«Ұшқын»
1919 жылдың 17 желтоқсанында Орынбор қаласында басылып шыққан «Ұшқында» Халел Есенбаев, Мәннан Тұрғанбаев, Тамимдар Сафиев, Ешмұхаммед Бегалиев және Бернияз Күлеев секілді азаматтар еңбек еткен. Газеттің алғашқы санында басқарманың «Оқушыларға» деген үндеу мақаласы, Ерғали Алдоңғаровтың «Сиезге әзірленіңдер» мақаласы мен ақын Бернияз Күлеевтің «Ұшқынға» атты өлеңі жарияланған. Газет өз заманында қоғамдағы өзгерістердің барысын, жер-су, оқу-ағарту мәселелерін кеңінен жазды. Халел Есенбаев, Бернияз Күлеев редакторы болды.
Жалпы, «Ұшқынның» отыз алты нөмірі жарық көрген. Бүгінде газеттің сарғайған тігіндісі Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының қорында сақтаулы тұр.
«Еңбек туы»
«Ұшқын» газетінің заңды жалғасы «Еңбек туы» 1920 жылдың 13-қарашасында Орынбор қаласында жарық көрді. Газетті редакциялық алқа шығарды. Негізгі ұйымдастырушысы Сәкен Сейфуллин – «Манап-Шамиль» деген бүркеншік атпен бас мақалаларды жазып отырды.
Газетке Т.Рысқұлов, М.Тұрғанбай, Ж.Аймауытов, С.Сәдуақасов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов сынды халқымыздың біртуар тұлғалары үлес қосып, мақалаларын жариялады. 1920 жылдың 13 қарашасынан 1921 жылғы ақпанның аяғына дейін С.Сәдуақасов, 21 ақпаннан 1 қарашаға дейін Ж.Аймауытов газетке басшылық жасаған.
«Еңбекшіл қазақ»
«Еңбек туы» 1921 жылы 22 қазанда РК(б)П Қазақ облкомы төралқасы материалдық жағдайдың қиындығынан шығуын тоқтатқан «Еңбек туының» орнына «Еңбекшіл қазақ» газеті шығарылсын деген мағынада қабылдаған қаулы негізінде 1921 жылдың 7 қарашасында Орынбор қаласында жарық көрді.
Қаулы бойынша редакция алқасына Мұхтар Әуезов, Еркеғали Алдоңғаров, Әбдірахман Байділдин, Абдолла Асылбеков бекітіледі. Әбдірахман Байділдин «Еңбекшіл қазақ» газетін 1921 жылдың қарашасынан 1922 жылдың тамызына дейін жоғарыда аттары аталған редакциялық алқа шығарғанын жазады. Ал 1922 жылдың тамызынан бастап газеттің бас редакторлығына Сәкен Сейфуллин тағайындалады. (Т.Кәкішев. «Қызыл сұңқар». Алматы. 1968). Әйтсе де басқа да бірқатар деректер «Еңбекшіл қазаққа» тек Сәкен Сейфуллин емес, Әбдірахман Байділдин мен Бейімбет Майлин да редактор болғанын алға тартады.
«Еңбекші қазақ»
РК(б)П Өлкелік комитетінің 1925 жылғы ақпандағы «Жетекші қазақ баспасөзі туралы» қаулысынан кейін, газет «Еңбекші қазақ» деген атпен шықты. «1925 жылы редактор Смағұлдың газетті бірыңғай төңкеріс ұранынан арылтып, ұлт бірлігі мен жер тұтастығына, автономияға үндейтін басылым етпек ниеті аңғарылады. Әуелі, 14 ақпанда атауын «Еңбекші қазаққа» түзетті. Наурыз айынан бастап Ақмешітке көшудің қамымен біраз шараларды қолға алды» («Бас басылым». «Printing-house», Астана, 2015).
