Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

«Ұстаз мәртебесі - ұлт мерейі» байқауы өз мәресіне жетті

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үш айға созылған білім бәйгесіне Алматы қаласы орта білім беру ұйымдарынан 67 ұстаз қатысып, өз бақтарын сынады. Аталмыш шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылды.

«Ұстаз мәртебесі - ұлт мерейі» байқауы өз мәресіне жетті

Қаламыздың 8 ауданынан іріктеуден өткен 21 қатысушы байқаудың қалалық кезеңінде өздерін әр қырларынан танытқан.

Айта кетелік, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор бұл байқау Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Білім және ғылым» конференциясында көтерген мәселелерді қолдау бағытында, мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Алматы қаласының Мәслихат депутаты Мұрат Әділхановтың демеушілігімен өтті.

«Әр ауданнан қалаға жеңімпаздар жиналып, оның ішінде міне 20-дан астам қатысушы іріктеріліп отыр. Осыған орай, мен бүгін жеңімпаздардың барлығын құттықтаймын. Енді осы 20 ұстаздың өзі жастарға қанша үлгі болады», - деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Мұрат Әділханов.

Аталмыш байқаудың басты мақсты – ұстаздардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын көтеру. Бәсекеге қабілетті, жаңашыл, озық тәжірибелі мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған бұл сайысқа алдын ала өткізілген іріктеу нәтижесінде озып шыққан жеңімпаздарға мақтау дипломдарымен бірге қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Байқау қорытындысы бойынша 200 000 тг көлеміндегі 3-орынды №180 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Құралай Ахметова иеленді.

Жүлде қоры 300 000 теңгелік 2-орынды  №148 мектеп-гимназияның мұғалімі Гүлжан Дорветхан жеңіп алды. Ал, 500 000 теңгелік бәйгелі 1-орынды №168 мектеп-гимназияның мұғалімі Елдар Абдыкалыков қанжығасына байлады. «Автокөлік» тағайындалған бас жүлде №59 мектеп-гимназияның ұстазы Хасен Зәруге бұйырды. 

«Конкурсқа үлкен даярлықпен келдік. Әрқашан адам алдына мақсат қою керек. Мақсатымыз осы - бас жүлдені алу керек болатын. Осы жолда үлкен жұмыстар жасадық. Жас ұрпақтың бойына бір жақсы білім нәрін, ұлттық идеологияны сіңірдік деген ойдамыз», - деді Қасыл Қатықбаева атындағы «Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі» байқауының жеңімпазы Хасен Зәру.