Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2019

Қызылжар полицейлері Тәуелсіздік күнін өнерлерімен қарсы алды

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында Петропавл қаласының Полиция басқармасында «Үздік қызметкер» конкурсы өткізілді.

Қызылжар полицейлері Тәуелсіздік күнін өнерлерімен қарсы алды

Конкурстың мақсаты -  полиция қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру және мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру, тәртіп сақшыларының бойында Отанына, еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін арттыру, тілдік ортаны қалыптастыру және тіл мәдениетіне тәрбиелеу.

Әр бөліністен қатысқан қызметкерлер конкурстың шарты бойынша өздерінің тапқырлықтарын, мемлекеттік тілде өз ойларын әсерлі және анық жеткізе білетіндіктерін, сөйлеу мәдениетін, сондай-ақ, өнерге бейімділігін көрсетті. Қатысушылар алдымен сәлемдесіп, өлең, бейнефильм арқылы өздерін таныстырды. Екінші жарыс «Интеллектуалдық сұрақтар» деп аталып, бұл кезеңде қатысушылар нормативтік құқықтық актілер, қазақтың салт-дәстүрлері, мақал-мәтелдерінен берілген сұрақтарға жауап берді. «Шабыт жұлдызы» атанған үшінші жарыста полицейлер қазақтың халық әндерін, бүгінгі таңдағы заманауи әндерді орындап, би билеп, күй тартып, қазақ тіліндегі қөркем шығармаларға театрландырылған интерпретациялар жасады.

Үш кезеңнен тұрған осы сайыста бірінші орынды Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Жеңісгүл Бейсембина алды Ал екінші және үшінші орындарды ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Әйгерім Әубәкірова мен арнайы қабылдағыштың полицейі, аға сержант Әділ Зикрин алды. «Өнерлі қызметкер» номинациясын жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Зарина Елубаева, ал «Сөзге ұста-ойға шебер» номинациясын Штаб бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Аягөз Исмағамбетова жеңіп алды. Жеңімпаздар алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қалалық ПБ бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов барлық қатысушыларды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, қызметкерлердің тілге, ата дәстүрге, ұлттық құндылықтарға деген құрметі ерекше қуантады деп атап өтті. «Бүгінгі конкурсқа қатысқан қызметкерлер білімдері мен өнерлерін ортаға салып, өздерін жаңа қырларынан танытты. Полицейлер спортпен шұғылданумен қатар, өздерінің  білімдері мен қабілеттерін осылай, жан-жақты жетілдіруі тиіс», - деді басқарма басшысы.

 

ҚЫЗЫЛЖАР