идеологиялық бағытты ұстанған. Сондықтан онда кілең обком, қалком, ауком хатшыларының балалары оқитын. Бәріміз де саясатқа жүйрік, сергекпіз.

Біздегі толқулар 16 желтоқсан күні басталды. Радиодан Қонаевты алып тастағанын, оның орнына ешкім білмейтін Колбин дегенді алып келгенін естіген соң-ақ біздің наразылығымыз күшейіп кетті. Бәріміз де сапырылысып, дәлізде айғайлап сөйлеп, «бұл не деген бассыздық, бізбен неге санаспайды» деген сөздеріміз оттай лаулап жатты. Менің өзім Қонаевты аядым, өйткені оның сол кездегі беделі халық арасында өте зор еді. Осындай адамды үн-түнсіз, ешқандай себебін айтпай, екі кештің арасында орнынан алып тастағаны мен үшін әділетсіздік болды.  Оның еңбектері мен істерін жақсы білетіндіктен біз оны пір тұтатынбыз. Кеңес Одағы республикаларының арасында ең жақсы университет қалашығын тұрғызып бергені үшін де біз оған құрметпен қарайтынбыз. Енді, осындай адамды қызметінен еш себебін айтпай қуып шыққандай болғаны қанымызды қайнатты.

Кешкі сағат сегіз кезінде суденттер жатақхананың «қызыл бұрышына» жинала бастадық. Сол жерде біреулер «ертең сабаққа бармайық, орталық алаңға барып, өзіміздің қарсылығымызды білдірейік» деген ұсыныстар жасады. Осы сөзді бәрі іліп әкетіп, «дұрыс-дұрыс» деп айғайлады. Бірақ белсенді қыздар жағы «сабаққа баруымыз керек» деп сөйледік. Сөйтіп, ертесіне сабаққа бардық. Бірақ аудиторияда да сол оқиғаны талқылап, шулап жаттық. Сабақтың соңынан қалалық комсомол комитетіне күнделікті тәжірибеден өтуге баратынбыз. Біз барсақ, онда ешкім жоқ. Бәрі де алаңға жиналып жатыр деген әңгімелер естідік. Сосын дос қызым – Индира Мұхамеджанова екеуміз ҚазМУ қалашығына баратын автобусқа мініп, жатақханаға келе жаттық та Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысынан түсіп, алаңға тарттық.

Біз келсек алаңға біраз жастар жиналып қалған екен. Арамызға үлкен кісілер келіп, тәртіп бұзбаңдар деген сөздер айтып жүрді. Халық саны көбейіп жатты. Ешқандай агрессия болған жоқ. Біздің талабымыз – Колбиннің кетуі, Қазақстанға өзіміздің бір адамымыздың басшы болып тағайындалуы еді. Оған ешкім жауап берген жоқ, тек алаңнан кетуді талап етті.

Кешке қарай алаңға төменгі жақтан қалың топтар кірді. Олар жұмысшы жастар екен. Араларында қыздар да көп болды. Олар келген соң алаңдағы топтың қызуы көтеріліп кетті. Ән де шырқалды, айғайлар да үдеп кетті. Сөйлеуге шыққан басшылардың сөздері естілуден қалды. Олардың «тараңдар, тынышталыңдар» деген сөздеріне қарсы жастар айғайлап, ысқырып, тіпті қар атып жатты. 

Кешкі сағат сегіз кезінде алаңға өрт сөндіргіш машиналар кіріп, ұңғымаларынан үстімізге суық су шашты. Сол күні далада ызғар да күшті еді, оның үстіне су шашқаны бізді қатты ашындырды. Жігіттер  жиектастарды қопарып, машиналардың шынысын сындырып, атып жатты. Осы кезден қатты қақтығыс басталды. Жастар қашудың орнына айқасып, өлерменденіп кетті. Курсанттар мен солдаттар бізге қолдарындағы тоқпақтарымен, күрекшелерімен лап қойды. Жігіттер де қолдарына не ілексе, сонымен қорғанып,  қарсыласып жатты.

Түнгі сағат екі кезінде біз жатақханаға жаяу жеттік. Келсем менің бөлмемде деканның орынбасары және тағы екі адам отыр екен. Олар бөлмелерді аралап, орнында болмаған студенттерді тізімге алып жүрсе керек. Кіріп келген мені олар «қайда болдың» деп тергеуге алды. Бірақ мен дос қызымның үйінде болдым деп ештеңе айтпадым. Ол кезде ешкімнен қорықпайтынмын, тура сөйлейтінмін. Сондықтан олар мені тағы да бір жарты сағаттай тергеп, ештеңеге қол жеткізе алмай кетті. Ертесіне бізді жатақханадан шығармады. Бірақ мен түс кезінде дүкенге, тамақ әкелуге шықтым. Далада бастарынан жарақат алған екі жігітті көріп, оларды жатақханаға алып келіп, жарақаттарын таңып бердім.

