Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2019

Алматыда желтоқсаншы қыздардың құрметіне шығармашылық кеш өтті

630 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында елжандылықты насихаттау, егемендікті ұлықтау мақсатындағы шаралар легі жалғасын тауып отыр.

Алматыда желтоқсаншы қыздардың құрметіне шығармашылық кеш өтті

 

Алматыдағы қалалық №4 кітапханада мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен бірге егемендік жолында құрбан болған Ләззат Асанова мен Сәбира Мұхамеджанованың құрметіне қыздар арасында мәнерлеп оқудан шығармашылық кеш өткізілді. 

Іс-шара Алматы қаласы әкімдігі мен Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Патриоттық рух – басты құндылық» жобасы аясында өтті.

Шығармашылық кеш мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында қара өлең жарысы негізінде өткізілді. Байқауда жалпы саны жиырмаға жуық қатысушы өнер көрсетіп, бірі елімізге белгілі ақын-жазушылардың өлеңдерін мәнерлеп оқыса, енді бірі ақындық таланттарын көрсетті.

Кеш барысында желтоқсан оқиғасын көзбен суреттегендей жалынды, ел рухын көтерер, Тәуелсіз елдің өткені мен бүгінін жырлайтын, отансүйгіштік өлеңдермен өрбіді. Шығармашылық кеш барысында Желтоқсан қатысушылары Болат Құрманғажы, Сабит Раев, Мейіргүл Қазыбаева, Шолпан Нұрғалиева, Базаргүл Сəрсенова, Гүлғайша Сəрсенова Гүлғайша, Ермек Айтуаров, Ғани  Қалмақбаев, Ерік Нұрғалиев сынды азаматтар қазылық етті.

Әділқазы алқалары қатысушылардың кәсіби шеберлігі мен оқылған өлеңнің жүрекке жеткізу білу өнерімен үздіктерді бағалады.  Байқау нәтижесі бойынша Дильназ Сембек  бірінші орынды, Гүлжанат Сейілова  екінші орынды және Айсұлу Орынбасар үшінші орынды иеленді. Барлық қатысушылар алғыс хаттармен, арнайы сыйлықтармен марапатталды.

– Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың өлместігін жарқын түрде дәлелдеді.  Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз Қазақстанымыз туралы айтарымыз да мақтанарымыз да көп, – дейді Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова.

 

 

АЛМАТЫ