Осыдан 45 жыл бұрын салынған ғимарат мүлде өзгерген. Мердігер «Айт-Голд» ЖШС-і бес ай ішінде балабақша ғимаратын толық жаңалап, едендерді, есік-терезелерді және сантехниканы ауыстырған. Аулада балалардың ойнауына барлық жағдай жасалып, тиісті құрылғылар орнатылған. Ең бастысы, бақша енді суық емес. Кіші топтарда - жылы едендер салынып, ыстық сумен қамтамасыз етілген. Күрделі жөндеуге республикалық қазынадан 238 миллион теңге жұмсалған. Тұрғындарды мерекемен құттықтаған аудан әкімі Әліпбек Өсербаев тәуелсіздік жылдары Ордабасы ауданында 31 мектеп, екі мемлекеттік және 40 жекеменшік балабақша салынғанын атап өтті. Таяу жылдары «Ауыл-алтын бесігім» бағдарламасы аясында басқа да мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерде жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Сондай-ақ мереке қарсаңында Темірландағы шағынаудан тұрғындарына спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасалған ашық спорт алаңы пайдалануға берілді. Аудандық бюджеттен 17 миллион теңге бөлінген спорт нысанында жүгіру, футзал, волейбол және баскетболдан жарыстар өткізуге болады. Бұл күні, сонымен қатар, Бөржар, Қажымұқан ауылдық округтерінде облыстық және республикалық бюджет қаражаты есебінен салынған жаңа мектептер ашылды.