Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2019

Алматының барлық ауданында Тәуелсіздік мерекесі тойланды

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

16 желтоқсан – ата бабамыздың асқақ арманы орындалып, жасампаздығымыз жаңа белеске көтерілген Тәуелсіздік күні. Мерекеге орай Алматы аудандары мерекелік шаралар ұйымдастырып, әр ауданның құрметтілері марапаттауларға ие болды.

Алматының барлық ауданында Тәуелсіздік мерекесі тойланды

Бұл шаралар «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Мейрам қарсаңында Жетісу ауданында жергілікті әкімдік қаланың дамуына үлесін қосушыларға алғыс хаттар мен арнайы медальдар табыстады. Ал Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында өткен шарада арнайы қойылым қойылды.

«Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, мол байлық, қажымас қайрат тілеймін. Бүгін біз Жетісу ауданының Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірім театрында үлкен салтанатты іс-шара өткізіп, құттықтадық», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Вячеслав Вавилин.

Сондай-ақ Тәуелсіздік мерекесін Наурызбай ауданының тұрғындары да атап өтті. Мерекелік концертте эстрада жұлдыздары ән салып, әсерлі күйлер шертілді және тәуелсіздік тарихынан сыр шерткен бейнероликтер көрсетілді. Мұнда қала дамуына қосқан мол үлесі үшін ауданның мемлекеттік қызметкерлері, білім және медицина саласының өкілдері мен белсенділері, кәсіпкерлері аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.    

Мерекелік шара қаламыздың Әуезов ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен де Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жалғасын тапты. Мемлекеттік Әнұранмен бастау алған салтанатты шарада аудан әкімдігінің басшылары тұрғындарды мерекемен құттықтап, қоғам қайраткерлерін, мемлекеттік қызметкерлерді, ардагерлерді және Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды құттықтады.

«Көк туымыз ешқашан төмендемесін, қазақ тілі дами берсін. Тәуелсіздік алған елдер ішіндегі мықты, беделді мемлекеті болсын», - деді «Желтоқсан» оқиғасының қайраткері Жандос Ырысбаев.

 

АЛМАТЫ