Газеттің Орынбордағы соңғы нөмірі 1925 жылдың 4 маусымында жарық көріп, онда газет басшылығы баспахананың Ақмешітке барып орналасатынын ескертті. Сол кездегі Ақмешітке (қазіргі Қызылорда) алдымен жауапты хатшысы Б.Майлин келіп, баспахана ісін ұйымдастырды. Жаңа қаладағы алғашқы саны 1925 жылы 10 шілдеде жарық көрді. Бұл кезде газет редакторы С.Сәдуақасов, ал шығармашылық топта Бейімбет Майлин, Ерғали Алдоңғаров, Аманғали Сегізбаев, Ахметсапа Юсупов, Әуеш Қошмағамбетов, Мерғали Ешмұхамедов, Әбдірахман Бегішов сынды қаламгерлер болды. Қызылордаға келген соң қызметкерлер қатары Міржақып Дулатов, Ілияс Жансүгіров, Қалмақан Әбдіқадыров, Әбділдә Тәжібаев сынды жастармен толықты. Олардың қатарындағы І.Жансүгіров журналистика мамандығын Мәскеуде оқып келген кәсіби журналист болды.
Қызылордада төрт жыл шыққан «Еңбекші қазақ» 1929 жылы мамырда Алматыға қоныс аударды. Алматыдағы алғашқы нөмірі 1 шілдеде жарыққа шықты.
«Социалды Қазақстан»
1932 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің ІІІ-пленумының қаулысына сәйкес, «Еңбекші Қазақ» газетінің атауы «Социалды Қазақстан» болып өзгерді. Газеттің редакторлығына Әйтеке Мусин бекітілді.
Отызыншы жылдар қазақ тарихындағы аса ауыр кезең ретінде белгілі. Халықты қынадай қырған ашаршылық 1931-1933 жылдарға сәйкес келсе, 1937-1938 жылдары қазақ зиялыларының басына қара бұлт үйіріліп, атылып, жазықсыз айдалып, қуғын-сүргінді бастан кешті. Ал бұл тұста Кеңес Одағындағы негізгі тақырыптар ауыр өнеркәсіп, колхоз құрылысы, халық мәдениеті, т.т. болатын. Бұл кезеңде де газет ұжымы қазақ қоғамында болып жатқан оқиғаларды негізгі назарында ұстады.
«Социалистік Қазақстан»
Газет атауы 1937 жылы мамырда «Социалистік Қазақстан» болып өзгертілді. Газет тарихындағы 1937 жылдан 1991 жылға дейін 54 жыл бойы қолданған ең ұзақ атау да осы «Социалистік Қазақстан» екені белгілі. Алғашқы редакторы – Жүсіпбек Арыстанов, орынбасары – Сұлтан Лепесов, жауапты хатшысы Байдабек Алиманов болды. Ахмет Елшібеков, Жайық Бектұров, Бәри Мәзитов, Жекен Жұмақанов, Ғайса Сармұрзин, Сейділдә Төлешов, Ғали Орманов, Ғабдол Сланов, Нұрсейіт Ерубаев сынды азаматтар қызмет етті.
«Социалистік Қазақстан» газетін Ж.Арыстановтан Ш. Мұртазаға дейінгі аралықта он екі редактор басқарған. Олар – Сақтаған Бәйішев, Әмір Қанапин, Балтабаек Асанов, Қасым Шәріпов, Қабыл Бекмұратов, Ғұмар Аққұлов, Кеңесбай Үсебаев, Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев.
Газеттің осы атаумен шыққан кезеңі саяси қуғын-сүргін жылдарынан бастап, Ұлы Отан соғысы, тың игеру, «брежневтік жылымық», Желтоқсан оқиғасына дейінгі қазақ елінің басынан өткен тарихи оқиғаларды қамтыды. Газеттің ақпараттық қызметі, идеологиялық үгіт-насихат құралы ретіндегі мән-маңызы Ұлы Отан соғысы жылдарында, одан кейінгі тың игеру кезінде айрықша байқалды.
«Егеменді Қазақстан»
Газет атауы 1991 жылы маусымда «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Осы атауымен ел тәуелсіздігін қарсы алып, 1993 жылдың соңына дейін «Егеменді Қазақстан» болып жарық көріп тұрды.
