Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2019

Алматылықтарға мемлекеттік марапат тапсырылды

624 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Алматы әкімі Б. Сағынтаев Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Президентінің атынан еліміз бен қаланың дамуына үлес қосқан алматылықтарға мемлекеттік марапат тапсырды» деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.

Алматылықтарға мемлекеттік марапат тапсырылды

Марапатталғандар арасында ғылым мен мәдениетті, экономика мен қоғамдық келісімді, өнер мен спортты дамытуға үлес қосқан көптеген мұғалім, медицина қызметкерлері, құрылысшылар, қоғамдық көлік жүргізушілері бар. Олдардың барлығы мегаполисті дамытуға айтарлықтай үлес қосқан.

«Мен үшін киелі миссияны орындау әрі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау үздіктерінің, мемлекеттік қызметкерлердің, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің, азаматтық қоғам өкілдерінің, энергетика, қаржы, құрылыс, туризм және бизнес саласы қызметкерлерінің сіңірген еңбектерін атап өту - үлкен құрмет. Олардың әрқайсысы өздерінің күнделікті еңбектерімен қаланың дамуына үлес қосуда, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуда», - деп атап өтті Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

«Парасат» орденімен еңбек ардагері, «Ғылым ордасының» ғылыми қызметкері Ғайникен Бибатырова; еңбек ардагері, Қазақ ССР-інің халық артисі Лаки Кесоглу; Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов; еңбек ардагері, Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Клара Хафизова марапатталды.

«Құрмет» орденімен марапатталғандардың арасында «Сентрас Капитал» холдингтік компания» Директорлар кеңесінің төрағасы Елдар Әбдіразақов; Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу-техникалық университетінің профессор-зерттеушісі Зинеш Әбішева; «Милосердие» Ерікті қоғам» қайырымдылық қорының директоры, бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин; режиссер Ақан Сатаев; Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай бар.

ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «Алматы көпір конструкциялары зауыты» ЖШС №3 цехының арматурщигі Василий Горбун; «Алматыэлектротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі Алғашбай Жармедетов; «Алматыметроқұрылыс» АҚ тау департаментінің үңгушісі Ережеп Жаукенов; «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желілерді бөлу Басқармасының аға шебері Алмас Омаров; «Метрополитен» МҚК электропоезының машинисі Андрей Секиркин; еңбек ардагері, «Алматыэлектротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі Анатолий Черенов марапатталды.

Бұлардан өзге, бірқатар алматылықтар «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен аталып өтілді.

Сонымен қатар, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бекіткен қаланы дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін «Еңбегі үшін» төсбелгісімен қаланың бірқатар қоғам қайраткерлері марапатталды. Олардың арасында Қазақстанның мүгедектер ұйымы Одағының төрағасы Әли Аманбаев; №2 қалалық босандыру үйінің босандыру бөлімінің меңгерушісі Тамара Шакирова және басқалары бар.

Айта кетерлігі, бір топ қалалықтар «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен, Nur Otan партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Түс ауа ресми  шара Республика сарайында Тәуелсіздік құрметіне өткен мерекелік концертпен жалғасты. Қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мейраммен құттықтаған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен жетістіктерді жіпке тізіп, республика экономикасының негізгі драйвері – оңтүстік мегаполистің даму көрсеткіштеріне тоқталды. Атап айтқанда, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматының Жалпы Ішкі Өнімдегі үлесі 10 пайыз ғана болса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге артты. Қазір Алматы ел экономикасының бестен бір бөлігін құрайды.

Концертке Бақытжан Сағынтаев бастаған қала активі қатысты.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев  алматылықтарды тәуелсіздік күнімен құттықтады. 

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші   Майра  Мұхамедқызы, әнші Зарина Алтынбекова, Ерке Есмахан әннен шашу шашты.

 

 

АЛМАТЫ

 

 

 

 

 

 

.