«Ұлттық тарих және көркем әдебиет» тақырыбында
«Егемен Қазақстан» газетінің «дөңгелек үстелі» басындағы әңгіме
Тәуелсіз еліміздің жаһандану үдерісі туындатқан жаңа белестерге көтерілуі, жаңа сындарға төтеп беруі үшін ұлттың тарихи санасын қалыптастыруға басымдық берілуге тиіс. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Қазақстан тарихын ғылыми танудың жаңа жолдарын іздестіру мәселесінің күн тәртібіне қойылуы осының айқын дәлелі. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің жетекшілігімен Астанада Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өткізіліп, осы орайдағы міндеттер жан-жақты талқыланып, ата тарихтан асыл тағылым алу жолдары айқындалғалы біршама уақыт өтті.
Кеңейтілген отырыста қозғалған әңгіме көптің көкейінде жүрген түйіндерді дөп басқаны, Мемлекеттік хатшының ұлттық тарихты нақтылау, жаңғырту және дамыту хақында айтқан сөздері ел тарихын зерделеуге қатысы бар адамдардың арасында серпіліс туғызғаны анық байқалады. Тарих тақырыбына қалам тербеп жүрген, есімдері елімізге жақсы танымал жазушылар: Әкім ТАРАЗИДІҢ, Әнес САРАЙДЫҢ, Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫНЫҢ, Марат МӘЖИТОВТІҢ, Алдан СМАЙЫЛДЫҢ және Тұрсын ЖҰРТБАЙДЫҢ қатысуымен «Ұлттық тарих және көркем әдебиет» деген тақырыпта өткен «Егеменнің» «дөңгелек үстелі» басындағы әңгіме де осы бағытта өрбіді.
«Дөңгелек үстел» басындағы әңгімені «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов жүргізіп отырды.

С.АБДРАХМАНОВ: – Бұл тақырыпты таңдауымыз тегін емес. Тарих пен әдебиеттің табиғаты ортақ. Ел шежіресін тек тарихшылар жазбайды. Оған зиялы қауымның, оның ішінде қаламгерлердің қосар үлесі де өлшеусіз.
Еліміздегі игілікті шаруа атаулының бәрінің дерлік басында Елбасы тұрады. Біздің бүгінгі әңгімемізге себеп болып отырған Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин өткізген мәжілістің қозғаушысы да Президент. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Нұрсұлтан Әбішұлы: «БІЗ ҰЛТТЫҢ ТАРИХИ САНАСЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРУЫМЫЗ КЕРЕК» деп атап көрсетті. Біраз уақыттан кейін Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин үлкен жиналыс өткізді. Оған біразыңыз қатыстыңыздар. Қатыспағандарыңыз газеттен оқып, радиодан, теледидардан тыңдадыңыздар. Үлкен әңгіме қозғалып жатыр. Біздің қазіргі күнімізге қажетті әңгіме. Әбден пісіп-жетілген мәселе. Кейде уақытынан ерте айтылатын әңгімелер болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары нда осындай әңгіме қозғала қалса, халық онша қабылдай қоймауы мүмкін еді. Мәжілісте қозғалған мәселелердің кең ауқымдылығын, проблемалардың жаңаша қойылысын барша жұрт көріп, бағалап отыр. Қоғамның пісіп-жетілгенін осыдан да аңғаруға болады.
Уақыт тарихтың даму үдерісі сызып қойған заңдылықтарға сыймайтынын көрсетіп берді. Неше түрлі, көңілге қона қоймайтын оқиғалар болып жатыр әлемде. Демек, тарихтың дамуы дегеніміз әлдеқайда күрделі дүние. Біздің халқымыз өткенге құрметпен қараған. Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы тарих», депті. Біздің Президенттің «Тарих кім-кімнен де жоғары ұғым» деген сөзі бар. Осылардың бәрін ескере отырып, тарих тақырыбына жазып жүрген қаламгерлердің басын шағын аяда қосуды жөн көрдік.
Бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы – «Ұлттық тарих және көркем әдебиет». Қазір күн тәртібіне ұлттық тарихты зерделеу мәселесі қойылып отырғанда оған қаламгерлердің қосатын үлесі, көрсетер көмегі қандай деген әңгімені айтсақ дейміз. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары алғашқы романдар жазыла бастаған кезде бізде, өздеріңіз куәсіздер, тарихи тақырыпты қызықтаушылық, қуалап кетушілік бар деген бір сындар айтылған. Зейнолла Серікқалиевтің «Тарихи роман табиғаты» деген мақаласы шыққаны есімізде. Онда: «Біз Мәскеу айтқан әңгімені қайталай береміз. Негізінде қазақ әдебиетінің жағдайы басқашалау. Тарихи романдарының дәстүрі ертерек қалыптасқан орыс әдебиетіндегі әңгімені қазақ топырағына көшіріп әкелуге болмайды. Бізде тарихи тақырыпқа мұқтаждық олардан әлдеқайда күшті» деген ой айтылған. Одан бергі уақытта біздің әдебиетте көп өзгерістер болды. Бір замандарда санада талай дүниені өзгертіп жіберген «Қаһардан» бастап көптеген романдар жарық көрді. Олардың қоғамның дамуына айтарлықтай ықпал жасағаны сөзсіз. Айталық, 86-шы жылы алаңға шыққан жастардың белгілі бір дәрежеде қуат алған күштерінің бірі «Менің Қазақстаным», «Атамекен» сияқты әндер болса, екінші жағынан тарихи романдар еді. Соларды оқыған ұрпақ алаңға шықты десек қателеспейміз. Елу-алпыс мыңдық тиражбен шыққан шығармаларды оқыған, сөйтіп, өзінің тарихи санасын жаңғыртқан ұрпақ тоталитарлық режімге қарсы бас көтерді. Айта берсек, қаламгер сөзінің қуаты күшті екенін айғақтайтын осындай мысалдар көп-ақ. Жазушының қарапайым адамдар пайымдай бермейтін дүниелерге өзінің көкірек көзімен қарап көп жайды байқайтыны шындық қой. Тарихи тақырыпты игеруде сіздерден, жазушылардан не күтеміз, қандай мәселелер бар дегенді әңгімеге арқау етіп отырсақ.
Әкім аға, сөзді алдымен өзіңізге берейін. Тарихи тақырыпты игеруде де қалам қарымын танытып келе жатқан жазушылардың бірісіз. Сексен жастың сеңгіріне шығар шақта Бичуриннің екі томын аудардыңыз. Оның үстіне Мұстафа Шоқайды жаздыңыз.
Ә.ТАРАЗИ: – Заман өтсе де, ғасырлар өтсе де адамзат тарихқа қайта-қайта оралып отыруы керек. Мен Бичурин ақсақалдың еңбегін аударуға кездейсоқ отырдым дей алмаймын. Біз мектепте оқып жүргенде «Қазақ КСР тарихы» деген өте қалың кітап болды, сендер оны көрген жоқсыңдар деп ойлаймын. Сол тарихта, менің таңғалғаным, осы біздер айтып жүрген, мына Бичуриннің кітабындағы жағдайлардың бәрі бар болатын. Осыдан екі мың екі жүз жыл бұрынғы гундардың тарихы қазақтың тарихы ретінде айтылатын. Кейін сол кітап жоғалып кетті. Бекмахановты соттады. Мен мұны неге еске алып отырмын? Сол кезде біздің тарихымызға көзқарас басқаша, еркінірек болған сияқты. Кейін елуінші жылдардың басында жағдай күрт өзгерді. Әсіресе, билік басына Хрущев келгеннен кейін қысым күшейді. «Правда» газетінің қазақтар өмірде болмаған бабаларын дәріптей береді деп жазғаны менің есімде. Содан кейін оларға біздің тарихшылар да қосылып, тарихымызды қай уақыттан бастауымыз керек деген сауал төңірегінде неше түрлі ойлардың ұшығын шығарып жатты. Жас та болсам, бұл не сұмдық деп қиналып жүрдім. Осылай, төл тарихымыздың көкпарға түсуі ұлт санасына әсер етпей қойған жоқ. Егемендік алып, арқамыз кеңіп, өз тарихымызды өзіміз жаза бастадық десек те, сол кезеңнің салқыны әлі сезіледі.
Тарихи романға қойылатын талаптарды жазушылардың бәрі бірдей ескере бермейді. Бір-екі рет газеттерде жұқалап айттым да. Абылай туралы болса Абылай сөйлейді кеп, сөйлейді кеп, одан кейін Қабанбай батыр сөйлейді кеп, сөйлейді кеп, осылай жалғасып кете береді. Соның ара-арасында кішкентай бірер сөйлеммен қазақтың жігіттері барып қалмақты қырып келді дейді. Сол кездегі өмір шындығына терең бойлау деген мүлде жоқ. Ондайлармен күресудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Заманның өз