«Редакторлардың редакторы» материалында «Егеменде» екі рет бас редактор қызметін атқарған қаламгер Ержұман Смайыл «Социалистік Қазақстанның» «Егеменді Қазақстанға» қалай өзгергенін төмендегіше баяндайды: «Шерағаңның газеттің атын қалай өзгерткені ойға оралды. Оған біраз дайындалдық. Өзі бірқатар деректер айтып берді. «Революцияға дейін Батыс Қазақстанда «Қазақстан» деген газет шығып тұрып, кейін жабылып қалған. «СҚ»-ның алғашқы ізашары «Ұшқынды» шығарарда сол газеттің құрал-жабдықтарын, қаріптерін Орынборға жеткізген көрінеді. «Ұшқын» сол «Қазақстанның» техникалық негізінде шыққан. Демек, «Қазақстан» атауын қайта жаңғырту орынды болады. Солай ұйғарылып, Орталық Комитеттің Саяси бюросына хат дайындадық. Шерағаң бір түзетіп, қайта басылған нұсқасына қол қойып, Үлкен үйге аттанды. Екі сағаттайдан соң көңілді оралды да, алдымен мені шақырды. «Ал жігіттердің бәрін жина. Ертеңнен бастап газетіміз «Қазақстан» болып шығады». Жігіттер жиналған кезде үкіметтен телефон соғылды. Трубканы көтерген Шерағаң басында «иә», «иә» деп отырды да, соңынан «жарайды» деп көңілсіз қайырды. Жаңағы келген жерден әңгімені басқаша жалғастырды. «Еліміз егемендігін жариялап жатқанда газет атауы да соған сай болуы үшін «Егеменді Қазақстан» деген атау алды». («Бас басылым». «Printing-house», Астана, 2015).
«Егеменді Қазақстан» атауымен газет екі жыл жарық көрді.
«Егемен Қазақстан» – «Egemen Qazaqstan»
1993 жылдың 1 қаңтарынан «Егемен Қазақстан» атауымен шыға бастады. Лингвистердің пікірлерінен кейін туған талқылаулардан соң сол кездегі бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен «ді» жұрнағы газеттің атауынан алынып, «Егемен Қазақстан» болып өзгертілді және бүгінге дейін осы атпен шығып келеді.
Газет осы кезеңде елдік саясаттың жаршысына, ұлттық мүдденің ұраншысына айналып, Тәуелсіздіктің тұғырын нығайту ісіне белсене кірісті. 1999 жылы Астанаға қоныс аударды. Қазір газеттің редакциясы Нұр-Сұлтан қаласы, «Егемен Қазақстан газеті» көшесіндегі 5/13 мекенжайында, Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен бас газеттің редакциясы үшін арнайы салынған ғимаратта орналасқан.
«Егемен Қазақстан» тұсында газетті Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Еркін Қыдыр сынды қазақ әдебиеті мен журналистикасында қолтаңбасы бар тұлғалар басқарды. Қазіргі басшысы – тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі.
Соңғы 4 жылда газет заманауи жаңғыру үдерісін жүзеге асырып, ішкі мазмұны мен сыртқы келбетін сапалық тұрғыдан өзгертті. Атап айтқанда, 2017 жылдың 1 қаңтарынан пішімі D2 еформатында (бұрынғы форматы – А2) жарық көре бастады. Ал 2018 жылдың наурызынан бастап, газет атауын қазақ әліпбиінің жаңа латын нұсқасында «Egemen Qazaqstan» деп жазып, шығарып келеді.
Осы кезеңде сондай-ақ газеттің egemen.kz сайты да техникалық-дизайндық тұрғыдан қайта жаңғыртылып, мультимедиалық мүмкіндіктерін кеңейтті. Сайт тек қазақ тілінде ғана емес, орыс, ағылшын тілінде де ақпарат таратады. Сонымен қатар төте жазу мен латын әліпбиіндегі нұсқалары да іске қосылған. Бүгінде оқырмандарының саны 30 мыңға жетті.
«Егемен Қазақстан» құрылымдық жағынан материалдар тақырыбы мен атқарылатын жұмыс саласына байланысты Саясат және құқық, Экономика, Әлеумет және білім, Мәдениет және руханият, Әдебиет пен өнер, Интернет-редакция сияқты бөлімдерге бөлінген. Газеттің барлық облыста меншікті тілшілері, Алматы және Шымкент қалаларында тілшілер қосыны бар. Таралымы 200 мыңнан асатын газет редакциясында бүгінде 100-ден аса адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің орта жасы – 34.