- Одан кейін қуғындау болған жоқ па?

- «Қызықтың» көкесі сосын басталды. 20 желтоқсан күні аудиторияда дәріс тыңдап отыр едім, бір уақытта есік ашылды да, «Мұқанова бар ма?» деді қатты дауыспен. Лектор тоқтап қалды, бәрі тым-тырс. Мен орнымнан тұрып:

- Бар, - дедім.  «Бізбен жүріңіз» деп азаматтық киімдегі біреу мені факультеттің музейіне алып келді. Сол жерде КГБ-ның үш қызметкері тергеуге алды. Біреуі майор, екеуі әскери киімсіз еді. Олар мені алаңға бардың ба, кімдерді көрдің деп сұрақтардың астына алды. Мен оларға «алаңға барған жоқпын» деп бет бақтырмадым. Сөйтсе, екі адам өздерінің жауаптарында менің фамилиямды атапты. Соның бірі Орал Смағұлов деген жігіт. Ол: «мен ешкімге қол көтерген жоқпын, нанбасаңдар мені көрген Б.Мұқановадан сұраңдар» депті. Мен Оралды көргенім рас, бірақ ол алаңда емес, автобус аялдамасында болған деп соқтым. Егер алаңда көрдім десем, тағы кімді көрдің деп жабыса түсетіндерін білдім.

Тергеушілер мені қорқытып, оқудан шығасың, түрмеге түсесің, бірнеше жылға сотталасың, одан да мойында, алаңға барыңдар деп айтқан кім, кіммен барғаныңды, кімдерді көргеніңді айт деп қинады. Осы сұрағандарымызға жауап жаз деп қалам-қағаз берді. Неге екенін білмеймін, әлде есім шығып кеткеннен бе, әлде қорыққаннан ба, «жаз, жаз» деп қинағанда не жазарымды білмей, ағылшынша «yesterday» деген әннің сөзін жазыппын ғой...

Әлгіні көрген майор жынданып, айғайға басты. Ұрсып, қатты сөздер айтты. Бірақ мен де қатая түстім. Осылай тергеу оншақты күнге дейін созылды. Күнде менің соңымнан келеді де тұрады. Ақырында мен есірікке ұшырағандай болдым, айғайлап, жылап «менде нелерің бар, мен алаңға барған жоқпын» деп айғайлайтын халге жеттім. Тіпті «мені Сібірге жіберсеңдер ол жақта да көтеріліс жасаймын» деп аузыма келгенді айтып, қарсы бақыратын болдым. Жүйкенің жұқарғандығы бар, оның үстіне өзіңнің жазықсыз екеніңді сезіну бар, ең бастысы тұмсығымыз тасқа тимеген жастықтың қызуы бар  – әйтеуір, бетім қайтпады. Егер мені түрмеге қамаса, бәлки жуасыған болар ма едім, бірақ өзімнің үйімнің, яғни университетімнің қабырғасы да маған күш бергендей болды. Бәрінен батқаны менің курстастарымның маған деген қатысының өзгергені болды. Олар маған өшпенділікпен қарап, «националистка» деп сыбырласатынын сезіп жүрдім. Жүйкем онсыз да жұқарып жүрсе, олар мені  комсомол жиналысына салып, сөгіс бергізді.

Бір күні кезекті рет тергеуге апарды. «Қазір сенің алаңда болғаныңды айтатын адаммен беттестіреміз» деді. Сөйтіп, Индира Мұхамеджанованы итеріп кіргізді. Сонда Индира маған айғайлап: «Багда, не признавайся,  я им ничего не сказала» деп айғайлағаны ғой. Алып келген адам «аузыңды жап» деп сасқалақтап жатыр. Оның айғайынан күш алған мен де бұрынғы айтқандарымнан қайтпай, алаңда болған жоқпын деп тұрып алдым... Ақыры олар түк шығара алмай, менен қол үзді. Осы күні қайсарлығымның арқасында ғана аман қалдым-ау деп ойлаймын. Аналардың айтқандарын істеп, айтқандарына көне берсем сотталып кетуім кәдік еді. Мені оқудан да шығарған жоқ, тек комсомолдық сөгіс қана берді.

Менің таныстарымның арасынан Орал Смағұлов, Ермұхан Қуандықов сотталды. Әрқайсы екі жылдан алды-ау деймін, қазір ұмытып қалыппын.

- Одан кейінгі өміріңізде қудалау болған жоқ па?

- Құдайға шүкір, содан кейін демократиялық өзгерістер басталды ғой.

Біз университетті бітірген 1989 жылы желтоқсан оқиғасына қатысып, жапа шеккендер ақтала бастады. Мен Петропавлдың пединститутына келіп, мұғалім болып орналастым.   

 

ҚЫЗЫЛЖАР