Бұл фотосуреттер 2019 жылдың 15-21 қазаны аралығында Батыс Қазақстан облысының аумағында өткен «Арайлы Ақжайық» экспедициясы барысында түсірілген еді. Экспедиция аймақтағы туризмнің даму мүмкіндіктерін көрсетуді көздеген болатын. Кәсіпқой фотографтардан құрылған топ өңірдің тарихи, көркем мүйістерін аралап, ерекше фотошолу жасап шықты. «Арайлы Ақжайық» экспедициясы нәтижесінде пайда болған фотосуреттер мен мақалалар «National Geographic Kazakhstan» және Ресейдегі «National geographic» журналдарында жарияланды. Міне, осы сапарда түсірілген 30 фотосурет бүгінгі көрменің төрінен орын тапты.
Фотокөрменің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы Туризм бөлімінің басшысы Ғалым Бекқалиев арнайы келіп, экспедициясының мақсаты мен міндетін көрермендерге баяндап берді. Музей экскурсоводы М.Сәндібеков фотокөрмеде бейнеленген әр мүйістің тарихына, қойылған әр суреттің маңызына тоқталып өтті.
«Орал: Қазақстанның Батыс қақпасы» фотокөрмесі 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін жалғасады.
Айта кетейік, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің барлық филиалында түрлі маңызды шаралар, жаңа экспозициялар, тағылымды кездесулер жаппай өтіп жатыр. Жыл бойы ұйымдастырылған «Музейстар-2019» жобасы қорытындыланып, «Ақжайық өңіріндегі өнегелі істер» атты көрме облыстық музейдің үлкен залында көрермендерге есік ашты. Ал Сәкен Ғұмаров музей-үйінде «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» мерекелік кеші өтсе, Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс шежіресі» атты патриоттық акциямен жалғасты.
Батыс Қазақстан